РАМАЗАН АЙЫНА ОРАЙ ТӨРАЛҚА МӘЖІЛІСІ ӨТТІ (ФОТО)

Бүгін елордада Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен қасиетті Рамазан айына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төралқа мәжілісі өтті.

«Алдағы күндері күллі мұсылман үмбеті асыға күтетін айлардың сұлтаны – Рамазанға қадам басамыз. Бұл ай – береке мен мейірімнің, сабыр мен сауаптың кезеңі. Сондықтан, дайындық жұмыстарына аса жауапкершілікпен қарауымыз керек. Біз мешіттерімізде жамағаттың құлшылықтарын ыңғайлы әрі жүйелі ұйымдастыру, ауызашарлар өткізу, қайырымдылық шараларын жандандыру, тарауық намазын дұрыс жүйелеу секілді мәселелерді талқылап, тиісті шараларды пысықтауымыз керек. Сондай-ақ, халыққа діни ақпаратты кеңінен тарату, оразаға қатысты сұрақтарға жауап беру, пәтуаларды дер кезінде ұсыну – біздің басты міндетіміз» деді Бас мүфти.

Жиналыс барысында бөлім меңгерушілері өздерінің жұмыс бағыттары бойынша Рамазан айында атқарылатын іс-шаралар жоспарын бөлісті. Жиын соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ қызметкерлері мен облыс бас имамдарына нақты тапсырмалар берді.