АБАЙ ОБЛЫСЫ: «ДІНІМ – ДІҢГЕГІМ, ДӘСТҮРІМ – ТІРЕГІМ» АТТЫ РУХАНИ-ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕШІ

ҚМДБ Абай облысы өкілдігінің ұйымдастырумен Семей қалалық Мәдениет сарайында «ДІНІМ – ДІҢГЕГІМ, ДӘСТҮРІМ – ТІРЕГІМ» атты рухани-қайырымдылық кеші өтті. Бұл кештің бір ерекшелігі кеш екі бөлімнен құралып, алғашқы бөлімінде хақ дініміз бен даналыққа толы дәстүріміз дәріптелсе, екінші бөлім қайырымдылық бағытына арналды.

Кеш шымылдығы Семей қалалық Дариғай театр ының Абай атамыздың қара сөздері әспеттеген қойылымымен басталып, рухани жыр-термелер және Дариғай театры мен Айша бибі ұлттық-мәдени орталығы өнерпаздарының қазақ халқының ғибратқа толы салт-дәстүрі мен мәдениетін насихаттайтын, сондай-ақ, жастарды жат діни ағымдардың арбауына түсіп қалдудан сақтандыратын, өмірдің құны мен адам жанының ардақтыдылығын баяндайтын ғибратты көріністерімен жалғасын тапты.

Сондай-ақ, Абай елінің құрметті ақсақалдарының қатысуымен Муфтият баспасынан жақында ғана шыққан «Дін мен дәстүр ІІІ» кітабының танытымы өтіп, тұсауы кесілді.

Екінші бөлімде кешке жиналған көрермен ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қоры Абай облыстық филиалының бастамасымен Абай облысы мешіттерінің 2024 жылы атқарған қайырымдылық шараларының есебін баяндайтын бейнебаянды тамашалап, жыл басынан бері атқарылған қайырымдылық істеріне қанық болды.

Сондай-ақ, Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы «Мұң-мұқтаждың көңілін тауып, керекті қайырымдылықты тиісті орынға жасау бір адамның қолынан келетін іс емес. Бұл жомарт жандардың ақ жүрегі, ерікті азаматтарымыздың кіршіксіз пейілі арқылы жүзеге асатын дүние. Осы орайда, Абай облысы мешіттерінің қандай да бір ізгі бастамаларына қолдау көрсетіп, әрқашан ізгілік жолынан табылатын жанашыр азаматтарымызға рахмет айтып, алғыс білдіреміз», – дей келе сауапты істерге демеушілік танытып жүрген бірқатар дін жанашырлары мен ерікті жандарға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан алғыс хаттар табыстады.

Кеш соңында Зекет және қайырымдылық қорының демеушілігімен қайырымдылық кешіне қолдау білдіріп келіп отырған көрермендер арасында билет номері бойынша Умра қажылығын ойнатып, қасиетті мекенге табан тигізуді аңсап жүрген бір азаматқа кіші қажылыққа жолдама сыйлады.

Сондай-ақ, осы кештен түскен барлық қаражат сахна төрінде «Үміт сыйла сәбиге» акциясы аясында ауыр дертке шалдыққан Арманұлы Омар атты сәбидің емі үшін табысталып, жас баланың ата-анасына халық болып үлкен қолдау көрсетілді.