СЕМЕЙДІҢ АРДАГЕР ИМАМЫ “ҚМДБ – 35 ЖЫЛ” МЕРЕКЕЛІК МЕДАЛІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумы аясында бірқатар дін қызметкерлері ҚМДБ-ның 35 жылдық мерейтойлық медалімен марапатталды.

Аталмыш марапат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының негізі қаланғанына 35 жыл толуына орай, ел ішінде дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп, халыққа діни-ағарту бағытында аянбай қызмет етіп жүрген имам-молдаларға көрсетілген құрметтің белгісі ретінде табысталды.

Осындай еңбегі ерен дін қызметкерлерінің қатарында Семей қалалық Тас мешітінің Бас имамы Нұрбек қажы Назерұлына Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы “ҚМДБ – 35 ЖЫЛ” мерекелік медалін табыстап, ізгі тілегін жеткізді.

Салтанатты рәсім барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы марапат иелеріне алғыс айтып, олардың ел ішіндегі рухани тұрақтылықты сақтауға, діни сауаттылықты арттыруға қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Марапатталған дін қызметкерлері ҚМДБ жүктеген жауапты міндеттерді абыроймен атқаруға әрі қарай да үлес қосуға дайын екендерін жеткізді.