“ҮЙЛЕНУ – СҮННЕТ, ҮЙ БОЛУ МІНДЕТ”

Үйленіп,  үй болып,  жұптасып өмір сүру сонау Адам ата (ғ.с.)   пен Хауа анадан (р.а.) келе жатқан  дәстүр.  Халқымыз: «Жалғыздық тек  Аллаға  жарасқан»,-  деп бекер айтпаған.  Құранда  Жаратушы Иеміз: «Біз әр нәрсені жұп-жұбымен жараттық, бәлкім ойланарсыңдар» (Зарият сүресі, 49-аят) деп, әрбір нәрсенің жұптаса өмір сүретіндігін көрсетеді.

Қасиетті Кұранның . «Нұр» суресінің 32 аятында Алла Тағала: « Іштеріңдегі бойдақтарды (ер жеткен ұл-қыздарды, тұл ер, әйелдерді) сондай-ақ қолдарыңдагы құл, күңдердің дұрыстарын үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса да, Алла өз кеңшілігімен оларды байытады. Алла, аса кеңшілік иесі, толық білуші»,- деп бұйырады.  Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)«Уа, жастар, араларыңдағы үйленуге шамасы жететіндер үйленсін. Себебі, көз зинасынан да, іс-әрекетпен жасалатын зинадан да ең күшті сақтану жолы – үйлену. Бұған шамасы жетпегендер ораза ұстасын. Себебі, ораза ол үшін қорған», – деп кеңес берген.

Исламда неке ұлы сауаптарға жетелейтін ғибадат болып саналады. Имам Мәлік, сахаба Әнәстан (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) – тың  былай дегенін жеткізеді: «Адам баласы некеге тұру арқылы иманын кәміл етеді. Иманын кәміл ететін некеге немқұрайлы болудан Алла Тағаладан қорықсын!». Неке – отбасын құрудың негізі, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Неке – ер мен әйелдің өз еріктерімен бірге өмір сүруін қамтамасыз ететін, бірін екіншісіне адал ететін байланыс. Некелесу ерге де, әйелге де белгілі бір жауапкершіліктерді жүктейді. Мұсылман жігіттің ең әуелі дінін жақсылап үйренуі қажет. Содан кейін сүннетті орындау ниетімен үйлене алады. Исламға мойынсұнатын, көшеде діннің әміріне сай киінетін қызбен үйлену қажет. Арлы және дініне берік қыз іздеу керек. Міндетті түрде бай болсын, сұлу болсын демеу керек. Ардақты Пайғамбар(с.ғ.с.) хадисте: «Әйелді байлығы үшін, немесе сұлулығы үшін, немесе діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Байлығы үшін үйленген адам байлығына қауыша алмайды. Тек сұлулығы үшін үйленген адам сұлулығынан махрұм қалады»,- десе екінші бір  өсиетінде: «Сұлулығы мен байлығы үшін үйленген адам екеуінен де махрұм қалады. Діндарлығы үшін үйленген адамға байлық пен сұлулық та беріледі.» (Табарани)  -деген.

  Ежелгі қазақ халқы  үшін болашақ келінді  таңдауда оның сұлулығы мен сымбаты маңызды болмаған. Бастысы, тегіне, көргенділігіне аса мән берген. «Көргенді жерден қыз алсаң, керегең кеңейеді, текті ұрпақтан қыз алсаң тұқымың асылданады»- дегенді негізге алған.
Сонымен қоса қыздың сыртқы көркіне көз тастап тұрып ішкі жан дүниесіне, рухани байлығына да зер сала білген. Жүсіп Баласағұн бабамыз: “Ақылды әйел ізде, іздесең сен, есті болса, төрт құбылаң теңелер” деп  жазса,  хакім  Абай:

Жасаушы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, – деп өсиет айтады.

Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына иелік ету. Мұсылман отбасында ерлі-зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілген. Абдулла ибн Аббас (р.а.): «Адамның құлшылығы үйленумен ғана кемел болады», – деген.

Отағасының жауапты, еңбексүйгіш болуы, отбасының қамқоршысы бола алуы, ал болашақ ошақ иесінің іскер, шебер, отбасына ұйытқы бола білуі, ерін күте білу, бала тәрбиелеу, аналық борышын орындау, тамақ даярлау т.б. отбасының негізі талаптары десек те болады.

Бүгінгі қоғамымызда жастардың кеш үйленуі, үйленген жастардың жиі ажырасуы етек алып барады. Соңғы деректерге қарағанда,  еліміз  бойынша әрбір үшінші  неке ажырасумен аяқталады екен.  Соның әсері болар жалғыз басты әйелдер,   әкесіз тәрбиеленіп жатқан сәбилер саны артуда. Жастарымыздың көпшілігі бірінші материалдық игіліктерді алдыға қояады. Үйің бар ма , ақшаң бар ма?-  деген  сауалдар  адал ниетті  жастардың бағын байлап, сағын сындыруда. Осының бәрі жар таңдаудағы  қателіктердің салдары. «Кіммен ағарсаң, сонымен  қарай» дегендей жар  жылуына, мейіріміне бөленіп, бір шаңырақтың астында ұрпақ қызығына бөленіп бақытты өмір сүру үлкен бақыт қой.

 «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дегендей шаңырақ құрғаннан кейін жас жұбайлар игілікті  бірге адал еңбектерімен жасау керек. Өкінішке орай көптеген жстар дайын асқа тік қасық болғанды қалайды.  Ал адал ниетпен, махаббатпен  жастардың еңбекке деген құлшынысы да артады. Дүниесін үнемдеуді, есептеп, орын-орнымен жұмсауды үйренеді. Ал үнемшіл үйге береке жауады.Шаңырақ құру жастарды байсалдылыққа, сабырлы, төзімді болуға тәрбиелейді. Ұшқалақтық пен жеңілтектіктен арылтып, ақылды толыстырады. Үйлену арқылы адам баласы өзін түрлі күнәлардан қорғайды.

Ибн  Аббастан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Сендердің ең жақсыларың – отбасы мүшелеріне жақсы (мәміледе) болғандарың, ал, мен отбасымен ең жақсы (мәміледе) болушымын» деген екен.  Некенің дұрыс болып, сақтап қалудың тағы бір жолы – ер  мен әйелдің арасындағы жақсы қарым- қатынаста, сыйластықта  болуы.  Олар бір-бірімен жақсы мәміледе болып, бір-біріне жылы сөйлеп, кешірімшіл болып, кішіпейілділік танытуы керек.

Алла Тағала әр отбасына береке – бірлік, бақ – дәулет нәсіп етсін! Елімізде  бақытты отбасылары көп болып,  Сүйікті Отанымызда әрдайым бейбіт заман болсын!

      Семей қалалық «Даланбай ата» мешітінің

бас имамы Ұлан Шрайынбеков.