ОРАЗАҒА ТҮНДЕ НИЕТ ЕТПЕЙ НЕМЕСЕ ҮШ КҮН КЕШІГІП ҰСТАСА, КӘФФАРАТЫН ӨТЕЙ МЕ?

Рамазан айында екенін біле тұра, оразаға ниет етпей таңды атырып бесінге бір сағат қалғанша ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды.

Шейх Шәмсу әл-Әиммә әл-Хәлуани имам Абу Жағфардан осы риуаятты жеткізген. Әл-Һидаяда: «Рамазанның барлық күнінде оразаға ниет етпесе, оразасы дұрыс болмайды» делінген[1].

Егер осыдан кейін әдейі тамақ жеп қойса немесе төсек қатынасына түссе, кәффарат міндеттелмейді. Өйткені оразаның дұрыс болуы үшін ниет болуы шарт. Ниетсіз құлшылығы дұрыс болмайды. Сол үшін ниет етпей күннің қалған уақытында ішіп-жеуден тыйылса, ораза ұстаған болмайды. Ол күннің қазасын өтеп, кәффаратын орындамайды. Себебі кәффарат, оразаны әдейі бұзғанға міндеттеледі. Бұл жерде оразаның өзі дұрыс болмай тұр[2].

Сондықтан оразаға түннен бастап бесінге бір сағат қалғанға дейін ниет етпесе немесе ешбір себепсіз бір-екі күн кешіктіріп ұстағандар тәубе етіп, Алладан жарылқау тілейді де, сол күндердің қазасын ғана өтейді. Оразасы дұрыс болмағандықтан кәффарат міндеттелмейді.

 

«Рамазан оразасына қатысты пәтуалар» кітабынан