Шын мәнінде, адам баласын әртүрлі әрекеттерге жетелейтін күш, істі жүзеге асыруға көмектесетін қуат – ниет. Сол ниеттің күшімен адам көп тер төгіп, көптеген ауыртпашылыққа төтеп береді. Кейде адамның іс-әрекеті мен ішкі дүниесі, яғни ниеті үйлеспей жатады. Екі адам айна қатесіз бір амал жасауы мүмкін. Алайда, екеуінің ниеттері екі түрлі болғандықтан, амалдарына да екі түрлі баға беріледі. Ғұламалар: «Қаншама ақыреттік амалдар ниетке байланысты жай қарапайым әрекетке айналады. Қаншама дүниелік істер ниетке байланысты сауапты амалға айналады», – деген екен. Адам баласының жақсы ниетпен жасаған күнделікті әрекеттері, тамақтануы, жұмыс істеуі тіпті ұйықтауы да, сауап амал болуы мүмкін.
Айша (р.а.) анамыз бір риуаятында: «Түнгі намазға әдеттенген адам бір күні ұйқысы жеңіп жатып қалса, оған түнгі намазының сауабы жазылады. Ал, ұйқысы оған садақа», – деген.
Имам Муслим сахихында: «Мұсылман баласы бір ағаш отырғызса, егін ексе, оны құс немесе адам жейтін болса, оған әлбетте садақа болмақ», – деген хадис бар. Негізінде ағаш отырғызу дүниелік амал. Алайда, еккен адам елге тиетін пайданы ниет еткендіктен садақа берген болып есептеледі. Тіпті, Алланың ризашылығын ниет етіп, өз отбасы үшін жұмсаған қаражаты да садақа болып есептеледі. Сахаба Сағд бин Әбу Уаққас (р.а.) риуаят еткен мына бір хадисте: «Сен Алла ризашылығын көздеп (ниет етіп) жұмсаған әрбір қаражатың үшін сауап аласың. Тіпті, әйеліңе (бала-шағаңа) берген азық-ауқатың үшін де», – деп айтылған. Демек, мұсылман жүрегіне Алла ризашылығы үшін деген ниет орнықса, оның барлық іс-әрекетіне сауап жазылады.
Расында, амалдар ниетке байланысты бағаланады. Амалды құнды ететін де ниет. Сондай-ақ, амалды түкке тұрмайтын бос әурешілік етіп қоятын да сол ниет. Тіпті, бұрыс ниет адамды құрдымға итереді.
Хазреті Әбу Һурайра (р.а.) риуаятында: «Қиямет күні ең әуелі сұрақ-жауапқа үш түрлі кісі тартылады. Біріншісі, шейіт болған кісі. Ол Алла құзырына келтіріледі де, оған (дүниеде) берілген нығметтердің бірі қалмай көрсетіледі. Ол бұны мойындайды. Соңынан: «Шүкір-шілік ретінде нендей амал жасадың?» – деп сұралады. Әлгі шейіт: «Сенің ризашылығың үшін, Сенің жолыңда шейіт болғанша күрестім», – деп жауап береді. Сол кезде: «Айтқан сөзің жалған. Сен батыл болып жұртқа көріну үшін, өзіңді солай атау үшін күрестің. Жұрт та сені осылай атады»,- деп, оны сүйреп отырып тозаққа лақтырады.
Екіншісі, білім алған, басқаларды да үйреткен және Құран оқыған кісі. Ол да Алла құзырына келтіріліп, (дүниеде) берілген нығметтердің бар-лығы көрсетіледі. Ол да бұны мойындайды. Сол сәтте: «Шү-кіршілік ретінде нендей амал жасадың?» – деп сұралады. Ол: «Сенің ризашылығың үшін білім алып, басқаға үйреттім және Құран оқыдым» – дейді. Сонда оған да: «Айтқан сөзің жалған. Сен «ғалым екен» деген сөз үшін білім алдың, «қари екен» деген сөз үшін Құран оқыдың. Жұрт та сені осылай атады», – деп сүйреп отырып тозаққа лақтырады.
