ТАЗАЛЫҚ – ИМАННЫҢ ЖАРТЫСЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауат пен сәлем болсын!

 

Тазалық – бұл адамның ішкі мәдениетінің, тәрбиесінің, жан-дүниесінің айнасы. Асыл дініміз тазалықты исламдағы басты шарттардың бірі ретінде қарастырған. Сондықтан тазалық адам өмірінде маңызды орын алады. Тазалық тек сыртқы бейнені ғана емес, ол – ішкі жан дүниенің де тазалығын қамтитын ұғым. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ

«Шүбәсіз, Алла тәубе етушілер мен тазаланушыларды жақсы көреді», – деген («Бақара» сүресі, 222-аят).

Ислам дінінде тазалыққа үлкен мән беріледі, себебі ол иманмен тығыз байланысты. Мұсылманның өміріндегі тазалықтың маңызы мен оның исламдағы орны жөнінде айтқанда Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисі еске оралады:

الطُّهُورُ شَطْرُ الْإِيمَانِ

«Тазалық – иманның жартысы» (имам Мүслим). Мұнда айтылған «طُهُور» (туһур) тазалық сөзі рухани да, тәндік те тазалықты білдіреді. Бұл хадис – исламдағы тазалықтың адам болмысында, руханиятта және қоғамда маңызды рөл атқаратын ереже болып табылады.

Бірінші: адам баласының рухани тазалығы

а) жүрек тазалығы

Адам баласының бойындағы ең құнды, ең нәзік әрі ең сырлы ағза – жүрек. Бұл жай ғана қан айналдыратын ағза емес, бұл – рухани әлемнің төрі, ниет пен сенімнің мекені. Ислам дінінде жүрек ерекше маңызға ие. Өйткені жүрек –адамның шынайы болмысының айнасы. Дәл осы жүректің тазалығы арқылы адамның Аллаға деген сенімі, махаббаты мен ықыласы және бет-бейнесі көрініс табады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

  ألا وإِنَّ فِي الجَسَدِ مُضْغَةً، إذا صَلَحَتْ، صَلَحَ الجَسَدُ كُلُّهُ، وإذا فَسَدَتْ، فَسَدَ الجَسَدُ كُلُّهُ، ألا وَهِيَ القَلْبُ

«Естеріңізде болсын! Расында адам денесінде бір кесек ет бар. Егер ол дұрыс болса, адамның бүкіл денесі дұрыс болады. Ал егер ол бұзылса, бүкіл денесі бұзылады. Біліп қойыңдар, ол – жүрек», – деген (имам Бұхари).

Жүрек тазалығы – адамның ішкі дүниесінің, ниетінің, ойының кіршіксіздігі. Бұл – риясыз сенім, шынайы ықылас, адал ниет, көркем мінез, кек пен тәкәппарлықтан арылған таза көңіл. Мұндай жүрекпен жасалған әрбір іс шынайы, таза болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَوْمَ لَا يَنْفَعُ مَالٌ وَلَا بَنُونَ. إِلَّا مَنْ أَتَى اللَّهَ بِقَلْبٍ سَلِيمٍ

«Ол күні (Қияметте) мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаға таза жүрекпен келсе, сол ғана құтылады», – деген («Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар). Бұл аятта келген сау жүрек дегеніміз – Аллаға серік қосудан, күмәннан, күнәлардан ада болған жүрек. Яғни әрбір ісін Алла бұйырған үкімге сай, шынайы орындайтын жүрек деген сөз.

Жүрекке әсер ететін рухани дерттер көп. Солардың ішіндегі ең қауіптілері:

  • Рия (біреуге көрсету үшін жасау)
  • Көреалмаушылық (хасад)
  • Тәкәппарлық (көкіректік)
  • Өшпенділік пен кек сақтау
  • Нәпсіқұмарлық пен дүниеқұмарлық

Бұл дерттер жүректі қарайтады. Ал қарайған жүрек – Алланы ұмытқан, пенделікпен тұмандалған жүрек деген сөз. Мұндай жүрекпен жасалған істерде шынайылық аз болады.

