Отбасы – алтын бесік, адам баласының өсіп – өніп өмірге ұрпақ әкеліп, жаны жай табатын қасиет мекені. Сонымен бірге ол – ер мен әйелдің өзара сүйіспеншілігіне, құрметіне, жауапкершілігіне негізделген одақ. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Олардың арасынан сендерге тыныштық табуларың үшін жұбайлар жаратқан және араларыңа сүйіспеншілік пен мейірім салған Алланың белгілерінің бірі. Расында, осында ойланатын қауым үшін белгілер бар», – деп баян етілген. (Рум сүресі, 21-аят).
Дініміз Ислам ақ некені сақтауға ерекше мән береді. Дегенмен, кейбір жағдайларда ерлі-зайыптылар арасында әртүрлі жағдайлар орын алып, бірге тұруды жалғастыра алмай, ажырасу қажеттілігі туындайды. Бірақ бұл – ең соңғы амал болуы тиіс.
- Ажырасудың Исламдағы орны
Ажырасу (талақ) – Исламда рұқсат етілген, бірақ ең сүйкімсіз амалдардың бірі. Бұл туралы Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағалаға адал нәрселердің ішіндегі ең жеккөрушісі – талақ» – деп ескерткен. (Әбу Дәуіт, 2178) Бұл хадис ажырасудың түбегейлі тыйым салынбағанымен, оны қолдануда өте мұқият болу қажеттігін білдіреді.
Исламда отбасы мүшелерінің өзара татулығы мен бақытын сақтауға баса назар аударылады. Егер ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік туындаса, оны шешудің барлық жолдарын қарастыру керек. Алла Тағала Құранда «Егер ерлі-зайыптылардың арасының бұзылуынан қауіптенсеңдер, онда біреуінің отбасынан және екіншісінің отбасынан бір-бір әділ төреші тағайындаңдар. Егер олар түзетуге ниеттенсе, Алла оларды жарастырады», – дейді. (Ниса сүресі, 35-аят). Бұл аят ерлі-зайыптылар арасындағы мәселелерді шешуде отбасы мүшелері мен әділ төрешілердің көмегіне жүгінудің маңыздылығын көрсетеді.
- Ажырасуға апаратын себептер
Исламда ерлі-зайыптылардың ажырасуына бірнеше себептер болуы мүмкін:
а) Дінге қайшы өмір салты. Ерлі-зайыптылардың бірі Ислам қағидаттарын елемей, екіншісін де теріс жолға итермелесе, бұл отбасының негізін шайқалтады.
ә) Қатыгездік пен зұлымдық. Физикалық немесе психологиялық зорлық-зомбылық болған жағдайда, Ислам ажырасуға рұқсат береді.
б) Міндеттерді орындамау. Ер адамның әйеліне, әйелдің еріне деген жауапкершілігін орындамауы отбасылық өмірге кері әсер етеді.
в) Зина мен адалдықтың бұзылуы. Зинақорлық – некенің қасиеттілігін бұзатын ауыр күнәлардың бірі. Егер бір тарап екіншісіне опасыздық жасаса және тәубеге келмесе, ажырасу заңды шешім болуы мүмкін. Алайда бұл себептерге қарамастан, Исламда ажырасу бірінші шешім ретінде емес, соңғы амал ретінде қарастырылады.
- Ажырасуға дейінгі шешімдер
Ислам отбасын сақтаудың бірнеше жолын ұсынады:
- Кешірімділік пен сабырлылық. Ерлі-зайыптылардың арасында келіспеушіліктер болған кезде, алдымен сабыр сақтап, кешірімді болу керек.
- Жеке сөйлесу. Ерлі-зайыптылар мәселені сыртқа шығармай, алдымен өзара шешуге тырысуы қажет.
- Отбасы мүшелерінің көмегі. Егер мәселе ушыға берсе, екі жақтың да сенімді адамдары араласып, жағдайды реттеуге көмектесе алады.
- Дін мен дұғаға жүгіну. Аллаға жалбарынып, отбасылық өмірді түзету үшін дұға ету – Исламдағы маңызды қағида.
Егер осы амалдардың барлығы нәтиже бермесе және бірге өмір сүру мүмкін болмаса, ажырасуға рұқсат етіледі. Бірақ бұл кезде де Ислам тәртібі сақталуы керек.
- Ажырасудың Исламдағы рәсімі
Ажырасу белгілі бір ережелер бойынша жүзеге асырылады:
а) Талақтың үш кезеңі. Ер адам бірден үш талақ айтпауы керек. Әр талақтың арасында белгілі бір уақыт күтіліп, келісімге келуге мүмкіндік беріледі.
ә) Идда мерзімі. Ажырасқаннан кейін әйел үш етеккір мерзімі бойы (немесе жүкті болса, босанғанға дейін) күтуі керек. Бұл уақыт ішінде күйеуімен қайта қосылуға мүмкіндік бар.
б) Қаржылық қамтамасыз ету. Ер адам ажырасқан әйеліне белгілі бір материалдық қолдау көрсетуге міндетті.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде «Ажырасқан әйелдерді өз мүмкіндіктеріне қарай лайықты түрде қамтамасыз етіңдер. Бұл тақуалар үшін міндет», – деген. (Бақара сүресі, 241-аят).
Бұдан шығатын қорытынды: Ислам ажырасуды мүлде жоққа шығармайды, бірақ оны тек ең соңғы шара ретінде қарастырады. Ерлі-зайыптылардың әрқайсысы отбасылық өмірде жауапкершілікті сезініп, қиындықтарды шешуде сабырлы, мейірімді және кешірімді болуы керек.
Алла Тағала баршамызға бақытты, тұрақты отбасылық өмір нәсіп етсін!
«Раббымыз! Бізге жұбайларымыздан және ұрпақтарымыздан көзайым болатын ұрпақтар нәсіп ет және бізді тақуаларға жетекші ет!» – деп дұғада болайық. (Фурқан сүресі, 74-аят).
Нұржан Медеуханұлы
Аягөз ауданының бас имамы
Пікір қалдыру