МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ДІНИ БАСҚАРМАНЫ 35 ЖЫЛДЫҒЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» VІ Республикалық имамдар форумына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы арнайы құттықтау хатын жолдады. Президентттің құттықтау хатын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Жұмабайұлы оқып берді.

«Қадірлі қауым! Баршаңызды осы алқалы жиынның ашылуымен құттықтаймын!

Ислам – ұлтымыздың ұстыны, руханиятымыздың алтын діңгегі. Асыл дініміз ғасырлар бойы халқымыздың жан дүниесімен біте қайнасып, ұлттың ұйысуына арқау болып келеді. Дәстүрлі ислам құндылықтары – елімізде салтанат құрған ырысты ынтымақтың қайнар көзі.

Бүгінде конфессияаралық татулықтың Қазақстанға тән бірегей үлгісін бүкіл әлем мойындайды. Биыл Астанада өтетін Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезі – осының айқын дәлелі.

Азаматтардың өзара сенімін нығайту және жауапкершілік, жанашырлық, әділдік сияқты қағидаттарды орнықтыру – қашанда басты міндет. Бұл ретте құрылғанына биыл 35 жыл толған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңызды рөл атқарады.

Имамдар қоғамдағы игі бастамаларды жүзеге асыруға белсене қатысып, жастарды жат діни ағымдардың ықпалынан қорғауға, отаншыл ұрпақ тәрбиелеуге табысты түрде атсалысып жүр.

Біз – озық ойлы ұлт болуға ұмтылған елміз. Қазақстанның әрбір тұрғыны Адал азаматқа тән қасиеттерді бойға сіңіру үшін төл құндылықтарымыз бен ата дінімізге арқа сүйеудің мән-маңызы зор.

Бүгінгі басқосуда ел бірлігін нығайта түсетін салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады деп сенемін.

Форум жұмысына сәттілік тілеймін!» делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.