Қасиетті Рамазан айының келуіне байланысты барлық мешіттерде құран-хатым түсіріледі. Яғни құранды толық білетін қарилар тарауих намазында күн сайын құранның бірнеше парасын оқып, ораза біткенше отыз параны толық аяқтайды. Шариғатта құран оқылған жерге көп уақытқа дейін жамандық жоламайды, тіпті қасиетті құран оқылған кезде періштелер де жерге түсіп, тыңдайды делінеді. Осыған орай, жамағатқа құран-хатымды оқу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен Түркия діни істер басқармасының арасындағы келісім-шарт бойынша Қасиетті Рамазан айында Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітімен Тыныбай мешітіне екі қари келді. Құранды басынан аяғына дейін жатқа білетін Буйнами Билге мен Сыддық Гулер Семейліктер үшін тарауих намазына қатысып, көпшілікті құран нәрімен сусындатпақ.
Олардың келуіне аса қуаныштымыз! Рамазан айының қадір-қасиетін арттыратын тарауих намазының осындай қарилардың қатысуымен өтуі нұр үстіне нұр болып отыр,-дейді Семей аймағының өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы.
Биылғы Рамазанда Аллаға шүкір Семей қаласы бойынша ораза ұстаушылар қатары көп.
Оразашылардың басым бөлігі жастар. Олардың күннің ыстығына қарамай, ауыздарын бекітуі – қуанарлық жағдай. Ал, біз өз тарапымыздан мешіт жамағатына күн сайын ауызашар жасап, жоқ-жітікке қол ұшын созып, қайырымдылық жасауды мақсат етіп отырмыз,-дейді Семей аймағының өкіл имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы.
Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.