“УАҚЫП- ҮЗІЛМЕЙТІН САДАҚА” СЕМИНАРЫ ӨТТІ (ФОТО)

Дінімізде қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. Уақып сөзі тілдік тұрғыда «ұстау, тоқтату, кедергі болу» деген мағыналарды білдіреді. Ал уақыптың шариғаттағы мағынасы белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалану деген сөз.

Уақып – ол зекет емес. Оның зекеттен айырмашылығы зекет – парыз, ал уақып – парыз емес, сүннет. Зекетте нисап мөлшері бар. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ. Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып ете алады. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек болады. Ал, уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, көбейгенін садақаға беруге болады.

Уақыптың түрлері

Уақып жақсылық жолындағы уақып, бір әулетке тиесілі уақып, бір әулетке жартылай тиесілі уақып болып бөлінеді.

  1. Жақсылық жолындағы уақып (діни уақып)

Басынан бастап Аллаға құлшылық ниетімен құрылған (мешіт, медресе және т.б) және осы уақыптан барлық адамдар, барлық кедейлер пайдалана алады деген тілекпен құрылған уақып жақсылық жолындағы уақып болып есептеледі. Осы уақыпты құрған адам ешқандай кісіден пайда күтпейді. Оның бұл жасаған ізгі амалы Алла үшін және адамзаттың пайдасы үшін болып табылады. Ол уақыптан жеке басы үшін бір пайда ала алмайды. Ал уақыптың жұмысын жүргізу үшін тағайындалған адамдар уақып арқылы түрлі қызметтер жасап түскен пайданы тиісті жерлерге таратады.

  1. Бір әулетке тиесілі уақыптар (Бір ұрпаққа тиесілі немесе бір адамның атындағы уақып)

Уақыптың осы түрін жолға қойғандар уақыптан өзіне, бала шағасына, отбасына пайда ала алады. Ал олардың қайтыс болуы арқылы уақып олардың меншіктерінен шығып пайдасы жұртқа ортақ болып қалады. Бұл уақып түрі діни болуымен қатар бір адамның өз ұрпағының қажеттілігі үшін бір мүлік тағайындауы  болып есептеледі.

  1. Бір әулетке жартылай тиесілі болған уақыптар

Бұндай уақыптың құрылым жүйесінде діни (жақсылық жолындағы) уақыптар мен бір әулетке тиесілі уақыптардың шарттары да болады. Яғни, бұндай уақыптан түскен пайдаға жалпы жұрт пен белгілі бір әулет ортақ болып табылады.

Уақып – Пайғамбарымыздың ﷺ cүннеті. Әсіресе жетпіс жыл діннен қол үзген біздің қоғам үшін- ұмытылған сүннеті. Ал, пайғамбарымыз ﷺ: «Кімде-кім үмметімнің бұзылған заманында менің сүннетімді ұстанса, онда оған жүз шәйіттің сауабы бар» – деп хадисінде айтқандай, әрине бұл тірілтуге зәру болған сүннет екені белгілі нәрсе.

Уақыптың мақсаттарына келсек, ислам уақыбы өзінің негізгі қызметтерін белгілеп алды, олар:

–       Білім беру, мәдениет, ғылыми зерттеу салаларына ислам уақыптары білім беру орындары ғибадатханалардан бөліне бастаған кезеңдерден бастап-ақ көңіл бөле бастады. Сицилия аралы ислам халифатының құрамында болғанда, онда бастауыш мектептердің саны үш жүзге жуық болатын, солардың барлығы да уақып арқылы жұмыс жасайтын.

Қосмұнаралы мешітінің Бас имамы, Абай облысы бойынша Уақып қорының жетекшісі Біржан Аманжолұлы семинарда имамдарға алдағы жоспарларға жеке-жеке тоқталып, жыл бойы атқарылатын жұмыстармен таныстырып шықты.