الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد
Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Асыл дініміз Ислам мұсылмандардың өзара туыс екенін айтып, бауырмалдықта бір дене іспеттес болуды бұйырып, бір-біріне дұға етіп жүруді насихат етеді. Қасиетті Құранның «Хашыр» сүресі, 10-аятында:
رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلإخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالإيمَانِ وَلا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلا لِلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ
«Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбіңдік қалдырма. Раббымыз! Шүбәсіз Сен тым жұмсақ, ерекше мейірімдісің», – деп, дұғаның түрі баяндалған.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ: رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ
«Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: сәлем берсе қайтару, ауырса халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса бару, тушкірсе жақсылық тілеу», – деп мұсылмандардың арасында өзара орындауы міндет болған ақылардың бар екенін айтқан (имам Бұхари). Имам Мүслимнің риуаятында мұсылманның мұсылман алдындағы алты ақысы бар екендігі айтылған. Олар:
حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ سِتٌّ: إِذَا لَقِيتَهُ فَسَلِّمْ عَلَيْهِ، وإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ، وإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْهُ، وإِذَا عَطَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ فَسَمِّتْهُ، وإِذَا مَرِضَ فَعُدْهُ، وإِذَا مَاتَ فَاتْبَعْهُ
«Мұсылманның мұсылман алдында алты ақсы бар: егер кездестірсең сәлем бер, егер шақырған болса бар, егер насихат сұраса насихат айт, егер түшкіріп Аллаға мақтау айтса, оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса, халін сұрап бар, егер қайтыс болса, соңғы сапарға шығарып сал» (имам Мүслим).
Жалпы мұсылманның мұсылманға деген ақылары көп. Алайда, ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол ақылардың ішінде осы айтылған амалдарды атап кетуі – бұл амалдарды орындауға ерекше мән беруіміз керек екендігін білдіреді. Сондықтан да ғалымдарымыз жоғарыдағы хадистердегі «бес» немесе «алты» деген сандардың шектеу үшін көрсетілмегендігін айтқан.
Енді осы хадисте қамтылған мұсылмандық ақыларға жеке-жеке тоқталайық:
Қазақ халқы «Сәлем – сөздің анасы» деп, сәлем беруге үлкен мән берген. Адамдар бір-бірімен кездескен уақыттарында ең бірінші әдеп те осы сәлемдесуден басталады.
Жоғарыда айтылған екі хадиске оралсақ имам Бұхари риуаятында: «Сәлем берсе қайтару», – делінсе, ал имам Мүслимде: «Егер кездестірсең сәлем бер», – деп айтылған. Демек, мұсылманның мұсылманды көргенде сәлем беруі немесе сәлем берсе жауап беруі де мұсылмандық ақыға жатады.
Бұқар жырау бабамыз: «Сәлем – сөздің анасы, әлейк алған данасы», – деп, қазақ халқының «Әссаламуғалайкум» деп сәлемдесіп, «Уағалайкум ассалам», – деп, сәлемге жауап бергендігін айтқан.
Сәлем беру – сүннет, ал оған жауап беру – уәжіп болып табылады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 86-аятында:
وَإِذَا حُيِّيتُمْ بِتَحِيَّةٍ فَحَيُّوا بِأَحْسَنَ مِنْهَا أَوْ رُدُّوهَا
«Қашан сендерге сәлем берілсе, онда (сәлемді) одан да көркемірек не соның өзіндей етіп қайтарыңдар», – деп айтқан. Демек, Алла Тағаланың бұл аяттағы бұйрығына сай, сәлемге жауап қайтарушы адам, сәлем берушіден де артық әрі көркем түрде жауап беруі тиіс.
Ал көпшілікке сәлем берілген уақытта арасынан біреуі жауап қатқан болса, қалғандарынан міндет түседі. Әли ибн Әбу Талиб (Алла оған разы болсын): «Жамағат бір жерден өтіп бара жатқанда араларынан біреуі сәлем берсе, бәрі сәлем бергендей болады. Сондай-ақ отырған жамағаттан біреуі ғана жауап берген болса, сол жеткілікті», – деген.
Ендеше, мұсылман адам өзге мұсылманды көргенде күлімсіреп, жымиып, сәлемдесуі немесе оған бірінші сәлемдескенде одан көркем етіп жауап қатуы – мұсылмандық ақылардан ғана емес, арада сүйіспеншіліктің артуына себепші болатын маңызды һәм сауапты іс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
وَاَلَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ لا تَدْخُلُوا الْجَنَّةَ حَتَّى تُؤْمِنُوا ، وَلا تُؤْمِنُوا حَتَّى تَحَابُّوا ، أَوَلا أَدُلُّكُمْ عَلَى شَيْءٍ إذَا فَعَلْتُمُوهُ تَحَابَبْتُمْ؟ أَفْشُوا السَّلامَ بَيْنَكُمْ
«Жаным қолында болғанмен (Алламен) ант етемін! Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кіре алмайсыңдар. Ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман келтірген болып саналмайсыңдар. Сендерге бір-біріңді жақсы көруге ықпал ететін бір істі хабар етейін бе? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» – деген (имам Мүслим).
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері», – деген.
Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) келген хадисте былай дейді:
«Бірде Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәжілісте отырғанында бір кісі қасынан өтіп бара жатып «Әссаламу алайкум» дегенінде Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Он сауап», – деді. Одан кейін басқа бір кісі өтіп бара жатып «Әссаламу алайкум уа рахматуллаһ», – деп айтқан еді, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жиырма сауап», – деді. Кейін тағы бір кісі өте бере «Әссаламу алайкум уа рахматуллаһи уа баракатуһу», – деп айтқанда, Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Отыз сауап», – деді» (имам Термизи).
Әрине сәлемнің де әдебі бар. Мысалы, көліктегі адам жаяу жүргіншіге, жүріп бара жатқан адам отырғанға, аз адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге және т.б. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
يُسَلِّمُ الرَّاكِبُ عَلَى الْمَاشِي،وَالْمَاشِي عَلَى الْقَاعِدِ،وَالْقَلِيلُ عَلَى الْكَثِيرِ
«Көліктегі адам жаяу жүргіншіге, жүріп келе жатқан адам отырғанға және аз адам көпшілікке сәлем береді», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Халқымызда да «Әдепті елдің баласы, алыстан сәлем береді», – деп айтқан.
Қандай да бір мұсылман науқастанып қалса, өзге мұсылмандар оған барып, қал-жағдайын сұрау керек. Ауырып жатқан адамның қал-жағдайын сұрау оның көңілінің көтеріліп, дертінің жеңілдеуіне, сырқатын ұмытуына себепші болады. Өзін уайымдап, ойлап жүретін адамдардың бар екеніне көзі жетіп, қуаттана түседі.
Алла Тағаланың құзырында да бұл үлкен сауапты іс болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَعُودُ مُسْلِمًا غُدْوَةً إِلَّا صَلَّى عَلَيْهِ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ حَتَّى يُمْسِيَ وَإِنْ عَادَهُ عَشِيَّةً إِلَّا صَلَّى عَلَيْهِ سَبْعُونَ أَلْفَ مَلَكٍ حَتَّى يُصْبِحَ وَكَانَ لَهُ خَرِيفٌ فِي الْجَنَّةِ
«Бауырының халін таңертең сұрап барған кез келген мұсылман үшін жетпіс мың періште кешке дейін Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды. Ал егер бауырының көңілін кешке сұрап барса, онда жетпіс мың періште таң атқанша Алладан (күнәләрының кешіруін сұрап) ол үшін дұға жасайды және оған жәннатта жемістер дайындалады», – деген (имам Термизи).
Халін сұрап барғанда мұсылман адам науқас адамның қал-жағдайын сұраумен қатар, тәубе турасында еске салып, өсиеттер айтып, ол үшін кешірім тілеп, қасиетті Құранның шипа аяттарын оқып дем салып, Алла Тағаладан шипа тілеп, дұға жасағаны дұрыс.
Шариғатта науқас адамның жағдайын сұрауға арнайы уақыт белгіленбеген. Бірақ сырқаттанған адамға ыңғайлы уақытты таңдап барған жөн. Барудағы мақсат – ауру адамның көңілін аулау, оған қиындық туғызбау болғандықтан науқастың ұйықтап демалатын, дәрет алатын, ем қабылдайтын уақыттарында немесе тым ерте, тым кеш уақыттарда бармаған жөн.
Шақырған жерге бару – мұсылман адамның басқа мұсылмандарға деген ақысы. Ата-бабаларымыз да «Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деп, шақырылған жерге бару керектігін айтқан. Ғалымдарымыз шақырған жерге бару – мұстахаб, ал үйлену тойына шақырылған адамның баруы – уәжіп екенін айтқан. Оған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына хадисін дәлел ретінде келтірген:
شَرُّ الطَّعَامِ طَعَامُ الْوَلِيمَةِ يُدْعَى لَهَا الأَغْنِيَاءُ وَيُتْرَكُ الْفُقَرَاءُ, وَمَنْ تَرَكَ الدَّعْوَةَ فَقَدْ عَصَى اللَّهَ وَرَسُولَهُ صَلَّى اللَّهم عَلَيْهِ وَسَلَّمَ
«Астың ең жаманы – кедейлерді тастап, тек ауқатты адамдар шақырылған тойдағы ас. Ал кім шақырылған жерге бармайтын болса, Аллаға және оның Елшісіне қарсы келген болады» (имам Бұхари, Мүслим).
