АБАЙ ОБЛЫСЫ: ОРТАЛЫҚ МЕШІТ ҚАДІР ТҮНІНІҢ БЕРЕКЕСІНЕ БӨЛЕНДІ

Мың айдан да қайырлы Қадір түнін мұсылман баласы асыға күтіп, ерекше етіп өткізуге тырысатындығы анық. Бұл түнде намаз оқу, Құран оқу, дұға тілеу, қайырымдылық жасау және т.б. сынды ізгі амалдарды молынан атқарып қалуға тырысады.

Еліміздің мұсылмандары Қадір түнін мешіттерде өткізуге әдетке айналдырғаны белгілі. Өз кезегінде мешіт қызметкерлері жамағаттың уақытын барынша тиімді пайдалануларына мүмкіндік туғызуды көздейді.

Осы орайда, Абай облыстық Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіт имамдары мен ұстаздары да мешіттің іші-сыртына тола жиналған жамағаттың Қадір түнінің берекесіне молынан кенелуі үшін Қадір түніне арналған бағдарлама бекітіп, сол бағдарлама негізінде бірқатар игі істер атқарды.

Ең алдымен, Құптан намазынан кейін Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Ерлан Омаров жамағатқа “Мешіт-имандылық ұясы” тақырыбында  насихат айтты. Жамағат болып Құптан, Тарауых намаздарын оқып, еліміздің, жеріміздің амандығын сұрап, Аллаға жалбарынып дұға тіледі.

Артынша Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы Ерлан Омаров жастарға Ілім алудың артықшылығы мен абзалдығы туралы насихат айтып, артынша мешітімізде Рамазан айында жүргізілген «Бір айда Құранға түс» курсында тәлім алып, Құран әліппесі мен тәжуид ережелерін үйренген 18 шәкіртке мешітіміздің қос ұстазы Ералы ұстаз бен Қуаныш ұстаз шәкірттеріне арнаулы сертификаттар табыстады.

Сондай-ақ, жамағаттың білімін арттыру мақсатында викториналық сұрақ-жауап ұйымдастырылып, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.

Абай Құнанбайұлы мешітінің наиб имамы- Қуаныш Файзоллаұлы күнделікті мешітте оқылып келе жатқан Құран-хатымды жалғастырып, 27-параны оқыды.

Абай облысы Бас имамы- Асқар Әбітайұлы жиналған жамағатқа “Қадір түнінің қасиеті” тақырыбында уағыз айтып, Қадір түні орындалатын ізгі амалдар жайлы насихат жолдады.

Қадір түнінің соңына қарай жамағат тәһәжуд намазын оқып, құлшылықпен басталған қасиетті түн құлшылықпен аяқталды. Қадір түнінің қасиетін барынша пайдаланып қалуға тырысқан жамағаттың қарасы таң намазында да азаймай, таң намазын жамағат болып оқыған соң барып, үйлеріне тарқасты.

Алла Тағала барша мұсылман жұртшылығының Қадір түнінде қылған құлшылықтарын, тілеген дұға-тілектерін, істеген ізгі амалдарын қабыл етсін деп тілейміз.