Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаның қайсы?» дегеніндей қазақ жастарына бағыт-бағдар көрсету – аға буынның еншісінде. Бүгінгі жастар ертең ел тізгінін ұстайды. Ұлттық құндылығымыз бен бабалар мұрасын арқалау – солардың міндеті. Тарихтың тағылымын бүгінгі біліммен сабақтастыру заманның озық ғылымын меңгерумен жүзеге асады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні. Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін. Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуге тиіс. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін», деген еді.
Сұхбатта Президент жастардың ұлттық болмысымызға жат идеялардың жетегінде кетпеуіне баса мән беру қажеттігін айрықша атап өтті. Жастар – қоғамның болашағы. Академик Ахмет Жұбанов «Жастарымыз ана тіліне жетік, білімді, мәдениетті болуы шарт» дегендей, олардың тәрбиесі ұлттың, діннің және мәдениеттің сабақтастығы үшін өте өзекті. Жастарды дұрыс тәрбиелеуде кешенді тәсілдер қолдану қажет.
Ең алдымен, отбасылық тәрбиеге назар аударған дұрыс. Отбасы – алғашқы тәрбие ошағы. Тәрбиедегі ата-ананың үлесі – үлгі бола білуі. Жастар ата-анаға қарап бой түзейді. Осылайша, олардың дүниетанымы мен көзқарасы қалыптаса бастайды. Жүсіпбек Аймауытұлының әйгілі «Тәрбие» мақаласындағы: «Балаға қайырымдылықты, қаталдықты, кішіпейілділікті, күйгелектікті, шыншылдықты, өтірікшілікті беретін кім? Ол, әрине, ата-ананың тәрбиесі. Баланың бойына басынан сіңірген мінезді қайта түзету қиын. «Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді» деген сөз ата-ана тәрбиесінің күштілігін көрсетеді…».
Екіншіден, жастардың білім мен интеллектуалдық тәрбиесіне назар аудару. «Жастардың тәрбиесі түзелмей, жұрт ісі түзелмейді» деп Алаш зиялылар айтқандай, білім жастардың басты жұмысы мен ажырамас болмысына айналуы қажет. Жас буынның білімге құштарлығын ояту мақсатында танымдық іс-шаралар ұйымдастыруды, отбасылық кітап оқу сағатын бекітуді, дебат, интеллектуалдық жарысқа қатыстыруды жүйелі түрде қолға алған дұрыс. Білім тек пайда табу көзі емес, тұлғалық дамудың басты құралы екенін санасына сіңірген жөн.
Үшіншіден, жастардың рухани және мәдени тәрбиесіне көңіл бөлу. Өскелең ұрпақтың өз мәдениетін, тілін құрметтеуі, ұлттық құндылықты дәріптеуі, қазақтың дәстүрін, тарихын білуі, Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім секілді тұлғалардың өмірі мен еңбегін білуі маңызды деп атар едік.
Төртіншіден, психологиялық тәрбие жастардың жан тыныштығы мен жеке тұлғалық дамуына, өзіне сенім артуына, пікірін ашық айтуына, қиындықты жеңуіне, эмоциясын басқаруға, шыдамдылық танытуға, өзін-өзі бағалауға әсер етеді. Жастарды тәуелсіз ойлау дағдысына баулу, өз бетінше шешім қабылдауға үйрету қиын жағдайға түскен кезде пайдасын береді. Сондықтан жастарға психологиялық қолдау көрсете білуіміз керек.
Бесінші, әлеуметтік тәрбие – қоғамда жастардың жауапкершілігі мен азаматтық белсенділігін дамытуға тікелей әсер етеді. Оларды бұл ретте қоғамдық жұмыстарға, яғни волонтерлік, қайырымдылық іс-шараларға тарту өте өзекті.
Мемлекет басшысы «Ana tili» газетіндегі сұхбатында: «Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу», деген еді.
Алтыншы, денсаулық және спорт тәрбиесі де – күн тәртібіндегі мәселе. Дені сау ұрпақ – мықты ұлттың кепілі. Жастардың физикалық және моральдық тұрғыдан шынығуы – заман талабы. Баланы футбол, күрес, жүзу сияқты спорт түрлеріне қызықтыру қажет-ақ. Дұрыс тамақтануды үйрету де баланың өмірі мен денсаулығына оң әсер етеді. Зиянды әдеттерден қорғауға, мысалы темекі, ішімдік, есірткіден сақтандыруға міндеттіміз.
Жетінші, оларға дұрыс діни тәрбие беру. Діни тәрбие жастарды рухани дамуға, имандылыққа, адамгершілікке жетелейді. Жас буын өкілдерін сабырлы болу, шүкірлік ету, адалдық таныту, әділдікті ұстану, мейірімділікті ту ету секілді көркем мінездер мен адамгершілік қасиеттерге баулу аса маңызды. Ата-анаға, ұстазға құрмет көрсету, үлкендерді сыйлау, кішіге қамқор болу сынды діни тәрбие олардың жалпы өмірінде айрықша рөл атқарады.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Жастар кеңесі қоғамдық мәселелер бойынша жас буын өкілдерінің үнін жеткізіп, белсенділік танытып келеді. Түрлі саланың білікті мамандарының басын біріктірген Жастар кеңесі тек сөз жүзінде емес, нақты қадам жасап, ізгі іс-шаралардың белортасында жүргені қуантады.
Өскелең ұрпақты ізгі істерге бағыттап, өмірлік ақыл-кеңесімен бөлісіп, жөн сілтеп отыру – өмірде көргені көп үлкендердің асыл борышы. Бұл міндетті атқаруда аға буын өкілдері, ата-аналар мен мұғалімдер барынша ыждағатты болғаны абзал. Жастардың тәуекелшіл қасиетін жақсы бағытқа бұру – даналықтың көрінісі. Сондықтан қоғам болып жастарымыздың толыққанды білім алуына, саламатты өмір салтын ұстануына, өзін жан-жақты жетілдіруге, имани тәлім-тәрбие алуына барынша жағдай жасауға тырысайық.
Төлеби ОСПАН,
Алматы қаласының бас имамы
«Egemen Qazaqstan» газеті, №30, 2025 жыл
Пікір қалдыру