Абай облысында Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер басшылары клубының кезекті отырысы өтті. Кездесудің мақсаты – конфессияаралық келісімді нығайту және өзекті қоғамдық мәселелерді шешуде діни бірлестіктер арасындағы әріптестік өзара іс-қимылды дамыту. Аталмыш кездесуге Абай облыстық орталық мешітінің наиб имамы Ерлан Досымұлы қатысып, өз пікірін ортаға салды.
Отырыста бірқатар мәселелер сөз етілді. Соның ішінде, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған бірлескен іс-шараларға дайындық барысына басымдылық берілді.
Абай Құнанбайұлының мерейтойын лайықты деңгейде атап өту мақсатында Дін істері басқармасы тарапынан Абай мұрасын насихаттауға бағытталған бірқатар шаралар ұсынылды. Атап айтқанда, Абай шығармаларын оқу челлендждері, мешіттер мен шіркеулерде Абайдың «Толық адам» идеясы тақырыбында уағыздар мен дәрістер оқу, сондай-ақ «Тоғызқұмалақ» және шахматтан спорттық жарыстар ұйымдастыру жоспарланды. Бұл бастамалар рухани құндылықтарды нығайтуға, конфессияаралық диалог мәдениетін дамытуға және қоғамда құрмет пен төзімділікті тәрбиелеуге бағытталған. Ұсынылған барлық іс-шаралар клуб мүшелері тарапынан оң бағасын алды.
Сондай-ақ, биылғы көктем-жаз мезгілінде өткен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының қорытындыларына ерекше назар аударылып, экологиялық науқанға белсене қатысқандары үшін діни бірлестіктердің өкілдері облыс әкімі атынан алғыс хаттармен марапатталды. Қоршаған ортаны таза сақтау мен көркейтуге қосқан үлестері азаматтық жауапкершілік пен діндарлардың әлеуметтік белсенділігінің маңызды көрінісі ретінде жоғары бағаланды.
Сондай-ақ, бұл келелі кездесу конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған жаңа өзара іс-қимыл форматтарын талқылап, алдағы бірлескен шараларды жоспарлауға мүмкіндік берді.
Пікір қалдыру