ИСЛАМДА КӨРКЕМ МІНЕЗДІҢ ОРНЫ

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد 

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Көркем мінез – адам баласының рухани кемелдігін, дініне бекемдігін, ішкі жан дүниесінің сұлулығын паш ететін ұлы қасиет. Мінезі жайдары жанның қашан да жүзі нұрланып, айналасына махаббат шуағын сыйлайды. Оған қараған адамның көңілі жайланып, мейірім жылулығын сезінеді. Адамның бойындағы мінез-құлқын көркем етуі отбасына, өскен ортасындағы тәлім-тәрбиесіне, өзінің ақыл-парасатына, күш-жігеріне, ынта-ықыласына, ең бастысы, жаратылысына байланысты. Ата-ана үшін балаға берер ең үлкен сыйы – жақсы тәрбие болса, көркем мінез сол тәрбиенің шыңы. Көркем мінез ол пайғамбарлар мен Алланың ең сүйікті құлдарының сипаттары болған. Алла Тағала қасиетті Құранда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы жайында:

وَإِنَّكَ لَعَلَى خُلُقٍ عَظِيمٍ

«Шүбәсіз, сен (теңдесі жоқ) ұлы көркем мінез-құлыққа иесің», – деп  («Қалам» сүресі, 4-аят) сүйікті Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінездің жоғары иесі екенін айтқан.

Міне, Жаратқан Алла Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осылайша мақтаса, ал ардақты Пайғамбарымыз көркем мінезге ие болған адамның үлкен дәреже мен сауапқа кенелетіндігін былайша жеткізеді:

إِنَّ المُؤمِنَ لَيُدْرِكُ بِحُسْنِ خُلُقِهِ دَرَجَةَ الصَائِمِ القَائِمِ

«Расында мүмин адам өзінің көркем мінезі арқылы (жиі) ораза ұстаушы мен (түнде) намаз оқушының дәрежесіне жетеді», – деген (имам Әбу Дәуід).

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл хадисте көркем мінез иесінің сауап тұрғысынан ораза ұстаушы мен түнде намаз оқушының дәрежесіне жететіндігін баян еткен. Күндіз жиі ораза ұстаушы мен түнде намаз оқушы адам өз нәпсісімен күресіп, түн ұйқысын қиып, намазға тұрады, күндіз ішіп-жеуден тыйылып, ораза ұстайды, ал көркем мінез иесі мінезін жақсарту арқылы осындай дәрежеге жетеді.

Бірде бір кісі Хасан әл-Басриден көркем мінез деген не? – деп, сұрағанда, ол кісі: «Күш-жігерін жұмсау, кешірімді болу, төзімділік жасау» – деп, жауап берген екен.

Ал имам Табари: «Көркем мінез – әдептіліктің ең жоғарғы сатысы», – десе, имам Ахмад: «Көркем мінез дегеніміз кісі өзін көреалмаушылықтан сақтай білсе және ашуланғанда өзін тыя білсе немесе өзгеге жала жаппаса», – деп айтқан.

Әл-Фараби бабамыз да: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты», – деген екен.

Расында да көркем мінез – иманның жемісі. Адам баласының иманы кемелденген сайын, оның мінезі де көркем болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

أَكْمَلُ الْمُؤْمِنِينَ أَحْسَنُهُمْ خُلُقًا

«Мүминдердің (иман тұрғысынан) ең кемелдісі – мінезінің ең көркем болғаны», – деген (имам Ахмад).

Әрине көркем мінезді қалыптастырудың да көптеген жолы мен түрлі тәсілі бар. Соның бірнешеуіне тоқтала кетер болсақ:

Бірінші, Алла Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үлгі-өнеге ету

Мінезі Құран болған адамзаттың ардақтысы, сүйікті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаянына назар аударсақ,  Жаратушысымен байланыста, отбасылық өмірінде, адамдармен қарым-қатынаста көркем мінездің ең кемел үлгісі болды. Алла Тағала қасиетті Құранда:

لَقَدْ كَانَ لَكُمْ فِي رَسُولِ اللَّهِ أُسْوَةٌ حَسَنَةٌ لِمَنْ كَانَ يَرْجُو اللَّهَ وَالْيَوْمَ الْآخِرَ وَذَكَرَ اللَّهَ كَثِيرًا

«Расында Алланы және ақырет күнін, сондай-ақ Алланы көп еске алатындар үшін Алла Елшісінің бойында ең көркем үлгі-өнегелер бар», – деп айтқан («Ахзаб» сүресі, 21-аят).

