АБАЙ ОБЛЫСЫ: БАС ИМАМ АҚСУАТ АУДАНДЫҚ МЕШІТІНДЕ НАСИХАТ АЙТТЫ

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Ақсуат ауданына сапары барысында аудандық орталық мешітте Тарауық намазына жиналған жамағатқа “Исламдағы отбасы құндылығы” тақырыбында уағыз-насихат айтты.

Бас имам “Дініміз Исламда отбасылық құндылықтарға ерекше мән беріліп, ерлі-зайыпты адамдардың өзара міндеттері жөнінде толыққанды баяндалған. Адамзаттың ардақтысы Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) отбасылық өмірінде жұбайларына мейіріммен қарайтын адал жар, балаларына көркем тәрбие беретін өнегелі әке болуы арқылы біздерге үлкен үлгі бола білді. Дін мен дәстүрін қадір тұтқан дана халқымыз «Отан – отбасынан басталады» деп, отбасының қоғамдағы орнын ерекше бағалаған. Өйткені кез келген қоғамда адами жақсы қасиеттердің кеңінен тарауы үшін әр отбасының береке мен бірлікте өмір сүруінің маңызы зор”, – деп атап өтті.