Мейірім мен рақым – жалпы жаратылыстың түп негізі. Мейірім жоқ жерде өмірдің мәні жоқ. Ғаламдағы барлық тіршілік атаулы терең мейірім, рақым негізінде өсіп-өнеді. Бұл – Алла Тағаланың шексіз рақымының нәтижесі. Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 156-аятында: «Менің рақымым барлық нәрсені тегіс қамтиды», – деп, рақымының баршаға тән екенін баяндайды. Тағы бір аятта бұл жайлы: «Егер сендерге Алланың кеңшілігі мен рақымы болмаса (жағдайыңыз қалай болар еді), асылында Алла өте жұмсақ, аса рақымды» («Нұр» сүресі, 20-аят) деп ашық ұғындырады. Шын мәнінде Алланың шексіз рақымы болмаса жер бетінде тіршілік атаулы болмас еді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағаланың рақымы жайында бір хадисінде: «Алла жаратылысты жаратпас бұрын рақымдылықты өзіне жазды және «Расында менің рақымым азабымнан жоғары», – деген. Мейірімділік – адамның болмысына о бастан дарытылған, барлық моральдық-этикалық құндылықтарды қамтитын, жүректі қаттылық пен қатыгездіктен сақтап, жанға жылулық сыйлайтын ең маңызды қасиеттің бірі. Рақым мен мейірім – нағыз адам екенімізді ұқтыратын ең жоғарғы сезімдер.
Ауа мен су адам баласына қаншалықты қажет десек, рақым мен мейірім қоғам үшін соншалықты маңызды. Сәби дүние есігін ашқан соң айналасындағы адамдар тарапынан мейірімділікті көргісі келеді. Сүйіспеншілікке деген қажеттілік ішіп-жеу секілді биологиялық қажеттіліктерінен алда тұрады. Кез келген адам табиғатынан өзгелер тарапынан мейірімді қалайтын әрі өзі де өзгелерді жақсы көретін қасиетке ие.
Адам баласы жақсы көру мен мейірімді ең алғаш отбасынан үйренеді. Адамның негізгі қабілеттері отбасында қалыптасатындықтан, оның орнын өмірдің кейінгі кезеңдерінде толтыру аса қиын. Құндылықтарды баланың бойына сіңіруде ата-ананың сөздері мен іс-әрекеттерінің маңызы ерекше. Ана жатырынан бастап мейірім көріп өскен бала айналасына да сол көзбен қарайды. Мейіріммен өскен балалар да айналасына мейіріммен қарайды. Өз кезегінде бұл ізгі қоғамның құрылуына жол ашады. Ал мейірім мен сүйіспеншіліктен мақұрым өскендер айналасына қатыгездіктің уытын шашады. Ондай қоғамның болашағы бұлыңғыр. Сондықтан оны отбасынан бастап, мемлекеттік дәрежеде қолға алу қажет.
Адамзат үшін мейірім ең құнды қазына десек, оның ең қажетті жері – отбасы. Мейірім мен сүйіспеншілікке бірінші кезекте отбасындағылар лайық. Осы тұрғыдан алғанда адамзаттың ардақтысы, пайғамбарлар падишасы әз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірі өнегеге толы. Құранда Хақ Тағала мұны «Оның бойында сендер үшін көркем өнегелер бар» деп баяндаған. Алла елшісінің отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы мұсылмандар үшін өшпес өнеге.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үнемі үмбетін мейірім мен рақымға шақырып, бір хадисінде: «Жердегілерге рақымды болыңдар. Сонда көктегілер де сендерге рақымды болады» дейді. Алла елшісі бұл хадисінде «адамдар», «мұсылмандар», «салиқалылар» деп бөлмеген. Жер бетіндегілерге мейірімді болуы шексіз рақым иесінің разылығына бөлейді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла адамдарға мейірім танытпағандарға мейірімді болмайды», – деген. Мейірімділік адамгершілік қасиет болумен қатар иманның да қажеттілігі екенін Ибн Аббас арқылы жеткен мына бір хадистен байқауға болады: «Мейірімді, жүрегі жұмсақ болмайынша иман еткен болып саналмайсың». Тағы бір хадисте: «Мейірім бақытсыздың (иманнан нәсіпсіз) ғана жүрегінен алынып тасталған», – делінген. Бұл хадис бірінші хадистің мағынасын аша түседі.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ерекше қасиетінің бірі – өзінің істемеген нәрсесін айтпайтын, айтса оны міндетті түрде орындайтын. Сондықтан оның айтқандары елдің көкейіне қонып, сенім ұялататын. Оның өмірі тұтастай мейірімге толы. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бүкіл әлемді мейірім құшағына бөлей келгені, рақым етіп жіберілгені Құранның мына аятында: «Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп қана жібердік», – деп айтылса («Әнбия» сүресі, 106-аят), Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұны бүкіл ғұмырымен адамзатқа үлгі боларлық түрде жүзеге асыра білді. Ол адамдарға деген мейірімділік пен жанашырлық дәнін екті.
Бақытты отбасының берік іргесі мейірім мен сүйіспеншілік, өзара сыйластық пен түсіністік негізінде қаланады. Мейірімділік үстемдік еткен жерде қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа орын жоқ. Отбасындағы ерлі-зайыптылар арасындағы жақсы қарым-қатынас – берекенің бастауы. Жаратқан Иеміз: «Сондай-ақ, Оның (құдіретінің шексіздігін көрсететін) айқын дәлелінің бірі – оларға бауыр басып, жандарың жай тапсын деп, сендер үшін өз болмыстарыңнан жұбайлар жаратып, араларыңа сүйіспеншілік һәм мейірім сезімін ұялатқаны. Міне, осының өзінде ақылға салып ойланатын қауым үшін анық дәлел мен талай ғибрат бар», – деу арқылы («Рум» сүресі, 21-аят) отбасын адам жаны жай табатын киелі мекен ретінде сипаттаған.