Үшіншісі, Алланың кеңші-лігіне кенелген, дүниенің барлық түрі берілген кісі. Алла құзырына келтірілген оған (дүниеде) берілген нығметтері көрсетіледі. Ол бұны мойындайды. «Шүкіршілік ретінде нендей амал жаса-дың?» – деп сұралады. Ол: «Сен қош көрген барлық игі істерде қаражат жұмсадым», – деп жауап береді. Сол кезде ол адамға да: «Айтқан сөзің жалған. Сен «жомарт екен деп айтсын» деген сөз үшін жұмсадың. Жұрт та сені осылай атады», – деп оны да сүйреп отырып тозаққа лақтырады», – делінген. Бұл хадис Муслим, Тирмизи және Насаи еңбектерінде келген.
Осы хадиске хакім Абай Құнанбайұлы шарх жасап кеткен. Ол өзінің отыз бесінші қара сөзінде: «Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат-хұрмет алмақ үшін, қажы болмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ақыретке бола бір ғана Құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.
Дүние үшін болғандарға: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харам болған, бірге қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім. Не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетің ақыретті ұстап, ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?!» – деп айтар дейді.
Шын ниетімен орнын тауып, бір Құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға: «Сендер бір ғана Менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, Мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шапағат етіңдер!» – деп айтар дейді», – деген.
Иә, шамасы келмесе де ниеттес һәм тілектес болған мұсылман баласына да сауап жазылады. Оның дәрежесі шамасы келе тұра істеген амалын елдің аузына ілігу үшін істеген екіжүздіден әлде неше жоғары болмақ.
Ойымызды мына бір хадиспен жеткізіп көрейік. Имам Тирмизи кітабында: «Дүниені иелік етуде адамдар төртке бөлінеді. Біріншісі, Алла тағала мал-мүлік те, білім де берген пенде. Ол дүниесі мен білімін қолдануда тақуалық танытады. Туысқандарына жәрдем етіп және Алланың да ақысы бар екенін біліп жүреді. Мұндай пенде ең биік дәре-желі адам.
Екінші, Алла білім берген, бірақ дүние бермеген пенде. Ол шын ниетімен ізгі адамды үлгі тұтып: «Егер менде мал-мүлік болғанда мен пәленше сияқты жұмсаған болар едім», – дейді. Оның осы жақсы ниетінің арқасында сауапта бірінші адаммен тең дәрежеде болады.
Үшіншісі, Алла дүние бер-ген, бірақ білім бермеген пенде. Ол сауатсыздығының салдарынан дүниесін қол-дануда тақуалық танытпай-ды. Туған-туысына да көмек-теспейді және дүниесінде Алланың ақысы барын да білмейді. Мұндай пенде ең төмен дәрежелі адам.
Төртіншісі, Алла дүние де, білім де бермеген пенде. Ол жаман адамға еліктеп: «Егер менде мал-мүлік болғанда мен пәленше сияқты жұмсаған болар едім», – дейді. Оның осы жаман ниетінің кесірінен өзі көзсіз еліктеген жаман адаммен тең дәрежеде күнәға ортақ болады», – дейді.
Біз әрбір амалымызда ниетіміз ізгі, ойымыз жақсы болуы қажет. Жүрегімізге жаман ниеттің байқаусыз енуінен сақ болуымыз қажет. Біз жаман ниетпен жасаған амалдарымызбен адамдарға жағуымыз мүмкін. Ал, Жаратушының ризашылығына тек шынайы ниетпен жасаған амалмен ғана жетеміз.
Ал, шынайы ықылас пен жақсы ниет адамды үнемі жақсылыққа жетелейді. Жамандықтан қорғайды.
Абдулла бин Омар (р.а.) Алла елшісінен (с.ғ.с.) ықылас, жақсы ниет жайлы мынадай қиссаны жеткізген.
