Үміт пен үрей (I Бөлім)

 asyldin.kz

Үміт – жан жүрегімен аса Жомарт, Үстем құдіреттің мейірімі аясында қанат қағып, рақым құшағына ену. Жаратушының осындай керемет сыйына бөленген жан сарқылмас қазынаның үстінен түскендей болады. Әсіресе, адам баласы өзінің қимасын жоғалтып, жақсылыққа қол жеткізе алмаған кезде, жамандықтан да арыла алмай, алдағы күннің сәулесі өше бастаған шақта үміт – адам баласын әуелете тік көтеріп әкететін пырақтай. Үміт арқылы адам өзінің шамасы келмейтін нәрселерге қол жеткізеді.

Үміт сенімнен туындайды. Иман келтірген жан әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Үмітсіздік адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Үмітсіздік – үнсіз жұтатын ұйық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үміт арқылы қиын белестерден қиналмай асып, биік шыңдарға шығуға болады. Үмітсіз – тек шайтан ғана.

Алла Тағала Құранда:

«Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?»,- дейді.

Мейірімі мол Алла Тағала басқа да аяттарда кешірімінің ерекше мол екендігін білдіріп, адам баласын үмітке шақырады.

«Қоғам түзелгеннен кейін жер бетінде бүлік шығармаңдар. Үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын», – делінген.

Үмітпен амал ету қорқынышпен амал еткеннен әлдеқайда абзал. Өйткені, Ұлы Жаратушыға ең жақын құлдар – Алла үшін ең сүйіктілер. Сүйіспеншілік қорқынышты емес, қайта үміттілікті арттырады. Біреуден қорқып жасаған қызмет пен көңіл сүйіп жасаған қызмет арасында үлкен айырмашылық бар. Сенің сүйіп қызмет еткен адамыңның алдындағы орның мен одан қорқып істегендегі мәртебең де сол сияқты. Яғни, Алла Тағаланың алдында да мәртебеңнің жоғары болуы үшін, Оған сүйіспеншілікпен мойынсыну – ең дұрысы. Адам баласы қаншалықты күнәһар болса да, ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Өйткені, Алла Тағаланың өзі мына бір аятта:

«Былай де: «Ей, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Аллаһтың рақымдылығынан үміттеріңді үзбеңдер. Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді. Күмәнсіз, Ол тым жарылқаушы әрі өте мейірімді»,– деп, бізге бұйыру арқылы үмітсіздікке бой алдыруымызға тыйым салып тұр.

Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне себеп болды. Тіпті, өзін күнәкар, кісәпір санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдатты. Айталық, ардақты пайғамбарымыздың ең жақын сахабасы, «Аллаһтың арыстаны» атанған хазірет Хамзаны шейіт қылған Уахшидің өзін, Алла елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірнеше рет Құраннан аяттар жолдап, исламды қабылдауға шақырды. Алайда, Уахшиға жан сарайын кернеген үмітсіздік пен күдіктен арыла қою қиынға соқты. Ол пайғамбардың жақынын өз қолымен өлтіргені үшін бұдан былайғы уақытта өзін «кешірімге лайық емеспін» дегенге сендірген еді. Сол үшін де мұсылманшылықты қабылдауға тәуекел ете алмады. Пайғамбарымыз үшінші рет осы аятты жазып жібергенде ғана Уахшидің бойындағы кешірімге деген күдік-күмән сейіліп, көкірегіндегі үміт оты қайта маздап, мұсылмандықты қабылдады. (Саңлақ сахабалар, 146-б.)

Мәңгілік үкімі өзгермейтін Құрандағы бұл аят бүгінгі адамдарға да үміт сыйлаумен қатар, келер ұрпаққа да үміт қайнары болмақ.

Күнә жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Адам баласы «күнә жасап қойдым, енді мен адамдықтан сол күйі кеттім» деуі – Алланың Рахман, Рахим, Ғафур (тым кешірімді) сияқты сипаттарын жоққа шығару деген сөз.

