Сүйінбай Аронұлының «Бөрілі менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деп жырлайтыны бар. Алты Алаштың Абылайдың ақ туының астына біріккенін де білеміз. Одан беріде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деп ұрандатты. Осыған қарағанда, қазақ тарихында түрлі-түрлі тудың болғаны анық. Ата-бабалар ұстаған біздің байрақтар қандай болған? Ендеше, көк туға дейінгі көп туды еске түсірейік.
Қазақтың ежелгі туларында негізінен үш белгі болған. Олар: айдаһар, көк бөрі және ай-жұлдыз. Айдаһардың суреті тотемдік белгі ретінде сарматтар мен ғұндардың байрағында болыпты. Сақтардың туында да түрлі жануарлардың бейнесі болғанын бүгінгі тарихшылар айтып жүр. «Күндіз отырмадым, Түн ұйықтамадым, Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым, Түркі ұрпағы үшін» деп келетін Күлтегін мен Тоныкөк дәуіріндегі туда көк бөрінің басы бейнеленген. Тудың да түсі көк болыпты. Бір аңызда ғұндар (түркілер) өзінің күншығыстағы көрші елінен қатты жеңіліс тауып, тегіс қырылатыны айтылады. Жау әскері тек бір сәбиді ғана өлтірмей, тастап кетеді. Баланы көк бөрі қанаттандырады. Міне, сол баладан ғұндар мен түркілер тараған екен-міс. Түркінің алғашқы көсемі Ашина ордасының қақпасына бөрінің суреті бар ту байлапты. Міне, содан бері бөрілі байрақ түркі ұрпағы символына айналды.
Бір деректерде қарахандар дәуірінде қызғыш қоңыр реңдегі ту ұстағаны, оған жебенің, тарақтың суретін салғаны жайлы жазылған. Алайда Қараханның ұлы Уыз (Оғыз) хан бөрiлi байрақты алтыннан құйдырып сақтаған екен. Осы бөрілі байрақ па, әлде кейінгі шыққан көшірмелері ме, Эрмитажда тұрған бөрінің басы бейнеленген бір ту астанадағы мұражайға әкелінді. Алайда Сүйінбай жырға қосқан бөрілі байрақ көк түріктерге тән емес болуы мүмкін. Бәлкім осы байрақтың кейінгі үлгісі шығар, бұл бөрілі байрақ Шапырашты батырға тиесілі болған екен. Мұны «Бөрiлі байрақ көтерсе, Жоқты жонып табамыз, Бөрлі байрақ астында, Ту түсіріп, жау алған, Шапырашты батыр бабамыз» деп Сүйінбайдың өзі де растайды.
Тарихшы Берекет Кәрібаевтың айтуынша, Алтын Орда, Ақ Орда дәуірінде туымыздың түсі ақ болыпты. Туда Шыңғыс әулетінің таңбасы – тарақтың және жарты айдың белгісі бейнеленген екен. Aнжелино Дулцерт деген итальян картографы 1339 жылы құрастырған картасында Алтын Орданың туы деп дәл осы туды көрсеткен. 1375 жылы Абраам Крескес құрастырған каталандық атласта да осы байрақтың суреті бар.
Ал Қазақ хандығының туы қандай болған? Википедиядан іздер болсақ, Қазақ хандығының байрағы деп ақ туды емес, көк туды көрсетіп қойыпты. «Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланады» деген күннен бастап интернетте осы тудың суреті қаптап кетті. Байрақтың ортасында шексіздікті білдіретін белгі (жоңғарлардың оюы деген дерек бар), шетінде бесбұрышты үш жұлдыз бейнеленген. Қазақтың не семантикасына не геральдикасына келмейді. Алайда байрақтағы үш жұлдызды қазақтың үш жүзі деп түсіндіріп жүргендер бар екен. Әлкей Марғұлан кезінде қазақ хандары көтерген жалаудың түсі қызыл болғанын, шетінде үш, тоғыз құйрық байланғанын, ортасында төре таңбасы кестеленгенін жазған. Ал тарихшылар Керей мен Жәнібектің Шыңғыс ханның туын Қазақ хандығының байрағы етіп көтергенін жазып жүр. Сондықтан интернетте жүрген Қазақ хандығының туы деген үш жұлдызды көк байрақ ойдан шығарылған нәрсе болуы мүмкін. Тарихта тек Әмір Темірдің ғана аспан түстес ту ұстағаны жайлы дерек бар.
Ешбір тарихшының кітабында әлгіндегі көк ту туралы мәлімет жоқ. Есесіне қызыл, жасыл, ақ тулардың болғаны айтылады. Орыс хан заманында қазақ даласында осы үш түсті байрақ кең таралған. Сарай хандары – қызыл ту, Шағатай әулеті – ақ ту, Үгедей әулеті көк тумен дараланған деседі. Орыс ханның қызыл туын кейін Есім, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет хандар мемлекеттік ту етіп бекітіпті. Кейбір деректерде Абылайдың жасыл ту ұстағаны айтылады. Ханның немересі Кенесарының да байрағының түсі жасыл болған көрінеді.
