Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!
Құрметті, Абай елінің тұрғындары!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымының ұлық мейрамы – Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», – деп бұйырады. Негізінде құрбан шалу тарихы сонау Адам ата (ғ.с.) дәуірінен бастау алып, Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) – тың жолы болып қалыптасып, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) – тен жалғасын тапқан ұлық ғибадат.
Құрбан шалу – Ханафи мазһабы бойынша уәжіп. “Құрбан” сөзі “жақын болу”, “жақындау” деген ұғымдарды білдіреді. Мұсылман баласы айт күні құрбандық шалу арқылы Аллаға деген ақ ниетін паш етеді. Құрбан шалған мұсылман ақыретте жүзі жарық болып, мол сауапқа ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан шалу) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар», – деген.
Қасиетті Құранда Алла Тағала: “Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалықтарың (шынайы ниеттерің).” (“Хаж” сүресі, 37-аят), – деп бұйырған. Сондықтан ұлық ғибадатты шынайы ниет пен зор ықыласпен жүзеге асыруымыз өте маңызды болып саналады. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Алла Тағала ризалығы үшін шалынған құрбанның әрбір қылшығы үшін сауап бар екенін баяндайды.
Құрбан айт мерекесі қарсаңында дініміздегі бес парыздың бірі қажылықты өтеуге қасиетті Мекке – Мәдинаға аттанған жерлестерімізге сәтті сапар тілейміз. Жасаған ғибадаттары мен дұға – тілектері қабыл болып, елге аман-есен оралсын.
Алланың рақым нұры төгілетін берекелі сәттерде айналамызға жақсылық жасап, көпшіліктің ризашылығына бөленейік. Сондай-ақ, ата-анамызды, ағайын-туыстарымызды, көршілерімізді айтпен құттықтап, бала-шағамызға бұл күннің қадірін түсіндіру мақсатында сыйлықтар беріп, қуанышты көңіл-күй сыйлау да сауапты амалдан.
Айт күнгі ізгі ниеттеріңіз, мереке құрметіне жайылған ақ дастархандарыңыз, шалған құрбандықтарыңыз бен тілеген дұға-тілектеріңіз қабыл болсын!
Береке – бірліктің ұйтқысына айналған сүйікті Отанымыз Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағы жарасып, Жаратушы Иеміз халқымызға бейбітшілік, жерімізге құт– береке, нәсіп етсін!
Әр отбасына амандық, бақ – береке, шаттық, ынтымақ және толағай табыс тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Ел іргесі аман болсын!
Асқар қажы Әбітайұлы, Абай облысының бас имамы,
Абай облысының Абай Құнанбайұлы атындағы
орталық мешітінің бас имамы.
Пікір қалдыру