Мұндай рухани дерттен жүректі тазарту үшін мынадай істерді атқару керек:

  • Аллаға шынайы тәубе. Адам өткен қателіктерін мойындап, кешірім сұрау арқылы жүрегін тазалайды.
  • Құран оқу. Құран – жүрекке түскен нұр. Оның мағынасына үңіліп, үкімдерін іске асыру, жүректің тазалығына апарады.
  • Зікір мен дұға. Алланы еске алу жүректі жұмсартады, тыныштық табады.
  • Жақсылық жасау. Өзгеге қуаныш сыйлау жүректі нұрландырады.
  • Парыз бен сүннет амалдарға мән беру. Намаз, ораза, садақа т.б.

Жүрек – адамның рухани басқару орталығы. Жүрек таза болса, адамның өмірі де, сөзі де, ісі де таза болады. Алла Тағала бізге иман нәсіп еткен болса, оны жүрек тазалығымен бекіту – біздің міндетіміз. Ішкі тазалық болмаса, сыртқы сұлулықтың, ғибадаттың да шынайылығы күмән тудырады. Сондықтан әрбір мұсылман жүрегін тәрбиелеуге, таза ұстауға және кек пен риядан арылтуға тырысуы керек. Өйткені Қияметте тек таза жүрекпен келгендер ғана Алланың мейіріміне бөленеді. Хакім Абай: «Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, Құдай Тағала қалпыңа әрдайым қарайды», – деп айтуы әсте бекер болмаса керек.

ә) ниет тазалығы

Ниеттің тазалығы – рухани кемелдіктің кілті. Адам баласы бұл өмірде не істесе де, бәрі ниеттен басталады. Ниет – адамның көрінбейтін, бірақ іс-әрекетінің бағыт-бағдарын, сапасын, рухын айқындайтын өзегі. Ниет болмаса, кез келген іс – бос. Ал ниет таза болмаса, амал да мәнінен айырылады. Бұл ұлы ақиқатты Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз сөзінде былай деп айтқан:

إنَّما الأَعْمَالُ بالنِّيَّاتِ وإنَّما لِكُلِّ امْرِئٍ مَا نَوَى

«Расында әрбір іс ниетке байланысты. Әр адамға тек ниет еткен нәрсесі ғана тиесілі …», – деген (имам Бұхари).

Бұл хадис исламның негізгі қағидаларының бірі болып табылады және шариғаттың негізі ретінде қабылданады. Тіпті бұл хадиске қатысты: «Бұл білімнің үштен бірі» деп айтылған. Расында таза ниет – кез келген ілімнің, ғибадаттың, тіпті күнделікті тіршіліктің де өзегіне айналады. Кез келген жақсы іс – тек сыртқы формаға тәуелді емес. Оның құны, салмағы, қабыл болуы – адамның ішкі ниетіндегі ісіне тікелей байланысты. Таза ниет адам баласын екіжүзділіктен қорғайды. Бүгінгі таңда амал етіп жүргеніміз көп, бірақ неге рухани тыныштық аз? Себебі іс көп, бірақ шынайы ниет аз.

Таза ниет – амалдың рухы, мақсаты, мәні. Ниетіміз Алла разылығы үшін болса, қарапайым іс те ғибадатқа айналады: адал еңбек ету, біреуге көмектесу, күлімдеу, отбасыға қамқор болу – мұның бәрі сауапты амалға айналары хақ. Ниеттің тазалығы – жүректің тазалығымен тікелей байланысты. Ал жүрек – иманның мекені. Таза жүрек, шынайы ниет және дұрыс амал – мұсылман өмірінің үш тірегі. Таза ниетпен істеген әрбір іс өміріміздің мәні, жанымыз тыныш болуына себеп болатын бірден-бір амал болып табылады.

б) тіл тазалығы

Тіл арқылы адам иманға келіп, кәлимә шәһәдәт айтып, мұсылман болса, сол тіл арқылы оның ластығы себепті күнәға батады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ، فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ

«Кімдекім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, онда жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», – деген (имам Бұхари). Сол себепті әр мұсылман екі елі ауызға төрт елі қақпақ қоя білген абзал. Өйткені адамның сөйлеу мәнері оның қаншалықты мәдениетті адам екенін көрсетеді.

Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Ақыл-ойдың көркі – тіл, тілдің көркі – сөз», – деген екен.

Жаратушы Алланың адам баласына берген ұлы нығметтерінің бірі де осы – тіл. Алла Тағала Құран Кәрімде:

أَلَمْ نَجْعَلْ لَهُ عَيْنَيْنِ، وَلِسَاناً وَشَفَتَيْنِ

«Біз оған (көрсін деп) екі бірдей көз бермедік пе? (сөйлесін деп) Бір тіл, қос ерін бермедік пе?» – деген («Бәләд» сүресі, 8-9 аяттар).

