Шариғатта мұсылман әйелге мұсылман емес ер кісіге тұрмысқа шығуына рұқсат етілмейді. Үйленген жағдайда, араларындағы неке дұрыс саналмайды[1].
Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا جَاءَكُمُ الْمُؤْمِنَاتُ مُهَاجِرَاتٍ فَامْتَحِنُوهُنَّ ۖ اللَّهُ أَعْلَمُ بِإِيمَانِهِنَّ ۖ فَإِنْ عَلِمْتُمُوهُنَّ مُؤْمِنَاتٍ فَلَا تَرْجِعُوهُنَّ إِلَى الْكُفَّارِ ۖ لَا هُنَّ حِلٌّ لَهُمْ وَلَا هُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّ ۖ
«Уа, иман келтіргендер! Сендерге мүмин әйелдер қоныс аударып келсе, оларды (имандарын) сынаңдар. Алла олардың имандарын жақсы біледі. Ал егер олардың (істерінен, сөздерінен) мүмин әйелдер екендігін білсеңдер, онда оларды кәпірлерге (кәпір күйеулеріне) қайтармаңдар. Бұларға (иманды әйелдерге кәпір ерлерге тұрмысқа шығу) адал емес, оларға да (үйлену) адал емес»[2], – деген. Келесі аятта:
وَلَا تَنكِحُوا الْمُشْرِكَاتِ حَتَّىٰ يُؤْمِنَّ ۚ وَلَأَمَةٌ مُّؤْمِنَةٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكَةٍ وَلَوْ أَعْجَبَتْكُمْ ۗ وَلَا تُنكِحُوا الْمُشْرِكِينَ حَتَّىٰ يُؤْمِنُوا ۚ وَلَعَبْدٌ مُّؤْمِنٌ خَيْرٌ مِّن مُّشْرِكٍ وَلَوْ أَعْجَبَكُمْ ۗ
«Мүшрік әйелдерге қашан олар иманға келмейінше үйленбеңдер. Сөзсіз, мүшрік әйелден мүмин күң артық, тіпті ол (мүшрік әйел) сендерді (көркімен) таң қалдырса да. Сондай-ақ қашан иманға келмейінше мүшрік ерлерді де (мүмин әйелдерге) үйлендірмеңдер. Сөзсіз, мүшрік ерден мүмин құл артық, тіпті, ол (мүшрік ер) сендерді (көркімен) таң қалдырса да»[3], – деген.
Имам әр-Рази (Алла оны рақымына алсын) осы аяттың тәпсірінде: «Мұсылман әйелге мұсылман емес адамға тұрмысқа шығуына болмайтындығына ешқандай дау жоқ»[4], – деген.
Имам әл-Кәсани (Алла оны рақымына алсын): «Мұсылман әйелге мұсылман емес адаммен некелесуіне рұқсат етілмейді. Өйткені күйеуінің дініне ілесіп, күпірлікке түсу қаупі бар»[5],– деген.
Алайда мұндай неке орын алған жағдайда некелері жарамсыз болады және туылған балалар да некесіз туған (бала) болып саналады.
- Мұсылман әйелге мұсылман емес (әһлі кітап, мүшрік, құдайға мүлдем сенбейтін) ер адаммен некелесуіне рұқсат етілмейді.
- Мұсылман әйел мұсылман емес ер адаммен отбасын құрған жағдайда:
- Шариғат бойынша некелері жарамсыз саналады;
- Араларындағы балалары некесіз туған болады;
- Үйленуді «халал» десе, діннен шығады;
- Харам екенін біліп тұрып, тұрмысқа шықса, үлкен күнә арқалайды;
- Бір-біріне мұрагер бола алмайды.
[1] әл-Муғни, 7/27
[2] «Мумтахана» сүресі, 10-аят.
[3] «Бақара» сүресі, 221-аят.
[4] Тәфсир әр-Рази, 6/413.
[5] Бәдәиу ас-санаиғ, 3/465.
Пікір қалдыру