Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Тәуелсіздік – Алла Тағланың бізге берген үлкен нығмет-сыйы. Ғасырлар бойы жүргізілген тынымсыз күрес пен қайтпас қайсар бабаларымыздың ерен еңбегі. Сондықтан Тәуелсіздік – біздер үшін аманат. Кез келген ел оған берілген нығмет пен тыныштықты бағалай білуі қажет. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нахл» сүресінің 112-аятында:
وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلاً قَرْيَةكَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَداً مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ
«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай ауылды мысалға келтірді: ол ауыл бейбіт, мамыражай еді. Ризық-несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда, ол ауылдың халқы Алланың осынау нығметтерінің қадірін біле алмай күпірлік етті. Сөйтіп, Алла оларға істерінің салдарынан ашаршылық пен қауіп-қатердің шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды», – деп мысал берген.
Аллаға мыңда бір шүкір, ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікті көзімізбен көріп, тыныш елде, бейбіт шаңырақ астына өмір сүріп жатырмыз. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ أَصْبَحَ مِنْكُمْ آمِنًا فِي سِرْبِهِ مُعَافًى فِي جَسَدِهِ عِنْدَهُ قُوتُ يَوْمِهِ فَكَأَنَّمَا حِيزَتْ لَهُ الدُّنْيَا بِحَذَافِيرِهَا
«Кімде-кім өз үйінде (отбасының қасында) амандықпен ешкімнен қорықпай, дені сау және бір күндік тамағы болып таң аттырса, бүкіл дүние алдына жиналғандай болады», – деген (имам Бұхари).
Тәуелсіздік туралы сөз қозғалғанда әрбір адамның жүрегінде осы күнімізге деген шүкірлік оянып, осы тәуелсіздігіміздің баянды да берік болуы үшін әрқайсымыз шынайы тілекші болуымыз қажет.
Бүгінгі жұма уағызымызда мұсылман адам осы тәуелсіздігімізді қадірлеп, елдігімізді сақтауы үшін қандай амалдар атқаруы қажеттігіне тоқталатын боламыз.
Халық нақылында «Туған елінің қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді» деген сөз бар. Туған жері мен елін құрметтеу, елінің тәуелсіздігінің қадірін білу, тәуелсіз елдегі – әрбір азаматтың міндеті.
Ислам дінінде азаттық пен еркіндік туралы сөз қозғалғанда, адам ойына келгенді жасай береді дегенді білдірмейді. Керісінше, әрбір пендеге саналы түрде тәуелсіздіктің үлкен аманат екенін сезінуді, заң талаптарына бағынып, елдің өркендеуіне үлес қосып, сол үшін қызмет етуді ұсынады.
Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өміріне үңілсек, тәуелсіздік пен азаттыққа аса мән бергенін көреміз. Тіпті, мұсылман қоғамының он жылдық тәуелсіздігі үшін Худайбияда көптеген әділетсіз, мұсылмандық пен адамгершілікке сәйкес келмейтін мүшриктердің шарттарына көніп, келіссөз жасасты. Сонда мүшриктер тарапынан Сұхайл «Мұхаммед – Алланың Елшісі» деген сөзге келіспеді. Хазіреті Әли (Алла оған разы болсын) қолындағы қаламын лақтырып жіберіп: «Алланың атымен ант етемін! «Алланың Елшісі» деген сөзді өшіре алмаймын», – деп, меккеліктердің озбырлығына төзе алмады. Келісім бойынша елін, жерін сағынып жеткен мұсылмандар сол жылы Мекке қаласына кіре алмады және қажылық міндеттерін де өтеуге келісім бермеді. Келесі шарттарында Меккеден Мәдинаға барғандар, тіпті мұсылмандықты қабылдаса да кері қайтарылатын болды. Ал Мәдинадан Меккеге барғандар кері қайтарылмайды деп шарттасты. Келісімге келіп болғанда, қаншама уақыт мұсылман болғаны үшін қорлық көріп, қамауда болған Сұхайл ибн Амрдың ұлы Әбу Жандал Меккеге қайтты. Бұл әділетсіздіктердің барлығы пайғамбарымыз бен сахабаларының жанына қатты батқанымен, қоғамның он жылдық тәуелсіздігі үшін шыдамдылық танытып, келісімге келген болатын. Өйткені тыныштық пен тәуелсіздік арқылы көптеген ізгіліктерге жол ашылатын еді.
