«….Жаздың шіліңгір ыстығы, тымық күн, таза ауа. Дәл осындай ауа-райында, кетіп бара жатып, жол бойында отырған, реңі қаралау, қолында демейтін таяғы бар, жасы да біразға келген, жалғыз басты қарияны байқап қалдым. Өмірдің күйбең тіршілігіне сырттай тамсанып отырған бұл жан, құдды бір әсем бейнені аңғартатындай. Салтымыз бойынша үлкен кісіге амандасып, жөн сұрасып болғаным сол еді, әлгі қария кідіре тұруымды сұрап, сағаттың неше болғанын айтуымды өтінді. Уақытты айтып едім, қария: «Е, балам, біз күн кешкен заман басқа еді…», – деп тұспалдай отырып, өз көзімен көргендерін әңгімелеуге кірісті. Мен, әуелі сырттай ғана бақылап тұрған бұл жанның, сонымен қатар, көпті көрген, елін сүйген азаматтардың бірі екенін, бірден байқап, сол сәтте-ақ әңгімеге еніп кеттім. Қария, сонау ұлтымыздың басына түскен, ұлы нәубет – ашаршылық жылдарынан бергі тарихымызды сөз етті. Бастан кешірген әрбір күндерінің қорқыныш сезімімен өткенін де қариямыз жасырмады. Әлгі оқиғаларды естігенде, тіпті, денем түршігіп, ішімнен: «Аллаға шүкір! Тәубе!» – дедім. Әңгімеге тұздық болсын деп, арасында өз тарапымнан сұрақтар да қойып отырдым. Сұрағымның соңғысы: «Көптен күткен Тәуелсіздігімізді алғанда қандай күй кештіңіз?» – деумен аяқталды. Атамыз: «Қаншама қиындыққа бөгеттей қарсы тұрып, тайсалмаған еліміз бостандығын алғанда, аяқ-қолымыздан ауыр-ауыр кісендер шешілгендей күй кешкеніміз рас. Көп құрдастарым көре алмай кеткен, Тәуелсіздіктің жемісін ұрпақтарымыздың көріп жатқаны үшін өте қуаныштымын! Себебі, дана халқымыздың: «Тәуелсіз елдің ұлы-өжет, қызы-қайратты, халқы-қаһарман» – деген сөзі бар емес пе?!» – деп қариямыз өзінің ғибратты әңгімесін аяқтады. Мен біраз нәрсені ойыма түйіп, бағытымнан жаңылмай, жүріп кеттім.»
Иә, «Жақсымен бірге өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» – демекші, бұл қарияның салмақты әңгімесі, әлі де болса жадымда. Расыменде, тәуелсіз елде, бейбіт күн кешіп жатқанымыз үшін, қуануымыз, мақтануымыз қажет. Қасиетті Құран Кәрімде:
«Әй адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам ата мен Хауа анадан) жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттарға және руларға жіктеп қойдық. Шынында, Алла құзырында құрметтілерің тақуалы болғандарың. Алла шексіз білгір, бәрінен хабардар» («Хұжұрат» сүресі, 13-аят). Иә, Жаратушы иеміз жер бетіндегі адамдардың бір-бірін тануы үшін, ұлыстар мен ұлттарға бөлгені рас. Жаратушымыз бізді ұлттарға бөліп қана қоймай, тіпті, бабаларымыз армандаған бейбіт елде өмір сүруді де, біздерге нәсіп етті. Бұл, бізге берілген үлкен нығметтердің бірі екенін түсінгеніміз абзал.
Елін, жерін сүю, құрметтеу – күллі адамзаттың борышы. Бабаларымыздың, батырларымыздың елін, жерін, халқын қасық қаны қалғанша қорғауының өзі, дініміздегі ізгі амалдардың қатарынан болып есептеледі. Бұл жайында, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Отан қорғаудың қандай сауапты іс екендігін айтқаны бар. Ардақты сахабалардың бірі Пайғамбарымыздан: «Уа, Расулалла! Ең абзал амал не?», -деп сұрағанда, Алла Елшісі: «Шекараны, Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзетте тұру, бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде намаз оқудан қайырлы», – деген. Және бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз». Демек, Отанымызды, елімізді қорғау, құрметтеу – әрбір жан үшін үлкен сауап болып жазылары сөзсіз.
Жер көлемі бойынша тоғызыншы орынды тізгіндеген, егеменді еліміз көпұлтты мемлекет екенін де білеміз. Түрлі ұлт өкілдерімен бір шаңырақ астында, ынтымақ, бірлікте, бейбітшілікте, бір мүдде үшін, бір ел үшін өмір сүрудің өзі бақыт. Олардың да Отаны – Қазақстан, жүректері де, өздерін бауырына басқан ел үшін соғады, деп айтсам, қателеспегенім. «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» – дегендей, ынтымағымыз, ауызбіршілігіміз мықты болса, бақ-береке, ырыс-несібе де молаймақ, еліміздің ғұмыры да, баянды болмақ. Алайда, осындай бейбіт күннің қадірін түсінбей бүлік жасап, еліне қиянат жасайтындар да жоқ емес.
Төрт халифаның бірі, әрі білім қақпасы атанған Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын): «Адамгершілігіңе жамандық жасаса, оны кешір. Ал егер ол Отанына және халқына жаманшылық етсе, әсте кешірмеңдер», – деп айтқан екен. Бұдан шығатын қорытынды, кімде-кім Отанына, еліне қиянат жасаса, ол үлкен күнә болып жазылатын анық. Ал, елінің болашағы үшін тер төгіп қызмет етіп жатқан басшының заңдарына бағынбау, дәл сол жасалған қиянатпен бірдей. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы әмір иелеріне бойұсыныңдар» («Ниса» сүресі, 59-аят). Ал «Бақара» сүресінде бұл істің қандай ауыр күнә болары анық көрсетілген. «Бүлік шығару адам өлтіруден де бетер» («Бақара» сүресі, 191-аят). Иә, еліміз бен жерімізге қастандық жасамай, керісінше жақсылық жасауға ұмтылғанымыз жөн.
Еліңді, Отаныңды сүю – әуелі Аллаға иман ету, өзіңді, туған-туысыңды сыйлау, салт-дәстүріңді бағалау сынды ұғымдарды біріктіреді. Ал, елін-жерін шын сүйген жан, оны қорғап, мадақтап жүретіні сөзсіз. Ал, Отанын, Елін сүйе білмеген адамның иманы әлсіреп, бұл ұғымның ішіне кіретін игі қасиеттерден де жұрдай болатыны анық.
Қазақта: «Отан отбасынан басталады» – деген, керемет сөз бар. Яғни, адамзат баласы ең алдымен өзі елін құрметтеп, оны сүйе білсе, әрі дәл сол қасиеттерін ұрпағына дарыта алса ғана, елдің келешегі зор болмақ. Міне, Отанды сүю әрбір жаннның кішкентай шағынан басталып, бүкіл ғұмыр бойына созылуы тиіс. Себебі, Еліміздің болашағы, кішкентайынан еліне құрмет көрсетіп, сол сезімді басынан кешіре алатын, кең ойлап, білімді толық меңгерген, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақтарға аманат етіледі.
«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» – демекші, егеменді, бейбіт елімізді құрметтейік. «Мемлекетімізге титтейде болсын өз үлесімді қосайын!» – деген мақсатпен өмір сүріп, болашаққа бірге қадам жасайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, әр атқан бейбіт таңымыз үшін шүкір етейік!
Алмас Айткәрімұлы,
«Аягөз қалалық» мешітінің бас имамы
Пікір қалдыру