ҚҰРБАНДЫҚ САЙТТАРЫНА ҚАТЫСТЫ РЕСМИ ХАБАРЛАМА

Құрметті жамағат!

Аллаға шүкір, қасиетті Құрбан айт мейрамына санаулы күндер қалды. Осы ұлық мереке қарсаңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін оңайлату және әділ ұйымдастыру мақсатында qurban.muftyat.kz ресми онлайн платформасын іске қосты. Бұл сайт арқылы құрбандық шалғысы келген әр азамат құрбандық малын таңдап, қаражатты қауіпсіз түрде аудара алады.

Өкінішке орай, ағымдағы жылы құрбан шалу рәсімін оңайлату үшін ҚМДБ тарапынан жасалған игі бастаманы теріс мақсатта қолданып, түрлі алаяқтық әрекеттері орын алуы ықтимал. Осы себепті еліміздің азаматтарын қорғау мақсатында маңызды ескерту жасаймыз: Құрбан айт мерекесі кезінде өздерінің теріс мақсаттарын жүзеге асыру үшін кейбір белгісіз азаматтар мен ұйымдар жалған құрбандық сайттарын ашып, халықты адастырып, құрбандыққа аударған қаражаттарын өзге мақсатқа пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан баршаңызды абай болуға шақырамыз.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тек сенімді qurban.muftyat.kz ресми платформасы арқылы құрбандық шалуға шақырады. Күмәнді сайттар мен беймәлім адамдардың ұсыныстарынан сақ болыңыздар. Бұл сіздің қаражатыңыз бен ниетіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы.

Алла Тағала баршаңыздың құрбандықтарыңызды қабыл етіп, ізгі ниеттеріңізді арттырсын!