АБАЙ ОБЛЫСЫ МЕШІТТЕРІ ОРАЗА АЙТ МЕРЕКЕСІН ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА АТАП ӨТТІ

 Айт – шүкіршілік мерекесі. Абай облысы бойынша барлық мешіттерде Ораза айт мерекесі ерекше, ұлттық нақышта аталып өтті. Жамағаттарға уағыз айтылып, еліміздің амандығы үшін дұға жасалды. Ислам шарттарына сәйкес, айттың бірінші күнінде облысымыздағы барлық мешіттерде айт намазы оқылды. Отыз күн ораза ұстап, ауыз бекіткен қауым айт намазына қатысу үшін таңмен таласа мешіттерге жиналды. Абай Құнанбайұлы атындағы мешітке келушілердің қарасы да көп болды. Абай облысы бойынша бас имам Асқар Әбітайұлы айлардың сұлтаны – Рамазан айында ораза ұстаған жамағатқа ризашылығын білдіріп, жиналғандарды қасиетті ораза айт меркесімен құттықтады.

Сонымен қатар, айт намазына келген жамағаттар үшін наурыз көже таратылып, ұлттық ойындардан жарыс өткізілді. Жеңімпаздарымызға диплом мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Ораза айт – ауыз бекіту аяқталғаннан кейінгі, осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке. Мешітке жиналған қауым ай бойы жасаған ғибадаттарымыз бен тілектеріміз қабыл болсын деген тілек айтысты.Ораза айт ауыз бекітіп, құлшылық жасағандар үшін ғана емес, барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мерекенің бірі. Алыс-жақын ағайын береке-бірлікті нығайтып, бір-біріне ізгі ниеттерін жеткізді. Айт дәстүр бойынша 3 күнге жалғасады. Халықты бірлікке, ынтымақ пен татулыққа шақыратын Ораза айт баршамызға мүбәрәк болсын!