Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен еліміз бойынша «Рамазан сыйы» қайырымдылық марафоны басталды. Игі шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы қатысты.
Мешіттер – рухани орталық, әрі, қайырымдылық мекені болғандықтан, мұсылман қауымы жаны қиналғанда Алла үйінен рухани пана іздесе, бір мұқтаждығы туындағанда құлшылық ордаларынан көмек те сұрап келіп жатады. Осындай сәттерде мешіт имамдары жаны жабыққан жандардың көңіліне медеу беріп, білген ақыл-кеңестерімен бөлісіп, қиналғанға қолынан келгенше қол ұшын созуға тырысады.
Осыған байланысты біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына орай қасиетті Рамазан айынан бастап еліміз бойынша «35 мың азық-түлік себетін тарату» акциясы қолға алынды.
Діни басқарманың 35 жылдығына және Рамазан айының құрметіне орай ұйымдастырылған қайырымдылық марафонында Абай облысы бойынша 1000 отбасыға азық-түлік себетін тарату жоспарланды. Қаламыздың орталық мешітінің атынан 100 отбасыға, жалпы облыс бойынша 300 отбасыға Рамазан сыйы таратылды. Алдағы уақытта марафонымыз бүкіл қала, аудан, ауылдық мешіттерде жалғасын табады.
Игі жоба жыл бойы жалғасады. Қайырымдылық акция аясында мұқтаж жандарға тиісті әлеуметтік көмек көрсетіледі.
Пікір қалдыру