АБАЙ ОБЛЫСЫ: СЕМЕЙ ҚАЛАСЫНДА ЗАҒИП ЖАНДАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА МЕШІТ ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

مَنْ بَنَى مَسْجِدًا بَنَى اللَّهُ لَهُ مِثْلَهُ فِي الْجَنَّةِ

«Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген (имам Бұхари, Муслим).

Абай облысы Семей қаласында зағип жандарға бейімделген жаңа мешіттің салыну жұмысы іске қосылды. Жаңа игі бастама ҚМДБ-ның Абай облысы бойынша өкілдігінің қолдауымен және меценат Мейрамбек Шакенов бастаған демеушілердің бастамасымен бой көтермек.

Жаңадан бой көтерілгелі жатқан мешіттің  ең басты ерекшелігі – бұл нысан мүгедектігі бар және көру қабілеті төмен жандарға толықтай бейімделген алғашқы мешіт болмақ. 500 адамға арналған, екі қабатты мешіт соңғы сәулет үлгісімен, күмбездері қазақи нақышта безендіріледі.

Жаңа құлшылық мекенінің ірге тасын қалауға Абай облысының Бас имамы Асқар Әбітайұлы, дін өкілдері, қаламыздың кәсіпкерлері мен жергілікті тұрғындар қатысты. Ертеңгі күннің қамын ойлап, мешіт салуды ұйғарған кәсіпкер ағаларымызға  тек жақсылық тілейміз. Тілек-дұғалары да қабыл болып, Алла жар болсын деген тілегімізді жолдаймыз.