Еліміздің басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025 жылды “Жұмысшы мамандықтар” жылы деп жариялаған болатын. Асыл дінімізде де адал еңбек етіп, өз нәсібін қол екі кәсібінен тапқан адамның Алла жолында жүргендей сауапқа ие болатындығы айтылған.
Осы орайда, ҚМДБ Абай облысы Зекет және қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен “Адал еңбек еткенің, Алла жолында жүргенің” деген атаумен қала тазалықшыларына арналып ақ дастархан жайылды.
Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы дастарқан басына жиылған қонақтарға жылы лебізін білдіріп, ақ тілегін арнады. Сондай-ақ, Абай облысына арнайы іс-сапармен келген ҚМДБ Зекет және қайырымдылық қорының басшысы, әрі, Республикалық ақпараттық-насихат тобының (РАНТ) мүшесі, Мақсатбек Мақсотұлы Ислам дініндегі адал еңбектің маңыздылығы туралы насихатын айтты.
Кеш қонақтарына қазақы ән мен жырдан шашу шашылып, жергілікті өнерпаздарымыз қонақтарды бір серпілтіп тастады.
Сондай-ақ, қаламыздың тазалығы үшін күндіз-түні талмай еңбек етіп жүрген жандарға айрықша құрмет көрсетіліп, 10 жұмысшыға арнаулы сыйлықтар табысталды. Оның ішінде зейнеткерлікке шығуға таяп қалған, көпбалалы, еңбең өтілі ең көп, 30 шақырым жерден жұмысқа келетін және ерлі-зайыпты жұмысшылар болды. Бұдан бөлек Зекет қайырымдылық қоры басшысының атынан көпбалалы 3 анаға 100 мың тг көлемінде ақшалай сыйлық та табысталды.
Қала тазалықшыларының жұмысына табыс, отбасыларына амандық тілейміз.
Абай облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікір қалдыру