الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз.

Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ислам – амандық пен бейбітшілік діні. Әлемді сүйіспеншілікпен жаратқан Ұлы Жаратушының соңғы пайғамбары жер бетіне бейбітшілік орнату үшін жіберілгенін Құран былайша баян етуде:

وَمَا أَرْسَلْنَاكَ إِلَّا رَحْمَةً لِلْعَالَمِينَ

«Біз сені күллі әлемге тек мейірім ретінде ғана жібердік» («Әнбия» сүресі, 107-аят). Құранда бейбітшілік мағынасын білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аятта айтылған. Құран әрдайым ынтымақ пен бірлікті насихаттайды. Ешкімді дініне, ұлтына, нәсіліне және жынысына қарап бөлмейді. Адамға адами тұрғыдан баға беріп, Алла құзырында ешкім ешкімнен жоғары емес, тек тақуалық пен діндарлықта ғана дәрежелері жоғары болады. Алла Тағала қасиетті Құранда:

 …إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

«… расында, Алланың құзырында ең ардақтыларың – ең тақуаларың! Шүбәсіз, Алла – барлық нәрсені толық білуші, бәрінен хабардар», – деген («Хұжұрат» сүресі, 13-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّ رَبَّكمْ وَاحِدٌ أَلَا لَا فَضْلَ لِعَرَبِيٍّ عَلَى عَجَمِيٍّ وَ لَا لِعَجَمِيٍّ عَلَى عَرَبِيٍّ وَ لَا لِأَحْمَرَ عَلَى أَسْوَدَ وَ لَا لِأَسْوَدَ عَلَى أَحْمَرَ إِلَّا بِالتَّقْوَى إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِنْدَ اللهِ أَتْقَاكُمْ

«Уа, адамдар! Сендердің Раббыларың біреу! Ешбір араб араб еместен, араб емес арабтан, ақтың қарадан, қараның ақтан діндарлығынан басқа ешқандай артықшылығы жоқ. Күмәнсіз Алланың алдында ең мәртебелілерің діндар болғандарың», – деген (имам Бәйһақи).

Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған.

Ислам – бейбітшілік пен әділдік діні. Ислам діні адамдарды тіліне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлмейді. Ислам қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін негізгі қағидаларды талап етеді. Солардың бірнешеуіне тоқтала кетсек.

Бірінші: өзгенің құқығын сақтау – әділ қоғамның негізі

Әрбір адам баласы өзгенің ақысын жемей, ала жібін аттамай, өзге адамға зиянын тигізбеуі керек. Кісі ақысын жеу – ауыр күнәлардың бірі. Ғалымдарымыз бұл күнәны Аллаға ортақ қосудан кейінгі үлкен күнәға жатқызған. Себебі адам ақыретке кісі ақысын арқалап баратын болса, ақысы кеткен адам «мен оны кештім» демейінше әлгі құлды Алла Тағала да кешірмейді. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلاَ تَأْكُلُواْ أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُواْ بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُواْ فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ

«Бір-біріңнің малыңды нақақтан-нақақ жемеңдер. Сондай-ақ, адамдардың малының бір бөлігін негізсіз жейтіндеріңді біле тұра, билерге пара беруге тырыспаңдар», – деген («Бақара» сүресі, 188-аят).

Адам баласы өз мал-дүниесін қалай қорғаса, өзгенің де мүлкін солай қорғауға тиіс. Себебі біреудің малын әділетсіз жолмен жеу сайып келгенде өз малыңды жеумен тең.

Ал өзгенің ақысына қол сұғып, мүлкін жеу – күнә. Алла Тағала арам жолмен жеуге тыйым салған. Мысалы:

–       Қарақшылық, ұрлық, немесе аманатқа қиянат жасау сынды жолдармен біреудің мүлкін алу;

–       Сауда-саттық арқылы алдау, яғни әділетсіз келісімдер жасау;

–       Өсім (риба), құмар ойындары. Бұлардың барлығы мүлікті әділетсіз жолмен жеуге жатады, себебі бұл әрекеттерде адал табыс жоқ;

–       Сатушы мен сатып алушының бірін-бірі алдауы немесе қызмет ақысына әділ төлем жасалмауы;

–       Жұмысшылардың жалақысын жеу немесе жұмысшының өз міндетін дұрыс атқармай тұрып ақы талап етуі.

Осы аталғандардың бәрі өзгенің ақысына қол сұғу болып саналады. Мұндай әрекеттерге – шариғатта тыйым салған.

Халқымыз ұрпағына: «Ешкімнің ала жібін аттама» деп, өзгеге қиянат жасамауды, зиян бермеуді, ақысыз мал-дүниесіне қол салмауды кішкентайынан үйретіп, құлағына құйып өсірген. Мысалы, баланың тәй-тәй басып, қадам жасағанда ала жіппен тұсауын кесу дәстүрі осының айғағы. Мұндағы мақсат – өзгенің ала жібін аттамау деген сөз.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

مَنِ اقْتَطَعَ شِبْرًا مِنَ الأرْضِ ظُلْمًا، طَوَّقَهُ اللَّهُ إِيَّاهُ يَومَ القِيَامَةِ مِن سَبْعِ أَرَضِينَ

«Кім бір қарыс жерді зорлықпен тартып алса, сол жердің жеті есесі қиямет күні мойнына жүктеледі», – деп ескерткен (имам Мүслим).

