АБАЙ ОБЛЫСЫ: ҚҰРБАН АЙТ МЕРЕКЕСІ ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА АТАП ӨТІЛДІ

Барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі Абай облысында ұлттық нақышта аталып өтті. Өйткені, Құрбан айт халқымыз үшін діни ғана емес, ұлттық мереке сипатын да алып келеді.

Абай облысы бойынша барлық мешіттерде таңғы сағат 06:00-де иық тіресіп сапқа тұрған мұсылман жамағаты Айт намазын оқып, Аллаға жалбарынып, шын ниеттерімен дұға қылды. Одан кейін бір-бірін айтпен құттықтасып, ақсақалдардан бата алып тарқады.

Абай облысының бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы жиналған жамағатқа уағыз айтып, Айт намазын жүргізді.

Айт намазынан шыққан жамағаттарға мешіт ауласында арнайы тігілген киіз үйлерде Айт дастарқаны жайылып, тегін бауырсақтар мен салқын көже таратылды. Сондай-ақ, бірқатар мешіттерде кішкентай балаларға Айттық сыйлықтары берілді.

Мұнымен ғана шектелмей, Айт намазынан шыққан жамағат арасында гір көтеру, арқан тарту, қол күрес, ләңгі тебу сынды ұлттық ойындарда сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар түрлі сыйлықтармен марапатталды.

Құрбан айт тек Айт намазын оқып, құрбандық шалумен ғана шектелмейді. Бұл күндері барынша бір-бірімізге жақсылық жасап, үлкендеріміздің батасын алып, балаларымызды қуантып, жоқ-жітіктің көңіліне қуаныш сыйлау да өте маңызды. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жеткізсін.