Шақырылған жерге бару төмендегі шарттарға жауап бергенде ғана міндетті болады:
- Шақырылған жерде тыйым салынған заттардың болмауы;
- Шақырудың шақырылған адамның тікелей өзіне қатысты болуы. Егер көпшілікке «барлығыңды шақырамын» деп айтылған болса, көпшілік арасынан кейбір адамдардың баруы жеткілікті болады.
Осындай арнайы шарттарға жауап берген жағдайда, бір зәру жағдай туындамаса, мұсылман адам шақырғанға жауап беріп, шамасы келгенінше ол жерге баруға тырысуы қажет.
Түшкіру – тыныс алу жолдарында тұрып қалған шаң-тозаңдар мен зиянды ұсақ заттарды қасқағым сәтте іштегі ауаны сыртқа шығару арқылы іске асатын шартсыз рефлекс. Бір мұсылман түшкірген уақытта қасында тұрған басқа мұсылман оған жақсылық тілеп, Алладан дұға етуі – мұсылманның мұсылманға деген ақысы. Яғни қандай да бір мұсылман түшкіріп «Әлхамду лиллә» (Аллаға мадақ болсын!) десе, оған дұға жасап «ярхамукалла» (Алла сені мейіріміне бөлесін!) деп айтуымыз қажет. Ал ол адам өзіне дұға етушіге: «Яһдикумуллаһу уа юслиху бәәләкум!» (Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!) деп жауап береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді:
إذَا عَطَسَ أَحَدُكُمْ فَلْيَقُلْ: الْحَمْدُ لِلَّهِ وَلْيَقُلْ لَهُ أَخُوهُ أَوْ صَاحِبُهُ: يَرْحَمُك اللَّهُ. فَإِذَا قَالَ لَهُ: يَرْحَمُك اللَّهُ فَلْيَقُلْ: يَهْدِيكُمُ اللَّهُ وَيُصْلِحُ بَالَكُمْ
«Сендерден кім түшкірсе: «Аллаға мадақ болсын!» – деп Аллаға мақтаулар айтсын, ал оның бауыры оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін!» – десін. Ал егер оған: «Алла сені мейіріміне бөлесін» деп айтса, түшкіруші оған жауап ретінде: «Алла сені туралыққа бастап, ісіңді оңдасын!» – десін», – деген (имам Бұхари, Мүслим).
Қазақ халқында да түшкіргенде «Жәрекумалла» деп жататындығы осы «Ярхамукалла» (Алла сені мейіріміне бөлесін) деген сөзден шыққан.
Ал қандай да бір мұсылман суық тиіп, аурудың себебінен түшкірсе, оған шипа тілеп, дұға ету қажет. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасында болған бір кісі түшкіргенде, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сені мейіріміне бөлесін», – деп айтады. Кейін әлгі кісі тағы да түшкіреді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бұл кісіге суық тиген», – дейді (имам Мүслим). Тағы бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
شَمِّتْ أَخَاكَ ثَلاَثًا فَمَا زَادَ فَهُوَ زُكَامٌ
«Бауырыңа үш рет (түшкірсе) дұға айт. Ал одан көп (түшкіруі) суық тигендік», – деп айтқан (имам Әбу Дәуід).
Ғалымдар хадистегі «суық тигендік» деген сөзге байланысты: «бұл сол адамға Алла Тағаладан шипа тілеу керектігін меңзейді», – деген.
«Тумақ бар жерде өлмек бар» демекші әрбір тіршілік иесінің бұл дүниедегі дәм тұзы таусылғаннан кейін жаратқан Жаратушысына қайтары ақиқат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Анкабут» сүресі, 57-аятында:
كُلُّ نَفْسٍ ذَائِقَةُ الْمَوْتِ ثُمَّ إِلَيْنَا تُرْجَعُونَ
«Әрбір жан иесі өлімнің дәмін татады, кейін бізге қайтарылады», – деп айтқан.