Қасиетті Құран біздерді қандай көркем мінезге шақырған болса, сол жақсы қасиеттердің барлығы да ардақты Пайғамбарымыздың бойында табылды. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезі жайында сұрағанда:

أَلَستَ تَقرَأُ القُرآنَ؟ فَإِنَّ خُلُقَ نَبِيِّ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيهِ وَسَلَّمَ كَانَ القُرآنَ

«Сендер Құранды оқымайсыңдар ма? Оның мінез-құлқы Құран еді», – деп жауап берген.

Міне, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінез-құлқы барлық адамзатқа жіберілген үлгі-өнеге болды. Оның отбасымен,  жұбайларымен, балаларымен, туыстарымен, дін жолындағы бауырларымен, мұқтаж жандармен, қызметшісімен қандай көркем қарым-қатынаста болғанынан әрбір мұсылман баласы үлгі-өнеге етуі керек. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір сөзінде бұл үмметке жіберілген себебін:

إِنَّمَا بُعِثْتُ لِأُتَمِّمَ مَكَارِمَ الْأَخْلَاقِ

«Расында мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім», – деп өзінің келген міндеттерінің бірі көркем мінезді кемелдендіру екенін айтқан болатын (имам Бұхари).

 

Қисса

Әнас ибн Малик (Алла оған разы болсын) былай деп әңгімелейді:

Мен Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге едім. Ол кісінің үстінде қатты матадан тігілген шапан бар еді. Бір бәдәуи (дала арабы) Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жағасынан ұстап, өзіне қарай қатты тартты. Тіпті, қалың шекпеннің жағасы Пайғамбардың мүбәрак мойнына батты. Сосын ол: «Уа, Мұхаммед! Бәйтул-малдан (қазынадан) мына екі түйеме толтырып артып бер. Ол сенің немесе әкеңнің малы емес қой», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жөнсіз дөрекілігіне: «Қазына – Алланың қазынасы. Ал мен Оның құлымын», – деп жауап берді. Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, бәдәуи! Маған істегеніңді, мен де саған істейін бе?» – деді. Әлгі бәдәуи: «Жоқ», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Неге?» – деп сұрап еді, әлгі адам: «Сен жамандыққа жамандықпен жауап беретін адам емессің», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның жауабына күліп, бір түйесіне арпа, екіншісіне құрма артып беруді тапсырды (имам Әбу Дәуід).

 

Екінші, білім алу, кітап оқу

Білім – көркем мінезге жетудің негізгі кілті. Адам баласының білімі жетіліп, толықсып, ненің жақсы, ненің өзіне зиян екенін білген сайын оның мінезі де жақсара түседі. Білім адам баласын көркем мінезге, ал надандық адам баласын моральдық құлдырауға алып келеді. Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Құранда Алла Тағала күнәлі іске тап болғандар жайында айтылғанда, көбіне соның себебін білімсіздікпен байланыстырған. Құранда Жүсіп (ғ.с.) пайғамбардың бауырлары оған білместіктен қиянат жасағандығы былайша баян етіледі:

قَالَ هَلْ عَلِمْتُمْ مَا فَعَلْتُمْ بِيُوسُفَ وَأَخِيهِ إِذْ أَنْتُمْ جَاهِلُونَ

«Сендер білместіктен Жүсіпке және бауырына не істегендеріңді білесіңдер ме?» – деген («Юсуф» сүресі, 89-аят).

Аятта «сендер білместіктен» деу арқылы Жүсіптің (оған Алланың сәлемі болсын) бауырларының көреалмаушылық, қиянат, өтірік айту сынды істерге баруы білімсіздігі себеп болғаны айтылған.

Сонымен қатар көркем мінездің шыңы – тақуалық. Адам баласы шынайы тақуалыққа тек білім арқылы жетеді. Ал шынайы тақуалар білім иелері екенін Алла Тағала Құранда былай деп айтқан:

إِنَّمَا يَخْشَى اللَّهَ مِنْ عِبَادِهِ الْعُلَمَاءُ

«Шынтуайтында, Алладан құлдарының арасында шын қорқатын – ғұламалар», – деген («Фатыр» сүресі, 28-аят).

Ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдардың жәннатқа кіруіне ең көп не нәрсе себеп болады?» – деп сұрағанда:

تَقْوَى اللَّهِ وَحُسْنُ الْخُلُقِ

«Тақуалық пен көркем мінез», – деп жауап берген (имам Ахмад).

