Еліміздегі алғашқы діни басылымдардың бірі болып саналатын «ISLAM NURY» газеті 20 жыл бойы облыс тұрғындарын рухани мақалалармен сусындандырып, өкілдіктің жаңалықтары мен өңірдегі мешіттер тынысын жариялап келеді. Оқырмандарға Ислам құндылықтары мен имандылықты насихаттап, аймақ көлеміндегі береке-бірлікті, ішкі тұрақтылықты сақтауға өзіндік үлесін қосуда Осы жылдар ішінде басылымның 480 саны жарыққа шығып, 2 500 000 дана Шығыс Қазақстан аймағына таралды.
Таяуда газеттің ақпарат айдынында жүргеніне 20 жыл толды. Басылымның осы жылдар ішінде үздіксіз шығуын қамтамасыз етіп келе жатқан газеттің бас редакторы әрі құрылтайшысы, Қазақстанның құрметті журналисті Дәулетхан Рамазанұлы Тілеубердиевтің еңбегі ерекше. Дәулетхан Рамазанұлы Шәкәрім университетінде қосымша оқытушылық қызмет атқара жүріп, БАҚ саласына маман тәрбиелеп жүрген ұстаз. Аймақтық журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше рет облыс әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
Дәулетхан Рамазанұлы Тілеубердиевтің іргелі еңбегін бағалап, Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқанов, Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің бастығы Айбек Самат, өңір имамдары және қала зиялылары айрықша ризашылығын білдірді. Семей өңірінің бас имамы Асқар Мұқанов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы бас мүфти Наурызбай кажы Тағанұлы хазіреттің алғыс хатын табыстады. Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтың Алғыс хатын ішкі саясат бөлімінің бастығы Айбек Самат табыстады. Ал газет оқырманы, мешіт жанашыры Гүлжихан Жұматаева қазақ салтымен шашу шашты.
Осындай ұрпақтарымызға рухани азық болатын бастамаларымыз көп болсын!
Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдыру