АБАЙ ОБЛЫСЫ: “АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫ” ҚҰРАМА КОМАНДАСЫ ВОЛЕЙБОЛДАН ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ

Абай облысының Дін істері басқармасының ұйымдастырылуымен 1 – мамыр “Бірлік күніне” орай облысымыз бойынша діни бірлестіктері арасында спорттық сайыс өтті.

Қазақстан халқының бірлігіне орай ұйымастырылған сайыстың ашылу салтанаты Ұлттық Әнұранымызбен басталды. Абай облысы Дін істері басқармасының басшысы – Сейілбек Абиурұлы жарысқа қатысушыларды мерекемен құттықтап, сәттілік тіледі.

Ауқымды жарысқа  қала және аудан бойынша 18 команда бақтарын сынады. Бұл жарыс Дін қызметкерлері мен мешіт жамағаттарының қатысуымен өтті. Осы сайыс арқылы қатысушылардың ойын алаңында бірігуі өзара ынтымақтастықты, сенімді арттыра түскендей.

Он үш сағатқа созылған тартысты дода нәтижесінде топ жарып бірінші орынды – “Абай Құнанбайұлы” құрама командасы, екінші орынды – “Жарма ауданының Бас мешіті” және үшінші орынды – “Тас мешіт” командасы иеленді. Жүлделі болған командаларға кубок пен медальдар және ауқымды сыйлықтар табысталды. Марапаттар бұнымен таусылмай, ойыншылар арасында топ жарған ойыншылар ішінен “Үздік үйлестіруші” номинациясын орталық мешітіміздің құрама командасының ойыншысы – Қуатов Қуаныш иеленсе, “Үздік ойыншы” номинациясын Жарма ауданының ойыншысы – Досболов Әли иеленді.