Отбасы – асыл дінімізде де, ата дәстүрімізде де айрықша маңызы бар ұғым, орнын ешнәрсе алмастыра алмайтын құндылық. Өйткені елдіктің негізі әрбіріміздің кішкентай «мемлекетіміз» отбасымыздан қалыптасады. Ата-бабамыздың «Отан – отбасынан басталады» деуі бекер емес.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады. Берекелі әрі бақытты отбасы қуаттың елдің тірегі», – деген болатын.
Әйгілі Қабылиса жырау бақыт туралы көпке танымал толғауында:
– Бақыт қайда барасың?
– Өсірген жақсы баласын,
Сыйлаған ата-анасын,
Көргенді ұлға барамын.
– Бақыт қайда барасың?
– Бал-бұл жанған көрікті,
Ұл мен қызы серікті,
Берекелі үйге барамын, – дейді. Бұл шумақтар қазіргі кезде көп талқыланып жүрген «бақытты отбасы» ұғымының негізгі сипаты десек, артық айтқанымыз емес.
«Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, бүгін баламызға қандай тәрбие беріп отырғанымызға зер салайық. Балаға әрдайым бұйырып сөйлеу, орынсыз тыйым және көңіл бөлмеу, онымен бірге ойнауға, сырласуға уақыт арнамау – оның болашағына балта шабумен тең. Өйткені әкеге қарап ұлы, анасына қарап қызы бой түзейді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әкенің баласына бере алатын ең жақсы сыйы – тәрбие», – деп айтқан.
Дініміз бен дәстүрімізде, күнделікті өмір сүру дағдымыз бен ұлттық болмысымызда ата-ананың ұрпақ алдындағы аманаты, баланың перзенттік парызы, олардың бір-біріне қатысты тәрбие үлгілері, ер мен әйелдің өзара сүйіспеншілігі бағзы заманнан қалыптасқан. Осынау құндылықтар ғасырдан ғасырға жалғасып келеді. Қазақы таным-түсініктегі «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас» деген тәмсіл бүгінгі күні де өзекті. Әрине, әр нәрсенің шегі бар. Патшадай күтем деп шектен тыс еркелетуге, балаңды құлша жұмсаймын деп үйдің жұмысына жегіп қою дұрыс емес. Бала сәби күнінде әкенің қамқорлығын, ананың мейірімін сезініп, өсе келе ата-анасына қолғанат болса жеткілікті. Жүсіпбек Аймауытов бір сөзінде: «Тәрбиеге әсер беретін нәрсе: баланы жан-жақты білу керек», – деген. Баланы дұрыс білу, қарым-қабілетін жан-жақты тану, көңіл-күйін аңғару – оны тәрбиелеуге оң әсер ететін тәсілдер.
Қазақ отбасындағы жас балалардың үлкендердің қолына су құйып, батасын алу дәстүрінің ұмыт бола бастағаны жанға батады. Бұл дәстүр тазалық пен әдептің, тәрбие мен тағылымның негізі болатын. Асылында Ислам дініндегі шариғат заңдарын түсіндіретін кітаптардың көпшілігі ең әуелі «Тазалық» деген баптан басталатыны да біраз жәйттен хабар береді. Сондай-ақ тамақ ішер алдында және тамақтанып болған соң қол жуу дініміздегі басты әдептің бірі саналады.
Қолға су құю қызметінің жас балаларға жүктелуі де тегін емес. Өйткені үлкен өмірге бет алған жас баланың үлкеннің батасын алуы өте маңызды. «Батаменен ел көгереді» деген қағида да осы жерде көрініс табады. Қолын жуған кісілер «Өркенің өссін!», «Көп жаса!», «Бақытты бол!» деген дұға-тілектерін жаудырады. «Көпшіліктің дұғасы қабыл» деген сөз бар. Демек қолға су құюдың мәні тереңде жатыр. Бұл дәстүрдің мазмұнында кісі сыйлау, қонақ қадірлеу, үлкенге ізет көрсету сияқты көптеген мәні терең мінез бар. Демек бұл жоралғының жастарды тәрбиелеудегі рөлі де ерекше. Бұл – ең әуелі «Тамақтанар алдында қол жуыңдар» деген Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті орындалатын сүннет амал. Сондықтан дініміз бен дәстүрімізде сан ғасырдан бері қалыптасқан осы дәстүрді қайта жаңғыртуға баршамыз үлес қосайық.
Алаш даласын жіті зерттеген шетел ғалымдары 1879 жылы Петерборда жарық көрген еңбекте қазақ халқының күнделікті тыныс-тіршілігі жайлы былай деп жазады: «Қазақтардың күні таң атқаннан басталады. Таң жарығы шығар-шықпастан молда немесе ерте тұрған бір адам дауысын созып азан айтады. Сол сәтте бүкіл киіз үйдің есіктері ашылады. Оянған жандар дәрет алу үшін суға барады. Дәрет алған соң алғашқы намаз үйде немесе үй сыртында оқылады. Әйелдер жағы бұл кезде төсегін жинап, от жағып, таңғы астың қамына кіріседі. Таңғы астан кейін үй иесі қолын жуып, «Аллаһу әкбар» деп сақалын сипайды. Сосын әрқайсысы өз тіршілігіне кіріседі». Осы жазба біздің болмысымызды, күнделікті тыныс-тіршілігімізді, мұсылманшылықты жақсы ұстанғанымызды айғақтап тұрғандай. Ендеше бүгінгі күннің басты мәселесі, ұрпақ алдындағы борышымыз – болмысымызды сақтап, қалпымыздан таймау деп атар едім. Ол үшін бала тәрбиесіне, жастардың құрған шаңырағының шайқалмауына өз үлесімізді қосу аса маңызды.
Қазір біздің қоғамда отбасылық зорлық-зомбылық мәселесі өте өзекті. Шын мәнінде нағыз ер отбасының қорғаны болуы керек. Алла Тағала қасиетті Құранда отбасында ер адамның рөлі мен орнын ерекше атап өткен. «Ниса» сүресінің 34-аятында былай делінген: «(Әйелді нәпақамен қамтамасыз ету, қорғау және тәрбиелеу ер адамның міндеті болғандықтан) нағыз ерлер әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі – Алланың кей адамдарды кейбіреуінен (басқару, қорған болу, қамқорлық жасау сынды мәселелерде) әлдеқайда артық (әрі қабілетті) етіп жаратқаны, сондай-ақ ер адамдардың (әйелдеріне мәһр беру һәм отбасының нәпақасын табу сынды) маңызды жауапкершілік арқалағаны».
Расында Алла Тағала бұл аятта нағыз ер адам ғана әйелге әрқашан қорған болатынын ерекше меңзеп тұр. Сонымен қатар отбасын асырау, бала-шағаны жақсылыққа тәрбиелеу ер азаматтың асыл міндеті екенін баяндаған. Бұл аят ер адамға барлық істе үстем, биік болу керектігін үйретуде. Демек үлгі-өнеге көрсетуде ең бірінші ер азамат алдына жан салмауы тиіс. Әрқашан кешірім жолын ұстану – ер азаматқа жарасатын мінез. Хасан әл-Басри (оны Алла рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы – кешірім», – деген екен.
Ерлі-зайыптылар – бірін-бірі психологиялық әрі биологиялық тұрғыдан толықтыра түсетін жандар. Бұл – Алланың адамға жасаған мейірімі. Алла Тағала барша отбасыға бірлік пен береке, татулық пен сүйіспеншілік нәсіп еткей! Әмин!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Мұнара» газеті, №23, 2024 жыл
Пікір қалдыру