Қандай да бір мұсылман бұл пәни тіршіліктен бақилыққа аттанар болса, оның жаназасына қатысу – мұсылмандық ақының бірі. Өзге мұсылмандар осындай қиын-қыстау сәтте марқұмның жақындарының қайғысына ортақтасып, қолынан келгенше жәрдемдесіп, жаназа намазына қатысып, қабірге дейін жерлеуге қатысқаны жақсы. Дінімізде жаназа намазының үкімі – парыз кифая. Оған қатысудың сауабы өте үлкен.
Әбу Һұрайра риуаят еткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ شَهِدَ الْجَنَازَةَ حَتَّى يُصَلَّى عَلَيْهَا فَلَهُ قِيرَاطٌ ، وَمَنْ شَهِدَهَا حَتَّى تُدْفَنَ فَلَهُ قِيرَاطَانِ. قِيلَ: وَمَا الْقِيرَاطَانِ؟ قَالَ: مِثْلُ الْجَبَلَيْنِ الْعَظِيمَيْنِ
«Кімде-кім жаназаға қатысып (жаназа) намазын оқитын болса, оған бір қират сауап бар. Кімде-кім жерленуіне қатысса, екі қират сауап бар», – деп айтады. Адамдар: «Екі қират деген не?» – деп сұрақ қояды. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі үлкен таудай сауап», – деп жауап берген (имам Бұхари, Мүслим).
Насихат сұраған мұсылман бауырына насихат айтып, жөн көрсету – мұсылмандық ақылардың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا اسْتَنْصَحَ أَحَدُكُم أَخَاهُ، فَلْيَنْصَحْ لَهُ
«Егер біреуіңнің (мұсылман) бауыры насихат сұраса, насихат айтсын», – деген (имам Бұхари).
Әдетте насихатты кісі өзі жақын көретін, жанашыр деп танитын адамнан сұрайды. Сол себепті де насихат сұраған адамға шынайы ниетімен, жанашырлықпен насихат айтуы өте маңызды. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын) аталмыш хадиске қатысты: «Егер сенен біреу насихат, дұрыс бағыт-бағдар беруді сұраса, оған насихат етіп, турасын кесіп айт, жағымпазданба, алдама және де насихат айтуға сараң болма», – деген.
Мұсылман арасында бауырмалдық, жылы қарым-қатынастың үзілмеуі үшін насихатты белгілі бір әдептің аясында айтуымыз қажет. Өйткені кейде насихаттың дұрыс болмағандығынан емес, оның айтылу тәсілі дұрыс болмағандықтан екі адам арасында реніш туындап жатады. Сол үшін де насихатты орайына қарай жұмсақ, бауырының көңілін бағып, оған деген сүйсіпеншілігі мен сыйластығын білдіріп айтқан дұрыс. Өйткені ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихатындағы негізгі ұстанған жолы – жұмсақтық. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 159-аятында Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
فَبِمَا رَحْمَةٍ مِّنَ اللهِ لِنتَ لَهُمْ وَلَوْ كُنتَ فَظًّا غَلِيظَ الْقَلْبِ لاَنْفَضُّوا مِنْ حَوْلِكَ فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاسْتَغْفِرْ لَهُمْ وَشَاوِرْهُمْ فِي الأمْرِ
«Алланың мейірімімен сен оларға өте жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болғаныңда, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сондықтан оларды кешірім етіп, олар үшін жарылқау тіле де іс жөнінде олармен кеңес қыл», – деп айтқан.
Қадірменді жамағат!
Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:
وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا
«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Кезінде бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан.
Мұсылмандар арасында осы туыстық, бауырмалдық қатынасты сақтауда мұсылмандық ақыларды орындаудың мәнісі үлкен. Ибн әл-Араби әл-Мәлики (Алла оны рақымына алсын): «Ислам мұсылман адамдарды бір дәрежеге қойғанындай бұл ақыларды өтеуде сен де сол теңдікті сақта. Мынау басшы, мынау бай, мынау кедей, мынау пақыр деп бөлуші болма! Аз нәрсе болса да оны кішімсіме. Бүкіл исламды бір адамдай бағала! Бүкіл мұсылмандарды бір адамның денесіндей көр! Себебі мұсылмансыз ислам болмайды. Ол толық адам болуы үшін бүкіл дене мүшелері мен барлық ішкі және сыртқы күш-қуаты бірдей болуы керек», – деген екен.
Кейбір даналар: «Кімде-кім Алла үшін мұсылман бауырының алдында ақысын өтесе, Алла оған екі рет сауап жазады: өзіне түскен ақысын өтегені үшін және Алланың жаратылысына сол арқылы тигізген пайдасы үшін», – деп өсиет айтқан.
Алла Тағала сыйластығымыз бен бірлігімізді арттырып, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Пікір қалдыру