Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқанов
Таяуда ғана Бас Мүфтидің бұйрығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңіріндегі бас имамы, Семей қаласындағы Қос мұнаралы орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалған Асқар Мұқанов бастаған бір топ семейлік дін қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық имамдар форумына қатысып қайтқан еді.
Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқановпен болған сұхбатты оқырман назарларына ұсынамыз.
– Құрметті имам, Елордада өткен форумның маңыздылығы жөнінде не айтасыз?
– Бас қалада өткен алқалы жиынға 500-ге жуық имамдар, мемлекет, қоғам қайраткерлері және белгілі ғалымдар, дінтанушылар қатысты. Алдыңғы өткен екі форумда діни басқарманың ұстанымы, бағыты, сенімі, амал – ғибадаттары айқындалса, таяуда өткен ІІІ форумда моральдық құндылықтарға баса назар аударылды.
Осы форумда қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы қоғамға үлкен рухани серпіліс беретін маңызды құжат деп білеміз. Ғабдулла ибн Жабир (р.л.ғ)-ның жеткізуі бойынша Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-ға Жебірейіл (ғ.с.) Алла Тағаланың былай дегенін хабарлапты: «Шын мәнінде, бұл Ислам діні Мен разы болған дін. Оған жомарттық және көркем мінез жарасады. Ислам дінін жомарттық және көркем мінез арқылы қуаттаңдар!». Бұл хадистен алар ғибратымыз көркем мінезділік Исламның басты қағидаты болып табылады. Яғни әр мұсылманның бойындағы жоғары адами қасиет төл дініміз Исламның тағылымы. Өзін мұсылманмын деп санайтын пенденің бойында имандылық пен адамгершілік қасиет жоғары болу керек.
Бүгінгі өскелең қоғамымызда материалдық игіліктер жеткілікті-ақ. Дегенмен кейбір ортадағы рухани жұтаңдықты көргенде көңілің су сепкендей сап басылып қалатын жағдайлар жиі кездесіп жатады. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан бабамыз: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» – деп айтқандай болашағымыздың егесі болатын жас ұрпақтың бойына имандылық қағидаларын сіңіріп, кемел адам тәрбиелеу аға ұрпақтың басты міндеті болып табылады.
Даналарымыз айтып кеткен кемел адам әрдайым өз ұлтына, Отанына қызмет етіп, адамгершілік қасиетті биік ұстайтындығы хақ. «Жеті рухани қазық» тұғырнамасы Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы деп білеміз. Үлкен тәрбиелік маңызы бар тұғырнаманы қалың жұртшылық арасына кеңінен насихаттауға тек имамдар ғана емес, елағалары және зиялы қауым өкілдері атсалысса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым- Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларға жолдаған құттықтауында: «Парасаттылық, отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерін халықтың санасына сіңіру – сауабы мол абыройлы миссия. Ислам дінінің осындай ізгі құндылықтары еліміздегі мұсылмандар қауымын біріктіріп, ынтымағын арттырып отыр. Имамдарымыз халық арасында рухани, ағартушылық жұмыстарын ұдайы жүргізіп, жас ұрпақтың бойына имандылықты дарытуға атсалысуы өте маңызды» – деп айтуы мешіт имамдарына үлкен міндет жүктейді.
Ғибраттық тағылымы мол құжатты жастардың ортасына көбірек насихаттауымыз керек. Қазіргі кезеңде Семей өңіріне қарасты мешіттерде аталмыш тұғырламаға байланысты жұмыс жоспары жасалып, ауқымды шараларды жүзеге асыру жолдары қолға алынуда.
– Елордада өткен форумда елімізде тұңғыш рет дін қызметкерлері атқаратын 45 діни жоралғының тізімі жасалды. Осының себебін атап өтсеңіз.
– Форумда қабылданған «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізімі» құжатында дін қызметкерлері атқаратын қызметтердің айқындалуы, бұл шектеу емес. Керісінше дін жоралғылардың сауатты атқарылуына жол ашатын қадам. Белгіленген 45 діни рәсімді атқарудың өз жауапкершілігі бар.
Адам шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, жер бесікке аттанғанша атқарылатын діни жоралғылар әрдайым қоғамның басты назарында. Сондықтан әрбір діни рәсімдер өз дәрежесінде сауатты атқарылып, бір ізділікте болуы керек. Кей жағдайда білім дәрежесі, лауазымы сай келмейтін адамдар халық ортасына шариғат айтып, пәтуа беретін жағдайлар да кездесіп жатады. Аталмыш құжат осындай келеңсіздіктерге тосқауыл қойады.
– Бүгінгі мешіт имамының келбеті қандай болу керек?
– Дін қызметкері – діннің айнасы. Сондықтан мешіт имамдарына қойылатын талап та жоғары. Ең бірінші дін қызметкерінің бойында құдайшылдық, тақуалық, білімдарлық және отаншылдық болуы керек. Әрбір имамның білімі мол, біліктілігі жоғары болып, зияткер имам болу басты талаптың бірі болып табылады. Ұдайы ізденісте болып, діни және ұлттық құндылықтарды халық арасына сауатты түрде насихаттайтын дәрежеде болу керек.
«Отанды сүю – иманнан» деген даналық сөзді әрдайым жадымызда сақтап, Елге, Жерге деген сүйіспеншілікті дәріптейтін өзекті тақырыптар биік тұру керек. Халықты береке-бірлікке, ынтымаққа шақырып, әділ, мейірімді имам болу басты міндеттердің бірі болып табылады.
– Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Дін-насихат» – деген екен. Жалпы ел арасына дініміздің құндылықтарын насихаттау жұмысы қалай жүзеге асуда?
– Қазіргі уақытта дін насихаты тұрақты, жүйелі түрде жүргізілуде. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан дәстүрлі Ханафи мазхабын, имам Матуриди ақидасын дәріптеу жұмысы жақсы жолға қойылған және жоспарлы түрде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мүфтият жанында республикалық ақпарат насихат тобы жұмыс істейді. Бұл топтың құрамында білікті дінтанушылар, дін білгірлері топтастырылған. Сонымен қатар, әрбір аймақта жергілікті ақпарат насихат тобы жұмыс істейді. Елімізде экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары осы топтар арқылы жүзеге асырылуда.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері комитеті мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арасында жасалған меморандум аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, дәстүрлі дінді насихаттау, радикализм мен экстремизмнің алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, мешіттерде айтылатын уағыз-насихаттардың кестесі, тақырыбы алдын ала белгіленіп, бірізділікке салынған. Мүфтиятқа қарасты 16 интернет портал бар. Таяуда Мүфтияттың ұйымдастырумен жарық көрген «Мұнара» атты рухани танымдық газет оқырманға жол тартты.
Мемлекеттік мекемелермен байланыс көбінесе ұйым басшыларының келісімімен жүзеге асады. Біздің басты мақсатымыз – халық арасында дәстүрлі дініміздің және ұлттық салт-дәстүріміздің құнды мирастарын насихаттау болып табылады.
– Сіз Абай, Шәкәрім сияқты даналар шыққан киелі өңірге қызметке келіп отырсыз, келген қадамыңыз құтты болсын!
– Рахмет! Алланың қалауымен Түркістаннан кейінгі ұлттымыздың рухани – мәдени орталығы болып саналатын Семей өңіріне қызметке тағайындалдым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік деп білемін. Хакім Абай мен ойшыл ақын Шәкәрім қажы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан сияқты айтулы тұлғалардың ізі қалған және Алаш арыстары ту тіккен Семей жерінің тарихына бұрыннан қанық едім.
Алда ғұлама бабамыз Әль-Фарабидің 1150 жылдық, дана Абайдың 175 жылдық мерейтойлары келе жатыр. Бұл айтулы мерейтойлардан мешіт қызметкерлері де қалыс қалмайды. Алдағы уақытта «Алланың Өзі де рас, сөзі де рас» – деп бүкіл қазақ халқын Алла жолына үндеген хакім Абай мен асыл дініміздің насихатшысы болған Шәкәрім қажының рухани мұраларын халық ортасына кеңінен насихаттап, арнайы ғылыми жиындар өткізу жоспарымызда бар.
