АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚҰРБАН АЙТ – 2025 (ҚОРЫТЫНДЫ)

Құрбан айт жылдан жылға халқымыздың жүрегіне тереңінен орын алып, діни мереке ретінде ғана қарастырылмай, ұлттық сипат алып келе жатыр. Мұны халқымыздың Құрбан айттағы мерекелік көңіл-күйі мен түрлі рухани, мәдени шаралардан байқауға болады.

Абай облысы бойынша да биылғы жылғы Құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Абай облысының барлық мешіттерінде таңғы сағат 7-де Айт намазы оқылып, жамағат бірін-бірі айтпен құттықтап, ақсақалдардың ақ батасын алдық. Мешітіміздің алдына киіз үй құрылып, мерекелік көңіл күй сыйлады. Осы жылғы Құрбан айт жұма күнімен тұспа-тұс келгендіктен мешітке келген жамағаттарымызға тегін бауырсақтар таратылып, қайырымдылық жәрмеңкесі жасалды. Қасиетті Құрбан айтта бүлдіршіндерге де ерекше көңіл бөлініп, айт тәттісі таратылды. Облыс бойынша 500 балаға айт сыйы таратылып, оның 80 айт тәттісі балалар үйіне берілді.

Биылғы Құрбан айт жылдағыдан ерекше өтті, оның себебі, облысымыздың орталық “Абай Құнанбайұлы” мешітінің жамағаттары ішінде, түйе палуандар арасында “Жамағат барысы” турниры атап өтілді. Жарысқа жалпы жиыны 30 палуан қатысты. Палуандардың ішінен топ жарып, жүлделі бірінші орынды – Сембаев Мадияр иеленіп, Умра қажылығына жолдама алды. Екінші орынды – Қайролла Жалғас иеленіп, жүлделі 200 000 теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байласа, үшінші орынды – Ратаев Қуаныш пен Арқабай Барақ иеленіп, қаржылай 100 000 теңге ақшалай сыйлық берілді.
Биылғы Құрбан айтта Абай облысы бойынша 1252 қой, 108 ешкі, 179 сиыр, 2 түйе құрбандыққа шалынды. Оның ішінде 100 қой мен ешкі онлайн форматта qurban.muftyat.kz сайты арқылы тапсырыс беріліп, уәкілдік құрбан ретінде шалынды. Сондай-ақ, құрбандық еттері облысымыз бойынша мешіттерімізге қайырымдылық көмек сұрап, өтініш берген 3473 мұқтаж отбасыға таратылды. Одан бөлек 29 мекемеге көмек берілді.

Құрбан айттағы барлық игі шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан барша мешіт қызметкерлеріне, белсенді жамағаттарына, жергілікті әкімшіліктер мен дін жанашыры азаматтарымызға Алла разы болсын дейміз! Айттан айтқа еліміз аман, жұртымыз тыныш, береке-бірліктер жете берейік!