Семей қаласы мешіттері Наурыз мерекесіне орай Абай облысы Дін істері басқармасымен бірлесе отырып, орталық алаңға Руханият киіз үй құрды.
Руханият киіз үйінің ішінде көне кітаптар, діни басқарма әдебиеттері, қаламыздың тарихи мешіттерінің суреттері сынды құнды жәдігерлер қойылды.
Сондай-ақ Руханият киіз үйінде Рамазан айына орай жарапазан айтылып, ақсақалдарымыз ақ баталарын берді.
Киіз үйге Абай облысының әкімі – Уали Берік Уалиұлы арнайы келіп, көрмеге қойылған жәдігерлерімізбен танысты.
Ару көктемнің келуімен Жер Ана түлеп, күн мен түн теңеледі. Халқымыз осындай сәтте „әз-Наурыз құтты болсын!” деп, мейірімді Жаратушы Иемізден елге ырыс, береке-бірлік тілейді.
Елағалары мереке кезінде араздасқандарды табыстырып, елдің ынтымағын нығайтуға атсалысқан. Үлкендердің ақ батасын алып, бір-бірімізге ізгі тілек айтайық. Ақ дастарханымыз әрдайым жақсылыққа жайылсын!
Көктем келісімен халқымыз шаруаның қамына кірісіп, білек сыбана қызу еңбекке кіріседі. Байтақ даламыз төрт түлікке толып, қамбамыз астықты болсын!
Алла Тағала Тәуелсіз Отанымыздың мерейін үстем етіп, халқымызды кездейсоқ апаттан, ауру-сырқаудан сақтасын!
Егеменді еліміздің аспаны ашық болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Пікір қалдыру