Кездесуге Аягөз аудандық мәслихат хатшысы Сейілбек Ысқақов, аудандық мәслихат депутаты Нұрланбек Төлегенұлы, аудан имамы Думан Нәдірұлы, ҚМДБ Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов, сонымен қатар өңірдегі бір топ жамағат пен дін жанашырлары қатысты.
Делегацияны бастап келген мәслихат хатшысы Сейілбек Ысқақов Бас мүфтиді жаңа қызметке сайлануымен құттықтап, аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлының игі тілегін жеткізіп, құттықтау хатын оқып берді.
«Сіз Аягөз ауданында бас имам болған жылдары бірқатар игі жобаларды жүзеге асырдыңыз. Сіздің бастамаңызбен ауданымызда бірнеше мешіт салынды. Жергілікті жұртшылық бұл ізгі ісіңізге әлі күнге дейін дән риза. Сіздің Бас мүфти болып сайлануыңыз барша Аягөз ауданының тұрғындарын шат-шадыман күйге бөледі. Алла әр ісіңізге жар болсын!» деді С.Ысқақов. Аудан басшылығы мен жұршылығының дұғай сәлемін жеткізген мәслихат хатшысы Бас мүфтиге «Аягөз мақтанышы» төсбелгісін табыстады.
Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті басшылық пен жамағаттың риясыз ризашылығы мен ізгі ниетіне алғысын білдіріп, ел игілігі жолында бірлесе қызмет етуге үндеді.
Пікір қалдыру