Қоғам, көпшілік болған жерде бірлік болуы қажет. Ал бірлік сол қоғамның, елдің басшысына бағыну арқылы жүзеге асады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 59-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَطِيعُوا اللهَ وَأَطِيعُوا الرَّسُولَ وَأُولِي الأَمْرِ مِنْكُمْ
«Уа, иман келтіргендер! Аллаға, пайғамбарға және өз араларыңдағы басшыларға бойсұныңдар», – деп ескертеді.
Бұл өмірдегі ең құнды нығмет бірлік пен тыныштықтың болуы. Ал, ең жаманы бейберекетсіздік пен жүйесіздік. Сондықтан дінімізде сапарға бірнеше адам шықса, арасынан біреуді басшы етіп, қалғандары оған жәрдем етуін бұйырады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا خَرَجَ ثَلاَثَةٌ فِى سَفَرٍ فَلْيُؤَمِّرُوا أَحَدَهُمْ
«Егер үш кісі сапарға шықса, онда араларынан бірін басшы етіп тағайындасын», – деген (имам Әбу Дәуід).
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Аллаға және ақырет күніне сенген мұсылмандарды басшыдан өзін жоғары қойып, менсінбеушілік жасаудан қайтарған. Тіпті, білімі мен қабілеті артық болса да, бірлік пен тәртіпті сақтаудың маңызы бәрінен де жоғары екендігін үйреткен. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Усамә ибн Зайдты (Алла оған разы болсын) өте жас болғанына қарамастан қолбасшылық қызметіне тағайындайды. Алла Елшісі дүниеден озып кеткеннен кейін де жастары мен тәжірбиелері және дәрежелері үлкен бола тұра барлық сахабалар Усамә ибн Зәйдтің қолбасшылығына бойсұнды. Осы бірліктің нәтижесінде мұсылмандар көптеген жеңістерге қол жеткізді.
Сол сияқты Алланың қылышы атанған Халид ибн Уалидті халифа Омар (Алла оған разы болсын) қолбасшылық жауапкершіліктен алып, басқа адамды тағайындағанда Халид ибн Уалид ешбір ренішсіз жауынгерлермен бірге ортақ мүдде үшін міндетін атқара берген болатын.
Хакім Абай: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен», – дейді. Кейін оны түсіндіріп: «Әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жүргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен», – дейді.
Яғни, бұл жерде ата-бабаларымыздың басшы адамға бағынуы, оның жеке басын әспеттеу емес, ел бірлігі үшін, барлығы бір ауыздан бағынып, жік-жікке бөлінбеу болған. Бізге де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын бірлік қажет. Шәкәрім Құдайбердіұлы:
Бостандық таңы атты, қазағым, көріңдер,
Арға ие басшының соңынан еріңдер.
Таң артынан хақиқат күн шығады,
Еріншек, жалқаулық әдеттен безіңдер.
Бірлік пен талапты еңбекке салыңдар,
Өнерлі елдерден өнеге алыңдар.
Күндестіктің өзімшіл көзін құртып,
Ұмтылып, ерікті ел болып қалыңдар, – деген өсиет өлеңінде осындай үлкен мағына бар.
Адамның туған еліне, өскен ортасына деген құрметі, оның істеп жатқан жақсылығынан, тілегі мен дұғасынан білінеді. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 126-аятында Ибраһим пайғамбар өзінің туып-өскен жері үшін былай деп дұға еткендігі баяндалған:
رَبِّ اجْعَلْ هَذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُمْ بِاللهِ وَالْيَوْمِ الآَخِرِ
«Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақырет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер мен көкөністерден ризық бергейсің!».
Бұл аятта Ибраһим пайғамбар бірінші тыныштық пен бейбітшілік сұрайды, одан кейін барып ризық бер деп тілегіні баяндалған. Тыныштық сөзінің ризықтың алдында келуін ғалымдарымыз екі себеппен түсіндірген:
Біріншісі: Бейбітшіліктің болуы адам баласының ризық-несібесін табуына негізгі себеп;
Екіншісі: Егер бейбітшілік пен тыныштық болмаса, ризық та жоғалады.
Кей ғалымдар тыныштық деген тіпті адамның денсаулығынан да артық деп айтқан. Имам Рази (Алла оны рақымына алсын) өзінің тәпсірінде былай деген: «Кей дана адамдардан: «Бейбітшілік артық па жоқ әлде денсаулық артық па?» – деп сұрағанда, олар былай деген екен: «Егер қойдың аяғы сынып немесе тағы бір жайт болса, оның жазылып, қайтадан үйіріне қосылуы ықтимал. Ал егер ол қасқырдың ортасында қалса, оның өмір сүруі екі талай. Сол үшін де бейбітшілік артық», – деген екен.
