АБАЙ ОБЛЫСЫ: ЖАСТАР ІСІ СЕКТОРЫНЫҢ ЖЫЛДЫҚ ЖОСПАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Абай облысы бойынша Жастар ісі секторына жауапты мамандардың алқалы жиыны болып өтті. Басқосудың негізгі мақсаты – жастардың діни және рухани дамуына ықпал ету, ұлттық және отбасылық құндылықтарды насихаттау, жас буынның саналы әрі сауатты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау. Жиынға қашықтағы мамандар онлайн форматта қатысты.

Кездесу барысында Абай облысы бойынша Жастар ісі секторының жетекшісі Нугуман Ералы «Ислам және отбасы құндылығы» жылының аясында іске асырылатын кешенді шараларды таныстырды. Сонымен қатар, жастар арасында имандылықты, отансүйгіштік рухты, дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге бағытталған арнайы жобалардың жүзеге асу барысы нақтыланды.

Жастар ісі секторының жетекшісі алдағы уақытта ұйымдастырылатын іс-шаралар мен жобалардың жүйелі әрі нәтижелі болуына басымдық беру қажеттігін атап өтті. Әсіресе, мешіт жастарының діни білімін арттыру, әлеуметтік жауапкершілікке баулу және қоғамға пайдалы азамат ретінде тәрбиелеу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылатыны айтылды.

Кездесу соңында қатысушылар ортақ ұсыныстарын білдіріп, жастарға қатысты бастамаларды жетілдіру жолдарын қарастырды. Жиын нәтижесінде нақты іс-қимыл жоспары бекітіліп, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жобалар пысықталды.