Тіл адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады. Айтылған сөз атылған оқ демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ.

Сөйлеу алу, ішіндегі сезімдерің мен ойыңды екінші бір адамға жеткізу, Алланың адам баласына берген шексіз нығметтерің бір көрінісі. Алайда сөйлей білу тілді еркіне жіберу деген сөз емес. Оның қызметін орынды қолдану білу – адамның имандылығының белгісі. Әрбір мұсылман сөйлеген кезде тіліне мән беріуі қажет.

Қисса

Бір күні Мұғаз ибн Жәбәл деген сахаба Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Уа, Алланың Елшісі! Мені жәннатқа кіргізетін және тозақ отынан сақтап, қорғайтын бір істі айтсаңыз», – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тілін ұстап тұрып: «Ей, Мұғаз! Мына тіліңді жаман сөз айтудан сақта», – дейді. Сонда Мұғаз ибн Жәбәл: «Уа, Алланың Елшісі! Сонда біз тілімізбен сөйлеген әрбір сөзімізге күнәһар болып, тозаққа кіруге кіріптар боламыз ба?» – деп сұрап еді Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласын тозақ отына түсіретін адамның күнәһар сөздерді сөйлеуші тілі», – деп жауап береді.

Халқымыздың «Басқа бәле тілден» деген сөзінде де үлкен мағына жатса керек.

Екінші: дене мүшелердің тазалығы

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

خَمْسٌ مِنَ الفِطْرَةِ: الخِتَانُ، وَالِاسْتِحْدَادُ، وَنَتْفُ الإبْطِ، وَتَقْلِيمُ الأظْفَارِ، وَقَصُّ الشَّارِبِ

«Бес нәрсені адам баласына жаратылысынан келеді: сүндетке отыру, ұятты жерді түктен тазарту, қолтықты түктен тазарту, тырнақ қысқарту және мұртты басу», – деп (имам Бұхари), тазалықтың адам баласының дене мүшелерінің барлық жеріне қатысы бар екенін аңғартқан.

Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

 إِذَا اِسْتَيْقَظَ أَحَدُكُم مِن نَومِهِ فَلَا يَغمِسْ يَدَهُ فِي الإِنَاءِ حَتَّى يَغْسِلَهَا ثَلَاثًا فإنَّهُ لا يَدرِي أَيْنَ بَاتَتْ يَدُهُ

«Сендердің ешқайсыларың ұйқыдан тұра салысымен қолын жумастан бұрын қандай да бір ыдысқа қолын жүгіртпесін. Өйткені қолының қайда түнегенін білмейді», – деген (имам Бұхари). Бұл хадистің де тазалық үшін мәні жоғары. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَن أَكَلَ مِن هذِهِ الشَّجرةِ. قالَ : أوَّلَ يومٍ ( الثُّومِ ) ثمَّ قالَ: الثُّومِ والبصلِ والكرَّاثِ – فلا يقربنا في مساجدنا

«Кім осы өсімдіктен (алғаш күні – сарымсақтан) жесе, мешітімізге жақындамасын», – деді. Сосын: «Сарымсақ, пияз және көк жуа», – деп жалғастырды», – деген (имам Насаи). Себебі көпшілік жиналатын жерге жағымсыз иіспен бару – ислам әдебіне қайшы. Ауыз қуысының тазалығы мен тіс тазалығына қатты мән берген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетіме ауыр соқпағанда әр намаздың алдында мисуәк қолдануды міндеттер едім», – деуі өзінің бойындағы тазалықтың, үмбетінің бойынан да көргісі келетінін байқатады.

Үшінші: қоршаған ортаның тазалығы

Тазалық – имандылықтың көрінісі. Ислам тек құлшылық пен жеке бастың тазалығы ғана емес, қоршаған ортаның тазалығы мен тәртібін де талап ететін дін. Ислам – тазалық діні. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:

وَتُمِيطُ الْأَذَى عَنِ الطَّرِيقِ صَدَقَ

«Жолдағы зиянды нәрсені алып тастау – садақа», – деген (имам Мүслим).

Имам ибн Хажар (Алла оны рақымына алсын) бұл хадиске былайша түсіндірме жасаған: «Бұл істі садақа деп атаудың мәнісі – сен жолдан зиянды нәрсені алып тастау арқылы ол жолмен өтетін адамдардың амандығына себепкер боласың. Бұл – дәл садақа бергенмен тең. Сол себепті сен бұл ісің үшін садақа жасағандай сауап аласың».

Тазалық – тәрбиенің көрсеткіші. Мұсылман баласы – тек мешітте ғана емес, қай кезде болмасын таза жүретін адам. Қоғамдағы қоқыс, ластық – бұл тек санитарлық мәселе емес. Бұл – рухани деңгейдің көрсеткіші. Кез келген адам қай жерде жүрсе де, қоғамдық орындарды ластамай өзінен кейін жаман із қалдырмауы керек екенін әсте естен шығармаған жөн. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылман баласын былайша сипаттаған:

المُسْلِمُ مَن سَلِمَ المُسْلِمُونَ مِن لِسانِهِ ويَدِهِ

«Нағыз мұсылман – өзгеге қолымен детілімен де зиян тигізбеген адам», – деген (имам Бұхари). Бұл хадис – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қысқа болғанымен мағынасы терең сөздерінің бірі. Мұнда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге мұсылмандықтың негізгі әдептері мен көркем мінез-құлықтарын үйретуде. Бұл әдептер – мұсылмандардың бір-бірімен бауырмал әрі тату өмір сүруіне себеп болатын асыл қасиеттер. Яғни, мұсылман адамның қандай болмасын іс-әрекеті, сөзі басқа адамға зиян тигізбеуі тиіс.

Қисса

Бірде Һарун Рашид бір қарт адамның жеміс ағашының көшетін (тал шыбығын) отырғызып жатқанын көріп, оған:

  • Уа, Ақсақал! Сіз ғой қартайдыңыз. Отырғызып жатқан ағашыңыздың жемісін көре алмайсыз, олай болса неге бейнеттеніп жатырсыз? – дейді. Қарт кісі былай деп жауап береді:
  • Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де ағаш отырғызайық, ал жемісін бізден кейінгілер жесін, – дейді. Бұл жауап Һарун Рашидке ұнап, қартқа бір уыс алтын береді. Қарт:
  • Көрдің бе, балам! Отырғызып жатқан көшеттің (тал шыбықтың) жемісін міне, мен де көрдім, – дейді. Бұл сөзге Һарун Рашид одан сайын риза болып тағы да алтын береді. Сонда әлгі қарт кісі:
  • Басқа ағаштар жылына бір рет жеміс берсе, менің еккен талым жылына екі рет жеміс береді, – деген екен.

Табиғат, көше, қоршаған орта бәрі бізге – аманат. Ал аманатқа қиянат жасау – ауыр күнә. Әрбір ағаш, гүл, өзен, тау, тас – Алланың жаратқаны. Біз оны былғамай, сақтауымыз керек. Себебі Ислам тазалықты тек жуыну мен киімге ғана байланыстырмайды. Тазалық – иманның айнасы. Қоршаған ортаның тазалығы – біздің Аллаға, қоғамға, өз-өзімізге деген құрметіміздің көрсеткіші.

 

Құрметті жамағат!

Дін мен дәстүрді қатар сақтаған еліміз қай жағынан алып қарасақ та тазалық ұғымын ешуақытта ұмытпаған. Әрдайым «Тазалық – иманның жартысы», – деп дәріптеп, жанның да, тәннің де, айналаның да тазалығын қатар алып жүрген. Дана халқымыз тазалыққа аса мән берген. Бабаларымыз көшпенді өмір сүрсе де, өмір сүру әдеттерінде тазалық басты орында тұрған. Ұлтымыздың ұстазы Ыбырай Алтынсарин:

Сабаз болсаң жердей бол,

Жер бәрін шыдап көтереді,

Таза болсаң судай бол,

Су бәрін жуып кетіреді, – деп тазалықтың маңыздылығын жырына қосқан.

Тазалық – адамның әдебі, мәдениеті, рухани кемелдігінің көрсеткіші.  Сондықтан да мұсылман адам ішкі жан-дүниесін, тәнін, киімін, жейтін асы мен қоршаған ортасын таза ұстауға аса мән беруі қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:

يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُواْ كُلُواْ مِن طَيِّبَٰتِ مَا رَزَقْناَٰكُمْ

 «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңе ризық етіп бергеніміздің тазасынан ғана жеңдер», – деп бұйырған («Бақара» сүресі, 172-аят).

Алла Тағала жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық бергей!