Бұрынғы ата-бабаларымыз әркез: «Ел аман, жұрт тыныш болсын!» – деп бата беріп, дұға етіп жүретін болған. Өйткені бұл Алла Елшісінің біздерге көрсеткен үлгі-өнегесі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің дұғасында: «Уа, Алла! Біздердің жемістерімізге береке бер, Мәдинамызға береке бер, өлшемдерімізге береке бер! Уа, Алла! Ибраһим Сенің құлың әрі досың және пайғамбарың һәм мен де Сенің құлыңмын әрі пайғамбарыңмын. Расында ол Сенен Мекке үшін дұға етті. Ибраһимнің Меккеге дұға еткені сияқты һәм сондай (береке тілеп) мен де Мәдина үшін дұға етемін!» − деген (имам Мүслим).
Кез келген елдің тілегі де, оның арманы да халқының бейбітшілігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені бейбіт өмір бақыт, береке, бірлік әкелумен бірге, өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде.
Асыл дініміз «ислам» сөзінің өзі – амандық, есендік, мойынсұну, деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік» діні дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәләм» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттап қана қоймай, бүкіл әлемді татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Алла Тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі де – «әс-Сәләм». Яғни, «Есендік беруші», «Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық беруші» деген мағыналарды қамтиды. Олай болса, Алланың ақиқи діні Ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Тіпті, соңғы елшісі Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) барша үмметін бақытты өмір сүруге үндеді. Құран мұны былайша қуаттайды:
وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ
«Расында, Біз сені әлемдерге рақым шуағы етіп қана жібердік», – делінген («Әнбия» сүресі, 107-аят).
Ел тәуелсіздігінің қадірін түсінген жан қоғамның бірлік пен берекеде болуын қалап, тыныштықты бұзатын, ел-арасында бүлік тудыратын істерден барынша сақтанады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 191-аятында:
وَالْفِتْنَةُ أَشَدُّ مِنَ الْقَتْلِ
«Бүлік шығару – адам өлтіруден де бетер», – деп айтқан.
Бүлік ешбір елге, ешбір қоғамға жақсылық алып келмейді. Қайта қоғамды алаңдатып, елдің дамуын төмендетіп, бар нығметтен айырылуға жол ашады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ إِنَّ السَّعِيدَ لَمَنْ جُنِّبَ الْفِتَنَ يُرَدِّدُهَا ثَلاثَ مَرَّاتٍ وَلَمَنِ ابْتُلِىَ فَصَبَرَ
«Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші! Ақиқатында, бүліктерден бойын аулақ ұстаған адам қандай бақытты десеңші!» – деп үш қайтара айтып: кім сынаққа душар болса, сабыр етсін», – деген.
Қадірменді жамағат!
Тәуелсіздік – еш нәрсемен салыстыруға келмейтін ұлы нығмет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ибраһим» сүресі, 34-аятында:
وَإِنْ تَعُدُّوا نِعْمَتَ اللَّهِ لَا تُحْصُوهَا
«Егер Алланың нығметін санайтын болсаңдар, санына әсте жете алмайсыңдар», – деп айтқан.
Тек тәуелсіздігі бар ел ғана ойындағы асқақ армандарын жүзеге асырып, жарқын өмір сүре алады. Ана тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті сынды баға жетпес құндылықтары арқылы тәуелсіздіктің шоқтығы қашан да биік тұрады. Біздің еліміз де өз егемендігін алу жолында сансыз қиын кездерді еңсерді. Аллаға шүкір, бүгінгі Тәуелсіздік еліміз – халқымыз үшін үлкен бақыт.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған жері Меккеге қарап:
مَا أَطْيَبَكَ وَأَحَبَّكَ إِلَيَّ وَلَوْلاَ أَنَّ قَوْمَكَ أَخْرَجُونِي مِنْكَ مَا سَكَنْتُ غَيْرَكَ
«Сен мен үшін сондай қымбатсың, сүйіктісің. Егер де қауымың қуып шығармағанда, сенен басқа жерде әсте тұрақтамас едім», – деп, туған жеріне деген құрметін білдірген (имам Термизи).
Алла Тағала Тәуелсіздігімізді тұғырлы, егемендігімізді еңселі етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі
Пікір қалдыру