Жәһилият кезінде (Исламнан бұрын) арабтар «Аурулар белгілі күш-қуатқа, құдіретке ие. Бір организмнен басқа бір организмге ауру сол күш-қуаттың көмегімен өтеді» деген сенімде болды. Қазір де кез келген адамның «Жұқпалы аурулардың басқаға жұғатыны, тарайтыны ғылыми тұрғыда дәлелденген» деп айтуы заңдылық.
Алайда аталған хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылманның бұл мәселеде діни көзқарасы қалай болу керектігін түсіндірді. Яғни біздің ақидамыз (діни сеніміміз) бойынша науқас кісінің ауруы сау адамға өз-өзінен жұқпайды. Дерт жұқса да, Алла Тағаланың қалауымен, білімімен, тағдырымен және шешімімен жұғады. Жұқпалы ауруға шалдыққан адаммен сау адамның араласуы дерттің жұғуына себеп болады. Алайда біз, мұсылмандар, нық сеніммен (100 пайыз) ауру жұғады демейміз, Алла қаласа жұғады деп айтамыз. Өйткені, өмірде жұқпалы аурудың сау адамдарға әсер етпеген мысалы өте көп.
Исламнан бұрын араб қоғамында түрлі ырымдарға сену кеңінен тараған болатын. Мысалы, арабтар құстардың ұшуына қарап жақсы не жаман жорамал жасайтын. Бір істі істеу не істемеуде күмәнданса, құс ұшыратын. Егер құс оң жаққа қарай ұшса, істі бастайтын, ал сол жаққа қарай ұшса, істемейтін. Егер құс тура ұшса, құсты қайта ұшыратын. Ислам діні осындай ырымдарды жоққа шығарды.
Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірлік ұстанымы әрдайым жамандықты ойлап, әр нәрседен сескеніп, қайғы-мұңға салына беру емес, керісінше әрқашан қандай жағдай болмасын оны жақсылыққа жорып, келешекке үмітпен қарау болатын. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «жақсы сөз» дегені әрдайым жақсы сөз айтып, алдағы күннен тек қана жақсылық күту болатын.
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Науқас кісіні сау адамның алдына әкелмеңдер», – деген (Бұхари). Мұнда түйелер жайында айтылған болатын. Яғни Хақ елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ауру түйені әкеліп, сау түйеге қосып суарудан қайтарды. Өйткені сау түйе де ауырып қалса, иесі «ауру жұқты» деп өкіне бастайды.
Бұл мазмұнда келген басқа да хадистер бар. Оның бірінде «ауру жұқпайды» десе, басқасында «жұқпалы аурудан сақтану қажет» деген мазмұнда баяндалады. Мұнда «аурудың өз-өзінен жұқпайтыны» сенім мәселесі екені, «жұқпалы аурудан сақтану керектігі» дініміздің талабы екені айқындалады. Ислам діні қашанда жұқпалы аурудан сақтану шараларын қолданып, індеттің зиянынан Алла Тағалаға сиынуға үндейді. Жұқпалы аурулар туралы деректер ертеден белгілі болған. Осы ретте «аурудың жұғатынын» ғылыми тұрғыда бірінші болып дәлелдеген мұсылман дәрігерлері екенін біліп жүргеніміз дұрыс-ақ.
Ортағасырлық ғалым Әбу Әли ибн Сина (980-1037) өз еңбектерінде кейбір аурулардың науқас адамнан, жануарлардан жұғып, тез таралатыны, оған көзге көрінбейтін «миазмалар» себепкер болатыны туралы айтқан.
Атақты неміс ғалымы Зигрид Хункенің «Алланың нұры Еуропаны жарқыратты» атты кітабында: «1348 жылы андалусиялық (қазіргі Испания) мемлекет қайраткері, дәрігер, Гренада сұлтанының уәзірі Ибн әл-Хатиб аурудың науқас кісі арқылы жұғатыны және таралатыны туралы ғылыми мақала жазды. Аурудың жұғатыны және оның қатерлері, сондай-ақ оның зардаптарынан сақтану жолдарын ойлап тапты. Осы арқылы мұсылмандар тарапынан адамзат үшін баға жетпес қызмет етілді», – делінген (275-276 беттер). Қазақ ғұламасы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының (1397-1492) VI ғасырда жазған «Шипагерлік баян» атты еңбегінің қолжазбасында дерттің пайда болуын адам денесіне құрттардың (көзге көрінетін және көрінбейтін) енуімен түсіндірген.
Хасан АМАНҚҰЛ
«Мұнара» газеті, №6, 2020 жыл
Пікір қалдыру