Әлемге рақымдық әкелген адамзаттың мақтанышы хазірет Мұхаммед (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде Алланың аса мейірімді, тым жарылқаушы екенін үмбетіне үйретуден жалықпаған. Қараңғылықтың қапасынан шыға алмай, ғұмырын жамандықпен өткізгендерге үміт шоғын сыйламаса, олар болашақтан қалай үміттенбек?! Сол себепті ғаламға рақымдық әкелген соңғы елші айналасындағыларға үнемі үміт отын жағып, адамдардың өмірге деген құлшыныстарын арттырып отырды. Солай болғанда ғана адамдардың көкірегінде тумысынан бар адамгершілік сезімдері қайта оянып, исламның мейірім толы құшағын паналайды.

Үміт − Құдіреті шексіз Алла Тағаланың рақымдылық пен кешірімінің кеңдігіне сену. Алла Тағала Құранда: «Меніңрақымым барлығын сыйдыратын өте кең»,-дейді. Ал пайғамбарымыз бір құдси хадисте Алла Тағаланың мейірімі азабынан үстем екендігін айтады. (Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14) Тіпті, шайтанның өзінің ақыретте үміт етерліктей кең рақымынан үміт үзу – Алланың рақымдылығын жоққа шығарып, үміт сәулесін сөндіріп, үмітсіздікке түсу кешірілмейтін күнә болса керек.

Үміт – Алла жайлы жақсы ойда болуды білдіреді. Бұл жайлы екі жаһан сардары (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бір құдси хадисінде:

«Құлым мен жайлы қалай ойласа, Мен оған солай қараймын»,-деген. (Бухари, Таухид, 15;35; Муслим, Зикр 2, (2675), Тәубә, (2675))

Ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

«Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, шайтанның өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді»,-дейді. (Ибн Әбуд-Дуния Ибн Мәсудтан риуаят еткен Ихя, 4/1, 278 б7.)

Адамдар түстерінде тақуалығымен аты шыққан ғалым Әбу Сәһлді ерекше нығметке бөленгенін көріп, мұның мәнісін сұрағанда: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі» деген екен.

Демек, үміт − Алланың рақымдылығын төгу үшін бір себеп болса, жақсы-жаман қай жағдайда болмасын бұл себептен қол үзбеу керек.

Әнастан жеткен бір хадисте:

«Алла елшісі өлім аузында жатқан жас жігіттің қасына барып одан: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?»– деп сұрады. Ол: «Уа, Расулалла! Алланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын»,- деп жауап береді. Пайғамбарымыз: «Осындай жағдайда бір құлдың жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды» (Тирмизи, Жанаиз, 11, (983); Ибн Мәжә, Зуһд, 31 (4261)),- деген.

Хазірет Бара: «Алла Расулы былай деді: «Жатар кезде мына дұғаны оқы: «Аллам, нәпсімді өзіңе тапсырдым, бетімді саған бұрдым, істерімді саған аманат еттім, сені сүйеніш еттім. Сенің рақымыңнан үміт етемін, азабыңнан қорқамын. Сенің берер жазаңа қарсы тұрар Өзіңнен басқа жар болушы әрі құтқарушы ешкім жоқ. Түсірген Кітабыңа, жіберген пайғамбарыңа иман келтірдім». Егер осы дұғаны оқып жатқан күні өлер болсаң, онда мұсылман болып өлесің, егер келесі таңға аман-есен жетсең, жақсылық табасың».

Имам Ғазали өз кітабында үміт етуге байланысты көптеген риуаяттар келтіреді:

Алла Тағала Дәуіт пайғамбарға:

– Ей, Дәуіт! Мені сүй. Мені сүйгендерді сүй және құлдарыма мені сүйдір, құлдарым мені жақсы көрсін, – деп әмір бергенде, Дәуіт пайғамбар:

– Бұны қалай жүзеге асырайын? – деп сұрайды. Алла:

– Сен Мені жақсылап зікір ет. Менің нығметтерім мен жақсылықтарымды олардың есіне сал. Олар менен тек жақсылық күтсін, – деген екен.

Яхия ибн Әксәм деген кісі қайтыс болғаннан кейін оны бір кісі түсінде көреді. Ол кісі Яхиядан:

– Алла Тағала сені қалай қарсы алды? – деп сұрағанда, ол:

-Раббымның құзырына барғанда: «Ей, күнәһар адам, неге мынаны-мынаны жасадың?» деді. Сол кезде мені керемет бір қорқыныш биледі. Мен:

– О, Раббым, Сені маған бұлай деп танытпаған еді, – дедім. Алла:

– Қалай танытқан еді? – деп сұрады.

– Әбдурраззақ Әнәстан жеткізген бір хадисінде, Алла елшісінің Жебірейілден алған бір хабарында Сен: «Құлым мені қалай деп ойласа мен оған сондай қатынас жасаймын» деген едің. Сен жайлы мені азаптамайды деп үміт еткен болатынмын,– дедім. Бұны естіген Алла Тағала:

– Жебірейіл, пайғамбар және бұл хадисті жеткізген басқа рауилар (хадисті жеткізушілер) дұрыс айтты. Сен де дұрыс айтасың», – деді. (Ғазали, Ихя, 4/1, 266-267 б.)

Отқа табынушы бір кісі Ибраһимге (оған Алланың сәлемі болсын) қонақ болуды қалайды. Ибраһим пайғамбар оған, егер де исламды қабылдайтын болса, қонақ қылатынын айтады. Отқа табынушы бұл шартқа келіспей, ренжіп кетіп қалады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға:

– Ей, Ибраһим! Бір құлым дінін өзгертпейді екен деп неге оны қонақ етпедің? Алайда, жетпіс жыл бойы ол мені танымаса да оған ризығын үзбей беріп келемін. Бір түн оны қонақ етсең өзің үшін қайырлы болар еді, – деп уахи етті. Бұны естіген Ибраһим отқа табынушыны іздестіріп тауып, қонақ қылады. Әлгі отқа табынушы одан: «Көзқарасыңды өзгертуге не себеп болды?» – деп сұрағанда, Ибраһим мән-жайды баяндайды. Бұған таңғалған отқа табынушы: «Шынында, Алла Тағала маған осылай қарай ма? (Қандай мейірімді Жаратушы. Өзіне дұшпан болсам да досына мен үшін ескерту жасайды?!) Олай болса, маған исламды үйрет» – деп мұсылман болған екен. (Қушайри, 224-225 б, Ғазали, Ихя, 4/1, 282-283 б.)

Алайда, үміт пен үрейдің арасында да тепе-теңдік сақтау керек. Тек құлшылықпен Алланың рақымдылығынан үміттену қаншалықты дұрыс емес болса, «Алла кешірмейді» деп жұрттың берекесін алып, бала-шағаны, күнделікті тіршіліктің бәрін ысырып қойып, тек құлшылықпен айналысу да қате.

Негізі Ұлы Жаратушымыздың жаһаннамды дұшпандарына дайындап, онымен достарын қорқытқандығы Құранның «Зумар» сүресінің 16-аятында кездеседі. Тағы бір аятта:

«Кәпірлер үшін дайындалған оттан сақтаныңдар»,-делінген. («Әли Имран» сүресі, 131- аят)

Пайғамбарымыз: «Рақымы мол Алла Өзінің ұлылығы мен рақымдылығы себепті жаһаннамды бір қамшы ретінде жаратқан, соның көмегімен Алла құлдарын жаннатқа жетелейді» (Ибн Мажа, Ибн Омардан, Ихя, 4/1, 275 б.) деу арқылы, Аллаһтың бұл ісі Оның рақымдылығынан туындағанын көрсетеді.

Алла Тағаланың рақымдылығы жайлы бір хадисте:

«Аллаһ жаратылысты жаратпастан бұрын рақымдылықты өзіне жазды және «Расында, менің рақымдылығым қаһарымнан жоғары тұрады»,– деген. (Бухари, Тәухид, 15,22; Муслим, Тәубә, 14)

Алла Тағаланың рақымдылығын айқын көрсететін көптеген хадисті келтіруге болады:

«Құл бір күнә істеп артынан тәубе еткен кезде Алла Тағала періштелеріне «Құлыма қараңдар: күнә жасады, күнәсінің жазасын беруші және кешіруші Раббысының бар екенін біліп тәубеге келді. Куә болыңдар, оны кештім» дейді. (Бухари, Муслим, Ихя, 4/1, 273-б.)

«Егер сендер мүлде күнә жасамасаңдар, Алла Тағала басқаларды жаратады. Олар күнә жасайды, Алла оларды кешіреді». Басқаша айтқанда «Сізді жоқ қылып, басқа жаратылыстарды жаратады. Олар күнә жасайды. Алла да оларды кешіреді. Өйткені, Алла – өте Жарылқаушы, Рахым иесі». ( Муслим, Тәубә, 9; (2748); Тирмизи, Дағауат, 105, (3533))

«Жанымды уысында ұстаған Алланың атымен ант етейін, Алланың құлына деген мейірім-шапағаты бір ананың баласына деген мейірімділігінен сансыз есе үлкен». (Бухари, Муслим, Ихя, 4/1, 278-б.)

«Алла Тағаланың жүз рақымы бар. Тоқсан тоғызын өзінің жанында сақтап қойды. Дүниеге тек бір рақымын түсірді. Жаратылыстың бір-біріне деген мейірім-рақымы, ананың балаға деген мейірімі, жануарлардың өз төлдерін бауырына басуының бәрі осы бір рақымның себебімен өрбиді. Қиямет болған кезде Ол бір рақымын тоқсан тоғызға қосып, жүз рақымдылық етіп шашады. Әрбір рақымдылығы жер мен көктің кеңдігіндей. Ол күні тек қана шынайы мағынада жазаға лайық болғандар құрдымға кетеді». (Бухари, Әдәб, 19; Муслим, 17 (2752))

Адамға үміт сыйлайтын бұдан да басқа хадистер мен аяттар көп. Алайда, Алланың рақымына жеңіл-желпі қарауға болмайды.

Осы тұста Жаратушы рақымының кеңдігі жайлы мына бір оқиғаны да айта кеткен жөн.

Омар ибн Хаттабтың айтуы бойынша:

Алла елшісінің алдына бір топ тұтқын әкелінді. Араларында бір әйел бар еді. Әйел шарқ ұрып біреуді іздеп әлек. Өз баласын тапқанда барып, аналық мейірімін төге айналып-толғанып мауқын басты. Іле-шала оны көкірегіне қатты қысып, құшақтап емізді. Осы бір көрініске қасындағылардың назарын аудартқан Алла елшісі:

– Мына ананың өз баласын отқа қиюы мүмкін бе? – деп сұрады. Біз жарыса:

– Жоқ, – дедік.

Сонда пайғамбарымыз: – Ендеше, Алланың құлдарына деген рақымдылығы, бұл әйелдің баласына деген аналық мейірімінен де сансыз көп, – деген болатын. (Бухари, Әдәб, 18; Муслим, Тәубә, 22 (2754))

Әбу Һурайра пайғамбарымыздың:

«Мүміндер Алланың жазасын білсе, ешбірі жаннатты үміт ете алмас еді. Кәпірлер Алланың рақымын білсе, ешбірі жұмақтан үміт үзбес еді»,-дегенін жеткізген, ( Муслим, Китабут-тәубә, 2755).

Газзада өмірінің соңғы сәттерін өткізіп жатқан ғұлама Имам Шафиидің үміт жайлы айтқан ғибратты сөздері де кісіге ой саларлық. Ол:

«Жүрегім қатайып, жолдарымның астаң-кестеңі шыққан шақта үмітімді кешіріміңе баспалдақ қып төседім… Күнәларым көз алдымда қанша ұлғайғанмен Сенің кешіріміңнің қасында түкке тұрмайтынын білдім, бәрібір кешіріміңнің көз жетпес кең екенін көрдім»,– деген.

Ол «Адам бойында жас кезде үрей, қартайғанда үміт басым болу керек» деген мәні терең һәм ғибратты тұжырым айтқан. (Ғазали, Мукашафатуль-қулуб)

Жалғасы бар…