Қазақастан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйырығымен Ақсуат аудандық орталық мешітінің бас имамы болып Қанат Мұратбекұлы тағайындалды. Бұған дейін Ақсуат аудандық орталық мешітінің бас имамы қызметін атқарып келген Айдын қажы Құсманұлы аталмыш мешіттің наиб имамы қызметіне бекітілді.
Ақсуат ауданына арнайы іс-сапармен келген Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы Ақсуат аудандық Ұранхай қажы мешітіне Тарауық намазға жиналған жамағаттың алдында Бас мүфтидің бұйрығын оқып беріп, жаңадан тағайындалған имам Қанат Мұратбекұлын таныстырды. Сондай-ақ, Айдын Құсманұлына Бас имам Алғыс хат табыстап, жамағат иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Айта кетейік, Қанат Мұратбекұлы Нұр-Мүбәрак Ислам университетінің түлегі, әрі, Дінтану мамандығы бойынша магистрлік дәрежені иеленген. Осы уақытқа дейін Семей қаласы Дін істері басқармасына қарасты мекемелерде теолог қызметімен қатар, Семей қаласы Шәкәрім қажы мешітінде наиб имамдық қызмет атқарған.
Асқар қажы Әбітайұлы “Сізге саналы ғұмырыңызды дін жолына арнап, Ақсуат өңірінің руханиятына қызмет етіп, халыққа адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы ерен еңбегіңіз үшін айрықша алғысымды білдіремін! Сіздің хақ дінге сіңірген еңбегіңіз аса зор. Сіз тәрбиелеген шәкірттер бүгінде білікті маман атанып, еліміздің әр өңірінде Алла жолында жемісті қызмет етуде! Алладан сізге берекелі ғұмыр сұрай отырып, алдағы қызметіңізді де абыроймен атқаруыңызды тілеймін!” – дей келе Айдын қажы Құсманыұлына риясыз разылығын білдіріп, жаңадан қызметке кіріскен білікті маман Қанат Мұратбекұлының қызметіне сәттілік тіледі.
Пікір қалдыру