Әйелдерді адам санатына қоспаған әлемде мейірім Пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Иман тұрғысынан мүминдердің ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғандар. Ең жақсыларың – әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандарың. Бұл дүние (мен оның ішіндегі нығметтің бәрі) уақытша берілген. Мұндағы нығмет атаулының ең абзалы – салиқалы әйел. Мұсылман адам әйеліне жек көріп қарамасын. Оның бір мінезі ұнамаса, ұнайтын басқа қасиеттері міндетті түрде болады», – деп ескерткен.
Исламның нұрлы шуағы келуімен «Жәннат – аналардың аяғының астында» деген марапатына ие болып, өзінің лайықты болмысына қайта оралған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің араларыңдағы ең жақсыларың – отбасына жақсы қарағандарың, ал мен отбасыма ең жақсы қараушымын», – деген. Алла елшісі әйелдерімен қарым-қатынасында әрдайым сыпайылық танытатын, жұбайларына жұмсақтықпен қарым-қатынас жасайтын. Үй шаруаларына көмектесетін. Ол шаңырақта кейде бір ай бойы қазан көтерілмейтін. Жұбайының бәрі сән-салтанат ішінде күй кешпесе де, жарлары Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адалдығы мен мейіріміне бөленді. Алла Тағала оларға осы дүниенің сән-салтанаты мен Алла елшісінің бірін таңдау құқығын бергенде барлығы Пайғамбарымызмен бірге болуды таңдады.
Қоштасу қажылығында Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйелдеріңе жақсы қараңдар, өйткені сендер шын мәнінде оларға жауаптысыңдар», – деп ерекше өсиет еткен еді. «Мұсылман – тілімен де, қолымен де өзгеге зиян тигізбейтін адам», – деген Пайғамбар өлшемі отбасына аса қажет.
Исламда ата-анаға деген құрметтің орны ерекше екені көпшілікке мәлім. Ата-ана ақысын Хақ Тағала өзінің ақысынан кейінгі екінші кезекке қойып, оны нақты көрсеткен. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш нәрсе кімнің бойында болса, Алла оны қорғауына, қамқорлығына алып, оны жәннатқа кіргізеді: әлсіздерге жұмсақтық, әке-шешеге мейірім, құлдарға жомарттық (жақсылық, сый)», – деген.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) балаларға деген сүйіспеншілігі елден ерекше еді. Ол балаларды жақсы көріп, сүюге шақырумен қатар олардың маңдайынан иіскеп-сүймеуді тасжүректік пен мейірімсіздіктің белгісі әрі Алланың рақымынан мақұрым қалудың себебі екенін білдірген.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұлы Ибраһим қайтыс болғанда қатты қайғырды. Небір қиындыққа төтеп берген Рақым пайғамбары оны құшағына алып, терең сүйіспеншілікпен бауырына басты, қос жанарынан ыстық жас тамды. Жылағанын көріп таңғалғандарға ол: «Көңіл қайғырады, көз жылайды, бірақ Алланың қаламаған нәрсесін айтпаймыз», – деген еді. Иә, бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген Алланың сүйікті елшісі адамдардың ең мейірімдісі еді. Ол кейде жылаған бала көрсе, жанына барып бірге жылайтын. Зарлаған ананың қасіретін жан жүрегімен сезінетін. Әбу Һурайраның риуаят еткен хадисінде: «Мен намазға тұрып, оны ұзақ уақыт оқығым келеді. Сосын бір баланың жылаған дауысын естимін. Анасының ол үшін жаны сыздайтынын біліп, намазды тез оқып бітіремін», – деген сөзінен мейірім-шапағатының биік дәрежеде екенін анық көреміз.
Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) немерелері Хасан мен Хұсейінді (оларға Алла разы болсын) құшақтағанын көргенде Ақра ибн Хабис: «Ойпырмай, менің он балам бар, әлі осы уақытқа дейін ешқайсысының маңдайынан иіскеп, басынан сипаған емеспін», – деді. Сонда Алла елшісі оған: «Алла жүрегіңдегі мейірім сезімін алса, саған не істей аламын?» – деген.
Алла елшісі әдеттегідей өзі ат болып Хасан мен Хұсейінді (оларға Алла разы болсын) арқасына мінгізіп, ойнатып жүргенде ішке кірген хазіреті Омар (оған Алла разы болсын) мына көрініске таң-тамаша болып, Пайғамбарымыздың немерелеріне: «Қандай тамаша сәйгүліктерің бар?» –дейді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кідірместен: «Бұл сәйгүліктің қандай тамаша шабандоздары бар», – деп үстіндегі немерелерін меңзеп, оларға деген құрметін көрсеткен. Пайғамбарымыз: «Кімнің баласы болса, онымен балаша қарым-қатынас жасасын», – деу арқылы кісіліктің кішілікке ұласуын өсиет етті.
Жылдар бойы Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қызмет еткен Әнәс ибн Мәлік (оған Алла разы болсын): «Отбасы мүшелері Алла елшісінен жұмсақ, мейірімді адамды көрмедім», – деген екен. Ислам құндылықтары күллі адамзаттың күрмеуі қиын мәселелерін шешіп, бақыты етуге қауқарлы әрі толықтай жеткілікті. Сондықтан отбамның іргесі берік болсын десеңіз, оны иман нұрымен толтыру аса маңызды.
Алау ӘДІЛБАЕВ
«Мұнара» газеті, №23, 2024 жыл
Пікір қалдыру