Зекет және қайырымдылық қоры Абай облыстық филиалының бастамасымен өткен “ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАРШЫЛАРЫ” кешінде ұзақ жылдардан бері Абай елі мешіттеріне қолдау білдіріп, асыл дініміздің игілігі жолында мешіт имамдарының бастамаларына әрқашан жанашырлық көрсетіп келе жатқан бірқатар кәсіпкерлерге ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан арнаулы алғыс хаттар табысталды.
Дін жанашырларына алғысын айтқан Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы «Мұң-мұқтаждың көңілін тауып, керекті қайырымдылықты тиісті орынға жасау бір адамның қолынан келетін іс емес. Бұл жомарт жандардың ақ жүрегі, ерікті азаматтарымыздың кіршіксіз пейілі арқылы жүзеге асатын дүние. Осы орайда, Абай облысы мешіттерінің қандай да бір ізгі бастамаларына қолдау көрсетіп, әрқашан ізгілік жолынан табылатын жанашыр азаматтарымызға рахмет айтып, алғыс білдіреміз», – деп атап өтті.
Сондай-ақ, Зекет және қайырымдылық қоры Абай облыстық филиалының еріктілеріне де ерекше алғыс білдіріліп, Абай облысының бас имамы Асқар Әбітайұлының атынан алғыс хаттар берілді.
Кешке жиналған көрерменге Зекет және қайырымдылық қоры Абай облыстық филиалының бастамасымен Абай облысы мешіттерінің 2024 жылы атқарған қайырымдылық шараларының есебін баяндайтын бейнебаян көрсетілді.
Сонымен қатар, қайырымдылық кешінде «Үміт сыйла сәбиге» акциясы аясында кештен түскен қаражат түгелдей ауыр дертке шалдыққан Арманұлы Омар атты сәбидің ата-анасына табысталып, кішкентай бүлдіршінің аман-есен сауығып кетуіне ел болып дұға жасалды.
Пікір қалдыру