Сөз соңында барша қауымды соңғы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-тің дүниеге келген Мәуліт айының келуімен құттықтаймын! Күллі ғаламға рахмет нұрын шашқан сүйікті пайғамбарымыз (с.ғ.с)-тың өнегелі ғұмыры – әрбір мұсылманға бағыт- бағдар беретін дара жол.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, тәуелсіз Отанымыздың мәртебесі биік болсын! Алла тағала халқымызға хидаят, береке-бірлік, мол ырыс нәсіп етсін! Әмин!
– Сұхбатыңызға көп рахмет!
Дін жолындағы жауапты да, сауапты қызметіңізге толағай табыс тілейміз!
Сұхбатты жүргізген
Дәулет Рамазанұлы,
Семей қаласы.
ӨМІРДЕРЕК
Мұқанов Асқар Әбітайұлы
1984 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында қазақ отбасында туған.
Осы ауылдағы «Б.Соқпақбаев» атындағы орта мектеп-гимназияда 1991—2001 жылдар аралығында оқыған. 2005—2013 жж… Египет Араб республикасы Каир қаласы «Ал-Азһар» Ислам университетінде «Шариғаттану» мамандығы бойынша тамамдады. Оқу жылдарында ҚР-ның Египет Араб республикасындағы елшілігінің тағайындауымен ҚР-ның Мысырдағы студенттерге жауапты староста қызметін атқарды. 2014—2016 жылдар аралығында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» мамандығы бойынша магистратураны бітірген.
2014 жылы Мәскеу қаласындағы «Терроризм мен Экстремизмнің алдын алу жолдары» мақсатында жүргізілген 2 апталық семинарға қатысып сертификат алды.
2015 жылы ҚР-сы Призиденті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында саясаттану, әлеуметттану пәндері бойынша 1 апталық семинарға қатысып сертификат алды.
2010 жылы Алматы облысы Қарасай ауданы, Шамалған ауылы, мешітте және «Үшқоңыр» медресесінде ұстаз қызметін атқарады.
2013—2015 жылдары Алматы қаласы Бостандық ауданы «Орбита» мешітінде наиб имам қызметін атқарады.
2013-жылдан бері ҚМДБ-ның жанынан құрылған Республикалық ақпараттық-насихат (РАНТ) және Жергілікті ақпараттық-насихат (ЖАНТ) тобының тұрақты мүшесі. РАНТ жұмысы барысында теріс ағымның алдын алу мақсатында исламтанушы-теолог ретінде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, өңірлердегі кездесулерге белсенді түрде тұрақты қатысып, еліміздегі жалпы діни ахуал мен діни конфессиялық келісімнің тұрақтылығына өз үлесін қосып келеді.
2014—2015жж. Нұр-Мубарак Египет ислам мәдениеті университетінде тәрбиеші ұстаз қызметімен жұмыс істейді.
2015 жылы қараша айынан бастап Астана қаласы Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінде сауат ашу курсы, теріс ағыммен жұмыс жасау бағыттары бойынша наиб имам қызметін атқарды.
2017 жылы мамыр-желтоқсан айлары аралығында «Әлжан ана» мешітінің бас имамы қызметінде қызмет етсе, 2017—2018жж. Астана қаласының өкілі имамы, «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы ретінде жұмыс істеді.
2018 жылдың қазан айынан бастап, 2019 жылдың қазан айына дейін «Нұр Астана» қалалық мешітінің бас имамы міндетін атқарды.
2017—2019жж. қазан айынан бастап «Әлжан ана» мешітінің жанынан ашылған «Имамдардың білімін жетілдіру және кәсіби қайта даярлау» Республикалық орталығының директоры қызметінде болды.
2019 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ-ның Семей өңірі бойынша бас имамы болып тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Діни бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткізілетін жинасылтардағы ҚМДБ өкілі ретінде тұрақты қатысушысы.
Араб, тілін жетік меңгерген. Отбасылы, 4 баласы бар.