ОТБАСЫ БАҚЫТЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Алла Тағаланың бұл өмірде адам баласына берген үлкен нығметінің бірі – шаңырақ көтеріп, отбасылы болу. Отбасын құру – барлық пайғамбардың сүннеті. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Рағыд» сүресінің 38-аятында:

وَلَقَدْ أَرْسَلْنَا رُسُلًا مِّن قَبْلِكَ وَجَعَلْنَا لَهُمْ أَزْوَاجًا وَذُرِّيَّةً

«Расында сенен бұрын да пайғамбарлар жібергенбіз. Оларға да жұбайлар, ұрпақтар бергенбіз», – деп айтылған.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

النِّكَاحُ مِنْ سُنَّتِي ، فَمَنْ لَمْ يَعْمَلْ بِسُنَّتِي فَلَيْسَ مِنِّي ، وَتَزَوَّجُوا فَإِنِّي مُكَاثِرٌ بِكُمْ الْأُمَمَ ، وَمَنْ كَانَ ذَا طَوْلٍ فَلْيَنْكِحْ ، وَمَنْ لَمْ يَجِدْ فَعَلَيْهِ بِالصِّيَامِ فَإِنَّ الصَّوْمَ لَهُ وِجَاءٌ

«Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімді орындамаса (бас тартса), менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады», – деген (имам Бұхари).

Расында да отбасы құндылықтары – халқымыздың рухани байлығының бірі. Отан деген қасиетті ұғымның өзі отбасынан басталады. Мемлекет те жекелеген отбасының қосындысынан құралады. Әрбір елдің келешегі отбасында тәрбиеленіп өскен ұрпаққа байланысты. Сондықтан отбасындағы құндылықтар қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.

Аллаға шүкір, қазіргі таңда үйленіп, ақ некелерін қиып, шаңырақ көтеріп жатқан жастарымыз көп. Бірақ отбасылық өмірге тиісті дайындық болмағаннан кейін, отбасылық өмірдегі кейбір сынақтарға төзе алмай, ажырасып жатқандары да аз емес. Бақытты отбасын құру ер адамнан да, әйел адамнан да белгілі бір істерді талап етіп, өзара түсіністік пен сабырлықты қажет ететіні мәлім. Бүгінгі жұма уағызымызда отбасылық өмірдің мәнін келтіріп, шаңырақтың тұрақтылығын, бақыты мен берекетіне әсер ететін кейбір себептеріне тоқталмақпыз.

Бірінші: отбасындағы мейірім мен махаббат

Отбасылы жандардың ақ некелерінің сақтаулына, өзара бір-бірін бағалап, бақытты өмір сүруіне себепші болатын ең маңызды іс – өзара мейірім мен махаббат. Алла Тағала қасиетті Құранның «Рум» сүресі, 21-аятында:

وَمِنْ آيَاتِهِ أَنْ خَلَقَ لَكُمْ مِنْ أَنْفُسِكُمْ أَزْوَاجًا لِتَسْكُنُوا إِلَيْهَا وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً ۚ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَاتٍ لِقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Сендерге Оның (Алланың құдіретін көрсететін) айқын дәлелдерінің бірі – өз болмыстарыңнан жандарың жай тапсын деп, сендер үшін жұбайлар жаратып, араларыңа махаббат пен мейірімділік сезімін ұялатты. Расында осыны ақылға салып, ойланатын қауым үшін айқын дәлелдер мен ғибрат бар», – деп айтқан.

Жалпы махаббат атаулы екі түрлі болады. Біріншісі – Жаратушы Алла Тағалаға деген махаббат. Ал екіншісі – жаратылысқа деген махаббат. Мысалы, перзенттің анасы мен әкесіне немесе ата-ананың баласына деген махаббаты. Сол секілді адамның бала-шаға, аға-іні, әпке-қарындасы сияқты туған-туыстарына деген махаббаты. Ер мен әйелдің бір-біріне деген махаббаты осы жаратылысқа деген махаббаттың аясына кіреді. Адамның адамдарға деген махаббатының болуы тыйым етілмейді. Тек негізгі шарты ол махаббат Алла мен Оның Елшісіне деген махаббаттан артық тұрмауы. Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сізге адамдардың ішіндегі ең сүйіктірегі кім?» – деп сұрағанда: «Айша», – деп өзінің өмірлік жарына деген махаббатын білдірген (имам Бұхари, Мүслим).

Мұсылманның жарына деген негізгі махаббаты некеден кейін пайда болады. Некеден кейін ерлі-зайыптылардың бір-біріне сезімдерін білдіріп, жылы сөз айту, сыйлық беріп тұру, құрметтеу – отбасылық өмірдің бақытты да баянды болуына әсері мол.

Қазіргі күні некеге дейін көп жастарымыз бар сезімін білдіріп, некеден кейін өкінішке орай сол сезімдерді таппай қалып жатамыз. Уақыт өте келе мейірімділіктің орнын дөрекілік алмастырып, кейіннен: «Бір-бірімізге жақын едік, қазір алыстап кеттік», «Бала-шаға үшін ғана жүрміз» дейтін жағдайға жеткен отбасылар да бар. Сондықтан ерлі-зайыптылар бір-бірін бағалап, мейірімділіктің аясында қарым-қатынас сақтайтын болса, өзара махаббат та сақталады. Алла Тағала жоғарыдағы аятта:

وَجَعَلَ بَيْنَكُمْ مَوَدَّةً وَرَحْمَةً

«Араларыңа махаббат пен мейірімділік сезімін ұялатты», – деп махаббат пен мейірімділікті бірге айтуының сыры осыда болса керек.

Екінші: отбасында бір-бірін қолдап, қуаттау

Ислам тарихында ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қолдап-қуаттап, ең бірінші Исламды қабылдаған Хадиша анамыз екені белгілі. Ол кісі өте дана, парасатты әйел болған. Хира үңгірінде алғаш аяттар түскен кезде Алла Елшісінің бойына үрей туғызады. Үйіне келе сала үстімді жабыңдар деп жата қалады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Хадиша анамызға басынан кешкен жағдайды айтады. Сонда Хадиша анамыз: «Алаңдамаңыз, Жаратқан Алла сіз сияқты құлын ұятқа қалдырмайды. Өйткені сіз әркез шындықты айтасыз. Аманатқа қиянат жасамайсыз, туған-туыстарыңызбен сәлеміңіз түзу. Көршілеріңізге де мейірімдісіз…», – деп көптеген жақсы сипаттарын айтып жұбатады.

Кез келген адам қолдап-қуаттауға мұқтаж. Міне, осы қолдау ең бірінші оның отбасында көрініс табуы қажет. Қолдап-қуаттауды міндетті түрде бір қиын жағдайға тап болған кезде жәрдем беру деп түсінбеу керек. Қарапайым, күнделікті өмірде ерлі-зайыптылар бір-бірінің киген киімін мақтауы, таңдауын құптауы, тіпті ер адам әйелінің жасаған тамағы жайында жақсы пікір айтуының өзі қолдап-қуаттауға жатады. Жәбир деген сахаба (Алла оған разы болсын):

سَأَلَ أَهْلَهُ الأُدُمَ فَقَالُوا مَا عِنْدَنَا إِلاَّ خَلٌّ فَدَعَا بِهِ فَجَعَلَ يَأْكُلُ مِنْهُ وَيَقُولُ :نِعْمَ الأُدُمُ الْخَلُّ نِعْمَ الأُدُمُ الْخَلُّ

«Бірде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  отбасындағы адамдардан тұздық сұрады, оған: «Бізде сірке суынан басқа тұздық жоқ», – деді. Сонда ол сірке суын алдырды да: «Сірке суы нендей тамаша тұздық, сірке суы нендей тамаша тұздық!» – деп (тамағын) жей бастады», – деген.

Үшінші: отбасылық мәселелерді өзара ақылдасып шешу

Кеңесу түйіні түйткіл мәселені шешу үшін басқадан ақыл сұрау, көпшіліктің пікіріне жүгініп, ақылдасу дегенді білдіреді. Мұндай мәселелерде істі әбден талқылап барып шешім қабылдамаса, соңы өкінішпен аяқталуы мүмкін. Негізінде ең ақылды адам – кеңесуге мән беретін, басқалардың көзқарастарына құрмет көрсететін кісі. Ал қандай мәселе болмасын тек өз көзқарасымен жүретін, тіпті басқаға өзінің ойын мәжбүрлеп қабылдатуға тырысатын адамдар өзгелерге жек көрінішті болуы мүмкін. Отбасылық өмірде де жарымен ақылдасып, кеңесу – отбасылық өмірдің берекетін кіргізетін маңызды іс. Қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 233-аятында баланы емізу туралы былай айтылады:

فَإِنْ أَرَادَا فِصَالاً عَن تَرَاضٍ مِّنْهُمَا وَتَشَاوُرٍ فَلاَ جُنَاحَ عَلَيْهِمَا

«Егер (ата-ана) ризалықпен кеңесіп, (омыраудан) айыруды қаласа, онда екеуіне де күнә жоқ». Жоғарыдағы аятта баланы омыраудан шығару мәселесінің өзінде ерлі-зайыптылар ақылдасып шешкені жөн екені айтылып тұрғанда, басқа отбасылық мәселелерде ақылдасудың қаншалықты үлкен маңызға ие екенін түсінуімізге болады.

Қазақ халқында «қабырғаңмен кеңес» дейтін сөз бар. Өйткені ақылдасу, жарының пікірімен санасу – ерлі-зайыптылардың бір-бірін бағалауының көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де жұбайларымен ақылдасатын болған.

Төртінші: отбасында сабыр мен кешірім

Кешірімділік – отбасы тұрақтылығының басты негіздерінің бірі. «Ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», – демекші кейде отбасында келіспеушілік орын алған жағдайдың өзінде бір-бірінің мінезіне сабыр етіп, өзін қолға алып, ашумен емес ақылмен шешім қабылдап, кешіре білу аса маңызды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 19-аятында:

وَعَاشِرُوهُنَّ بِالْمَعْرُوفِ فَإِن كَرِهْتُمُوهُنَّ فَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئًا وَيَجْعَلَ اللَّهُ فِيهِ خَيْرًا كَثِيرًا

«Олармен дұрыс мәміледе тату өмір сүріңдер. Тіпті, оларды жақтырмасаңдар да, сабыр етіңдер. Өйткені сендер жақтырмаған нәрседе Алла көп жақсылық жасап қойған болуы мүмкін», – деп айтқан.

Өмірде қате-кемшіліксіз адам болмайды. Сол себепті туған-туыс, дос-жаран, ерлі-зайыпты адамдардың арасының үзілмеуіне себепші болатын ең негізгі қасиет – кешірімділік. Отбасында бақытты ғұмыр кешуді қалайтын жұп бір-бірінің кемшілігін емес, артықшылықтарын көбірек көруге мән беруі қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

لَا يَفْرَكْ مُؤْمِنٌ مُؤْمِنَةً إِنْ كَرِهَ مِنْهَا خُلُقًا رَضِيَ مِنْهَا آخَرَ

«Мүмин ер адам еш уақытта мүмин әйелді жек көруші болмасын. Егер қандай да бір мүмин әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», – деген (имам Мүслим).

Дін мен дәстүрін қатар ұстанған ата-бабаларымыз жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайтындығын ескеріп: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» немесе «Жақсы адамның ашуы – шәй орамал кепкенше» – деп, ренішті ұзаққа созбай, тезірек кешірудің адам бойындағы ізгі қасиеттерден екендігін айтқан.