Үшінші, мінезі жақсы адамдармен араласу

«Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» демекші, мінездің жақсылыққа өзгеруіне себепші болатын істердің тағы бір түрі: мінезі жақсы адамдармен араласып, мінезі жаман адамдардан алшақ болу. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الرَّجُلُ عَلَى دِينِ خَليِلِهِ فَلْيَنْظُرْ أَحَدُكُم مَن يُخَالِلُ

«Адам өзінің досының дінінде, сол үшін әркім кімді дос тұтып жүргеніне назар аударсын», – деген (имам Әбу Дәуід). Халқымызда да «Сен маған досыңды көрсет, мен сенің кім екеніңді айтамын» – деген сөз бар.

Адамнан – қоғам, қоғамнан – ел құралады. Қоғамдық қатынастарды реттеп, жүйелеп отыруда көп адамда кездесе бермейтін көркем мінез үлкен рөл атқарады. Жеке тұлғаның мінез-құлқының қалыптасуында достықтың әсері өте үлкен. Адам баласы досының бойындағы қасиеттерді кейде өз бойына сіңіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы дос таңдаудың маңызы жайлы былай деген: «Жақсы дос пен жаман достың мысалы – әтір сатушы мен от үрлеушінің мысалындай. Әтір сатушыға келер болсақ, не ол саған сыйлық жасайды, не сен одан бір нәрсе сатып аласың, не одан шыққан кезде хош иісті сезесің. Ал от үрлеуші ұстаға келсек, ол сенің киіміңді күйдіреді немесе одан шыққан кезде сасық иісті сезесің», – деген.

Имам әл-Ғазали «Барлық жамандық нашар мінез-құлықты адамдармен сұхбаттас болудан пайда болады», – деген екен.

 

Төртінші, дұға жасау

Көркем мінез – Пайғамбарлар мырзасының (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сипаты, Алла сүйген пенделердің ең жақсы ісі, тақуалардың тынымсыз, тырысып жеткен жемісті еңбегі.

Жаман мінез – ол құрдымға жіберетін у, бақытсыздыққа бастайтын сор, Жаратушыдан жырақтатын жағымсыз жабырқау. Алла Тағала жаратқан жаратылыстардың ең сұлуы әрі кемелі – Адам баласы. Оны Алла Тағала «Тин» сүресінде:

لَقَدْ خَلَقْنَا الْإِنْسَانَ فِي أَحْسَنِ تَقْوِيمٍ

«Расында, адамзатты көркем бейнеде жараттық», – деп баяндайды. Ал, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әрдайым:

اللَّهُمَّ كَمَا حَسَّنْتَ خَلْقِي فَحَسِّنْ خُلُقِي

«Уа, Алла! Менің жаратылыс келбетімді көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да көркем ете гөр!» – деп дұға жасайтын болған.

Жағымсыз мінез – ол адамның тәнімен қоса жанын жейтін, өртеп күйдіретін тозақтың қақпасы. Мәлік ибн Динар (Алла оны рақымына алсын): «Ауру тек денеде ғана болмайды, мінезде де бар. Егер біреуден жаман мінез көрсең, оған Алладан шипа сұрап дұға жаса. Оған жабысқан кеселден сені сау еткен Аллаға мақтау айт», – деген.

 

Қадірменді жамағат!

Адам баласы көркем мінезі арқылы бұл өмірде сыйлы, қадірлі болуымен қатар, ақырет күні де үлкен дәрежелерге ие болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَا مِنْ شَيْءٍ أثْقَلُ في مِيزَانِ ِ المُؤْمِنِ يَوْمَ القِيَامَةِ مِنْ حُسْنِ الخُلُقِ

«Қиямет күні мүминнің (амал) таразысында көркем мінезден ауыр нәрсе болмайды», – деген (имам Термизи).

Халқымызда да жақсы мінездің артықшылығы туралы айтылған даналық сөздер көп. Хакім Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», – десе, Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады, мінезің – сенің тағдырың», – деген.

Ислам – көркем мінез бен әдепке негізделген дін. Ислам кемел дін болғандықтан, ондағы ахлақ нормалары да сондай кемел. Ендеше, сөзіміз бен ісімізді түзеп, жақсы әдет қалыптастырып, көркем мінезді жандардан болуға тырысайық!

Алла Тағала біздерге көркем мінез бен пайдалы білім нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі