Тәкбір-тәшриқ деп арапа күні таң намазынан бастап, Құрбан айтының төртінші күні екінтіге дейінгі әр парыз намазының соңында сәлем бергеннен кейін оқылатын дұғаны айтамыз. Бұл дұғаны оқу – намаз оқуға міндетті әрбір жанға уәжіп. Өйткені, Құран Кәрімде: «Санаулы күндері (тәкбір тәшриқ күндері) Алланы зікір етіңдер»[1], – деп бұйырған. Ал, санаулы күн деп Әзірет Әли арапа күнгі таң намазынан бастап, айттың төртінші күнгі екінті намазының соңын айтқан[2], бұл аралыққа 23 парыз намазы енеді[3].
Тәкбір-тәшриқ дұғасы мынадай:
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, лә иләһа иллаллаһу уаллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил хамд».
Бұрынғы қаза болған намаздарын «тәшриқ» күндері өтегісі келген кісі, қаза намазының соңынан тәкбір-тәшриқ дұғасын оқымайды. Ал, осы күндері намазын қаза етіп және оны осы күндері өтегісі келген кісі аталмыш дұғаны оқиды. Басқа күндері өтейтін болса, ол дұғаны оқымайды[4].
«Тәшриқ» күндері деп зүлхижжа айының 11,12,13-күндерін, яғни айттың екінші, үшінші және төртінші күндерін айтамыз. Бұл күндерді бұлай аталуының себебі, (тәшриқ) ертеректе осы күндері сойылған құрбанның еттерін қажылар бұзылып кетпесін деп сүрлейтін болған. Сондықтан бұл күндерді тәшриқ – күнге кептіру күні деп атаған деседі.[5] Тағы бір деректе «ташриқ – сыртқа шығару, көрсету деген мағынаға саятындықтан, мұндағы мағына тәкбір-тәшриқты дауыстап айтуды білдіреді» делінген.
Хайызды және нифасты әйелдерге намаз оқу міндет болмағандықтан, тәкбір тәшриқ дұғаны айтпайды.
[1] Бақара–203 аят.
[2] Бадаиғ –2/12 бет.
[3] Осы пәтуаны арқау еткен Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммад. Ал, Имам Ағзам Әбу Ханифа «арапа күні таң намазынан бастап, айттың бірінші күні асыр намазының соңына дейін яғни 8 намаз уақыт соңында ғана айтылады. Сондай-ақ, бұл тек жамағатпен оқығанда ғана, муқим (жолаушы емес) кісілерге уәжіп. Ал, жолаушыға және намазды жалғыз оқушыға уәжіп емес» деген. (Хидая – 1/214 бет). Ханафи мәзһабында қабыл бекітілген пәтуа – екі имамдыкы. (Любаб – 1/118 бет)
[4]Бадаиғ – 2/20 бет.
[5]Мусталахатуль Фиқһия