Күндердің күні үш кісі жолаушылап келе жатады. Кенет нөсер жаңбыр жауып, жолаушылар тау ішіндегі бір үңгірге барып паналайды. Таудан домалап түскен үлкен жартас үңгірдің аузын бекітіп, жолаушылар еріксіз қамауда қалады. Жолаушылар бір-біріне «Алла ризашылығы үшін істеген амалдарың бар ма, соны айтып Жаратқанға жалбарынайық» деседіі. Сонда біріншісі тұрып: «Ия, Аллам! Менің қартайған ата-анам және бүлдіршін балаларым бар. Мен қой бағатынмын. Өрістен келгенде қойларды сауып, сүтті бала-шағамнан бұрын ата-анама ұсынатынмын. Бір күні кешігіп, өрістен қараңғы түскенде бір-ақ қайттым. Үйге келсем, ата-анам ұйықтап қалған екен. Мен әдеттегідей қойларды сауып ата-анама алып келдім. Бірақ ол кісілердің ұйқысын бұзғым келмеді. Аш бала-шағам сүт сұраса да, әке-шешемнен бұрын оларға бере алмады”. Осылайша таң атқанша тұрдым. Жаратушы Ием! Егер мен осы амалымды Сенің ризашылығың үшін істеген болсам, аспан көрінетіндей етіп үңгірдің аузын аша гөр», – деп дұға жасады. Сол кезде жартас біраз жылжыды.
«Иә, Алла! Менің туысқан ағамның қызы бар еді», – деп екінші жолаушы дұға жасай бастады. «Мен оны қатты жақсы көрдім. Олардың отбасы өте нашар тұратын. Күндердің күні олар жеуге қара нан таппай қалды. Қатты қиналған әлгі әйел менен жәрдем сұрап келді. Мен арам ойымды айттым. Оған көнбей кетіп қалды. Аштықтан бала-шағасының әлі құрыған кезде әйел қайта жалбарынып келді. Мен тағы арам пиғылымды айттым. Шарасыздықтан ол көнді. Мен жаман ниетіммен жақындай бергенімде, аштықтан өзегі үзілейін деп тұрған әйелдің денесі дір-дір етіп тұрды. Мен: «Не болды?» – дегенімде, ол: «Әлемді жаратқан Алладан қорқып тұрмын», – деп қорқыныштан одан бетер дірілдеді. Мен сонда: «Қиыншылық көріп жүріп Құдайдан сен қорыққанда, мен тоқшылықта отырып қалайша қорықпадым», – деп қатты шошындым. Өз ісіме өкініп, әйелге керек азық-түлігін бердім де шығарып салдым. Иә, Аллам! Егер мен осы амалымды Сенің риза-шылығың үшін істеген болсам, үңгірдің аузын аша түс», – дейді. Үңгір аузы тағы біраз ашылады.
Сол кезде үшінші адам өз дұғасын бастайды. «О, Алла тағала! Мен бір кісіні жалдап жұмыс істеткен едім. Еңбек ақысына бір қалта күріш беремін деп келіскен едік. Ол жұмысын бітірген соң ақысын сұрады. Мен уәделескен бір дорба күрішті бермек болдым. Ол бас тартып кетіп қалды. Мен ол күрішті қайта-қайта егіп, түскен қаражатына көп қара мал жинадым. Күндердің күні мен жалдаған жұмысшы ақысын сұрап келді. Мен: «Мына өрістегі сиырлардың барлығы сенікі», – дедім. Әлгі жұмысшы: «Мені мазақ етуден Алладан қорықпайсың ба?» – деп сөзіме сенбеді. «Бұл сенің ақың, мен тек оны өсіріп көбейттім. Ешбір әзілдеп тұрғаным жоқ», – дедім. Әлемдердің Раббысы болған Алла тағала! Егер мен осы амалымды Сенің ризашы-лығың үшін істеген болсам, үңгірдің аузын аша түс», – деп жалбарынды. Сол сәтте үңгір аузы ашылып, үшеуі аман-есен еліне қайтты.
Имам Муслим және Ибн Мажаһ өз еңбектерінде сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.): «Расында Алла тағала сіздердің сырт кейіптеріңізге және мал-мүліктеріңізге қара-майды. Бәлкім Алла тағала сіздердің жүректеріңіз бен амалдарыңызға қарайды», – деген хадисті риуаят еткен.
Сол себепті Жаратушы Алланың ризашылығынан, құлшылықтың сауабынан мақұрым қалмайық. Жасаған әрбір ғибадатымыз тек қана Алла ризашылығы үшін болсын! Амалымыз бен ниетіміздің бір болып, Жаратушы Иеміз баршамызға мейірімінің кең-шілігіне бөленуді нәсіп етсін!
Руслан Қамбаров,
«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы.
Астана қаласы.