Ал Амангелді батыр атасы Иман батырдан қалған алашұбар туды төбесіне көтерген. Бұл жайлы Ахмет Байтұрсынұлы «Мұсылманның ұраны – шұбар ала ту алдың» деп жырлайды. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы да қазақта шұбар ала ту болғандығын айтқан. Соған қарағанда, қазақ тарихында шұбар ала тудың қасиеті мол болғанға ұқсайды. Шұбар ала ту әсіресе Ұлт-азаттық көтерілістер көсемдерінің негізгі нышанына айналды.
Қазақта ақ ту көтеру дәстүрі бұрыннан бар. Дешті Қыпшақтың да туы ақ болған деседі. Олардың ұғымында ақ түс – тазалықтың, әділдіктің нышаны. Қазақ хандығында әр ханның, тіпті әр батырдың жеке байрағы болған екен. Тарихи құжаттардан Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек батырлардың өз туы болғанын білеміз. Қабанбайдың, Оспан батырдың байрақтарының түсі ақ екен. Абылай ханның да жауынгерлерді ерлік пен өрлікке бастаған туының түсі ақ болыпты. Хан байрағы ұзындығы үш құлаш найзаға сапталыпты. Биіктігі – 150, ені 70 сантиметр болатын ақ байрақ екенін жазып жүр тарихшылар. Абылай заманындағы ту 1930 жылға дейін Арыс қаласы маңындағы «Хан қорған» мекенінде сақталып келген деген дерек бар.
Халқымыз Ислам дінімен қауышқан кезде туымыздың түсі жасыл болған. Алашорда үкіметінің де туының түсі – жасыл. Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз! Енді Алашты ешкімнің, Қорлығына бермейміз!» деген зарында бүкіл Алаш қайраткерлерінің жанайқайы жатқандай сезіледі. «Сарыарқа» газетінің 1918 жылғы 22 қаңтарындағы санында: «Декабрьдің 12 күні, түс ауа, сағат 3-те дүниеге «Алаш» автономиясы келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты Алаш баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді… Жасасын Алаш автономиясы!» деген Әлімхан Ермековтің рухты жолдары бар. Осы мақалада айтылған Алаш туы туралы айтсақ. Жасыл байрақтың жоғары жағында төте жазуымен «Жасасын Алаш автономиясы!» деген ұран бар. Ал ортаңғы бөлігінде арабша жазылған «Лә-иләһа иллаллаһ, Мухаммадур расулуллаһ», яғни «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген кәлима жазылыпты. Өкінішке қарай, Алашорда өкіметінің туы ұзақ көтерілмеді. 1917-1920 жылдары туы желбіреген Алаш автономиясын Кеңес өкіметі күшпен таратып, қазақты қан қақсатты. Соңында, осы үкіметті құруға атсалысқан ұлт зиялыларын қуғындап, ату жазасын кесті. Осылайша, қазақ баласына Алаш туы астына бірігудің бақыты нәсіп болмады. Бір қуанарлығы, арыстарымыздың үкілі үмітіндей болған сол жасыл ту әлі де бар екен. Алаштың туы қазіргі күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жымпиты кентіндегі Сырым Датұлы атындағы музейдің «Алаш» залында сақтаулы тұр. Түркістан автономиясының туы қою қызыл болған екен. Бұл байрақ екі рет өзгертілген. Біріншісінде, бұрышында төте жазумен, кириллицамен АССР, екіншісінде ТССР деп жазылған.
Совет заманында көгімізде жетпіс жыл бойы қызыл ту желбіреді. Қызыл ту да қазаққа жат емес. Алтын Орда билеушісі Орыс ханнан қалған қызыл ту XVII ғасырда Есім ханның тұсында көгімізде желбіреген екен. Сол ту қайта оралып, 1937-1940, 1940-1953, 1953-1991 жылдары рәмізімізге айналды. Үш рет ауыстырылған бұл тудың жиегінде орақ пен балға, ортасында көк сызық, латын және кириллицамен жазылған «Қазақ КСР» деген жазу болды. Қызыл ту қазақтың да мақтанышы деуге болады. Өйткені 1945 жылдың 30 сәуірінде Фашистік Германияның жеңілісінің айғағы ретінде қазақтың ұлы, батыр тұлғасы Рақымжан Қошқарбаев Рейхстагтың ұшар басына ту тіккен болатын. Бүгінде қазақ батырының қолымен Германия астанасына тігілген сол жеңіс туы Қазақстанның Тұңғыш Президенті музейінде сақтаулы тұр.
Тәуелсіздікке қол жеткізген соң Қазақстан өзінің көк туын көтерді. Иә, 1992 жылдың 4 маусымында қазіргі көк байрағымыз мемлекеттік ту болып жарияланды. Алғашқыда туға конкурс жариялаған кезде 600 адамнан 1200 тудың үлгісі келген екен. Соның ішінен Шәкен Ниязбеков атамыз дайындаған ту таңдалып алынды. Бүгінде сол көк туымыз көгімізде желбіреп тұр. «Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып, Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік!» деп ақын Несіпбек Айтұлы жырлағандай, тәуелсіздігіміздің айғағындай ұлттық туымыз мәңгілікке желбірей бергей!
Серікбол ХАСАН,
ҚМДБ Ғаламтормен жұмыс секторының меңгерушісі
Пікір қалдыру