Қисса

Бір ауылда бір-біріне көрші екі отбасы тұрады екен. Сол ерлі-зайыптылардың бірі күн сайын ұрысып, бастарына түскен қайғыға үнемі бір-бірін кінәлайды екен. Ал екінші отбасы болса, керісінше өте тату-тәтті тұрады екен. Әлгі ұрысқақ әйел көршісінің бақытына қызыға да, қызғана да қарайды екен.

Бірде күйеуіне: «Осы біздің көршілеріміз неліктен тату тұрады екен? Барып, көріп келші», – деп айтқан екен. Содан әлгі әйелдің күйеуі білдіртпей көршілерінің үйіне кіріп, көрінбей тасада тығылып отырады. Сөйтіп бақылай бастайды. Қараса, көршісінің зайыбы үйін жинастырып жүр екен. Бір қымбат құмыраның шаңын сүртіп тұр еді, баласы жылағаннан кейін әйел соған алаңдап, құмыраны үстелдің дәл шетіне қойып кетеді. Дәл сол сәтте күйеуіне сол бөлмеден бірдеңе қажет болып кіреді де, әлгі құмыраның жанынан өткенде оны іліп кетеді. Құмыра жерге құлап сынып қалады. «Енді не болар екен?» деп ойлайды көршісі. Әйелі жанына келіп, күрсініп күйеуінен кешірім сұрап: «Кешірші, қымбаттым. Бұл менің кінәм. Құмыраны тым ыңғайсыз орынға қойып кетіппін», – дейді. Күйеуі болса: «Ол не дегенің, әйелім? Мен асығып жүріп құмыраны көрмей қалыппын. Өзім кінәлімін! Жарайды енді, болары болды, басымызға бұдан артық сынақ түспесін!» – дейді екен.

Осының бәрін сыртынан бақылап тұрған көршісі өзіне үлкен сабақ алады. Үйіне барғанда әйелі:  «Иә, көршіміздің бақытты ғұмыр кешуінің сырын білдің бе?» – деп сұрайды. Күйеуі: «Иә, білдім. Оларда екеуі де кінәлі, ал бізде екеуіміздікі де дұрыс екен. Барлық ұрыс-керістің себебін енді түсіндім», –деген екен.

Қадірменді жамағат!

Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَالَّذِينَ يَقُولُونَ رَبَّنَا هَبْ لَنَا مِنْ أَزْوَاجِنَا وَذُرِّيَّاتِنَا قُرَّةَ أَعْيُنٍ وَاجْعَلْنَا لِلْمُتَّقِينَ إِمَامًا

«Сондай-ақ олар: «Уа, Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпағымызды көз қуанышымыз еткейсің! Һәм бізді тақуалықта өзгелерге жетекші (үлгі-өнеге) ете гөр!» – деп айтқан («Фұрқан» сүресі, 74-аят).

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жарасымды отбасындағы өзара мейірімділік, ізгілік, адамгершілік сынды қанға сіңген асыл қасиеттерді жаңғырту мақсатында 2025 жылды діни қызмет аясында «Ислам және отбасы құндылығы» жылы деп жариялады. Алла қаласа, осы жыл аясында бірнеше іс-шараларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.

«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі» дегендей ұлттың болмысын, оның тұрақтылығын әрбір отбасының татулығы мен береке-бірлігіне тікелей байланысты. Бақытты отбасы – мызғымас қоғамның іргетасы. Қоғам қарым-қатынасының қағидалары отбасы құндылықтары негізінде қалыптасады. Демек, қоғамның дамуы мен өркенденуінің басты тетігі салауатты отбасының негізінен басталуы керек. Дәл сол сияқты қай қоғамның болмасын рухани құлдырауының, іштей ыдырауының басты себебі де отбасы ішіндегі тұрақсыздықтың салдарынан туады. Ендеше, отбасымыздың бақытты да берекелі болуына әрбір мұсылман үлкен маңыз беріп, асыл дініміз талап еткен отбасылық ақыларды орындап, ізгі ұрпақ тәрбиелеуге тырысқанымыз жөн.

Алла Тағала әрбіріміздің отбасымызға береке, елімізге амандық беріп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі