АБАЙ ОБЛЫСЫ: «РАББЫҢ ҮШІН ҚҰРБАН ШАЛ» ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ – 1-ШІ КҮН

Құрбан айттағы ең маңызды құлшылығымыз – Алла разылығы үшін құрбандық шалу. Құрбандыққа шалған малдың етін 3-ке бөліп, бір бөлігін өзіне, бір бөлігін көршілеріне, бір бөлігін мұқтаж жандарға таратып беру сауапты амал.

Қазіргі таңда қалалық жағдайда әр адамның өз құрбандығын өз қолымен сойып, етін бөлшектеп, таратуы айтарлықтай қиындық туғызары сөзсіз. Осы орайда, ҚМДБ бастамасымен Абай облысы өкілдігі «Раббың үшін Құрбан шал» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып отыр. Бұл акция аясында Семей қаласында Жоламан кентіндегі Сары базар мен Дальный кентіндегі Ақшың мал сою орындарында Абай облыстық орталық мешітінің ұйымдастыруымен құрбан шалушылар үшін барлық жағдай жасалды.

Атап айтқанда, қол жетімді бағада ірі қара мал, қой мен ешкі жеткізіліп, қасапханалар жалға алынып, қасапшылар, малдың ішек-қарнын тазалаушы, етті бөлшектеп, жинақтаушы ерікті азаматтар, бата беруші молдалар, тамақтануға арналған киіз үй, түскі ас және т.б. қызметтер тегін ұсынылды. Осы акцияның аясында бұл күні онлайн және оффлайн негізде 200-ге жуық қой-ешкі, 20 ірі қара мал құрбандыққа шалынды. Онлайн негізде құрбандық шалушылар алдын ала Qurban2024.kz сайты арқылы тапсырыс беріп, әр тапсырыс берушіге малының құрбандыққа шалынғандығы туралы жеке-жеке видеоесеп жолданды. Онлайн негізде құрбан шалушы азаматтар құрбандық еттерін толықтай қайырымдылыққа арнады.

Сондай-ақ, өздері келіп малды көздерімен көріп, таңдап алған халықтың қарасы да көп болды. Олардың да көпшілігі еттің бір бөлігін ғана алып, қалғанын қайырымдылыққа бағыштап, қасапхана жанында орналасқан мұздатқыш бөлмеге қалдырды.

Сондай-ақ, Абай облысына қатысты барлық аудандар да бұл акция өз жалғасын тауып түйе, ірі қара мал, қой, ешкі құрбандықтары шалынып жатыр.

Жалпы құрбандық шалу 3 күн бойы жалғасады. Ал, екінші күннен бастап құрбандық еттері алдын ала өтініш жазған мұқтаж отбасыларға, Дальный кентінде орналасқан Хакім Хазрет қарилар медресесі қайырымдылық мекемесіне таратылатын болады.