Қабан (Қабылиса) жырау бабамыз:

Фәни тұрмақ бақида,

Мінетұғын пырақ бар.

Ешкімнің хақын жемеңдер,

Артында оның сұрақ бар, – деп кісі ақысын жегендер үшін ақыретте үлкен сұрау болатындығын ескерткен.

Екінші: әділдік бар жерде бейбітшілік пен сенім орнайды

Адам өмірінің бір қалыпты болуы үшін барлығына бірдей әділ болу керек. Қоғам тыныштығы үшін бұл – басты талап. Сонымен қатар өзгелермен қарым-қатынасты дұрыстау керек. Құранда бұл жайында былай дейді:

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُ بِالْعَدْلِ وَالْإِحْسَانِ وَإِيتَاءِ ذِي الْقُرْبَى وَيَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ وَالْبَغْيِ يَعِظُكُمْ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Расында, Алла әділдікті, игі іс істеуді (ихсанды) және туған-туысқа қол ұшын беріп қарайласуды бұйырады. Сонымен қатар арсыздықтан, жамандық атаулыдан және зұлымдықтан тыяды. Ойланып, ғибрат алсын деп (Алла сендерге осылайша) насихат айтады», – деген («Нахыл» сүресі, 90-аят). Қоғамда әділетсіздік белең алса, татулық пен сенім жоғалады. Ал әділетсіздік жасаған адам біреудің наразылығына қалады, ақыретте  жағдайы мүшкіл болады. Құранда:

وَلَا تَحْسَبَنَّ اللَّهَ غَافِلًا عَمَّا يَعْمَلُ الظَّالِمُونَ إِنَّمَا يُؤَخِّرُهُمْ لِيَوْمٍ تَشْخَصُ فِيهِ الْأَبْصَارُ

«(Уа, Мұхаммед!) Алла (күнәға белшесінен батқан) залымдардың не істеп, не қойып жүргенінен бейхабар деп ойлама! Ол бар болғаны, олардың ісін көздерді шарасынан шығаратын ғаламат күнге (яғни қияметке) қалдырды», – деген («Ибраһим» сүресі, 42-аят).

Қисса

Бірде бір адам Али ибн Әби Тәлібтің (Алла оған разы болсын) үстінен шағымданып, Омар ибн әл-Хаттабқа (Алла оған разы болсын) келеді. Али Омардың алдына келіп отырғанда, Омар (Алла оған разы болсын): «Уа, Хасанның әкесі Али! Тұр да, шағымданушының жанына барып отыр», – дейді. Али (Алла оған разы болсын) айтқанын орындайды. Алайда мұсылмандардың әміршісі хазіреті Омар Алидің жүзінен ашу мен қобалжу белгілерін байқайды. Дегенмен қазылық біткенге дейін байқамаған сыңай танытады. Сосын Алиге (Алла оған разы болсын): «Уа, Али! Өзге дін өкілімен қатар отырғызғанымды ұнатпай қалдың ба?» – дейді. Сонда Али: «Жоқ, менің қобалжу себебім, сен мені лақабыммен (Хасанның әкесі деп) шақырып, шағымданушыны олай шақырмадың, екеумізге тең қарамадың. Содан өзге дін өкілі мұсылмандардың арасында әділдік жоғалған екен деп ойлап қалуынан қорықтым», – деген екен.

Өйткені Омардың Алиді «Уа, Хасанның Әкесі!» – деп шақырғаны секілді, арабтарда лақаб есімімен, яғни «пәленшенің әкесі» деп шақыру, сол кісіге деген құрметтің белгісі болып табылған!

Үшінші: көркем мәміле – қоғам татулығының кепілі

Көркем мәміле әр адамның жүрегіне жол табады, ал жүректер тоғысса – қоғам тұтастығы нығаяды. Өйткені Ислам көркем мәміледен тұрады. Адамның бұл дүниедегі бағасы – оның иманымен және мәмілесімен өлшенеді. Иман жүрекке орнықса, ол адамның сөзінен де, ісінен де көрініс табады. Сол иманның жемісі – көркем мәміле. Ал көркем мәміле – қоғамдағы татулық пен бейбіт өмірдің бастауы. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ

«Жақсылық пен жамандық бірдей болмайды. Сен жамандықтың қарымын жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамың жан досыңа айналғанын көресің», – деген («Фуссилат» сүресі, 34-аят).

Көркем мәміле – діннің шырағы, қоғамның шамшырағы. Ол адамның иманын көріктендіріп, басқалармен татулықта өмір сүруіне жол ашады. Тек көркем мәміле иелері ғана үлкен құрметке, шынайы сүйіспеншілікке ие болады. Қоғамда осындай адамдар көбейсе – ел ішінде татулық пен бейбітшілік орнайды.

Төртініш: өзгелермен тату болу

Алла Тағаланың адам баласына берген асыл қасиеттердің бірі – татулық. Өзгелермен тату болу адамдар арасын жарастырады, біріктіреді. Мына әлемнің пәни екендігін сезіндіреді. Адамдар бір-біріне кешірім жасап, тату болу арқылы біз бітпес даудың түйінін шешіп, ата жауды адал досқа айналдырады. Мысалы, өзгелерге кешірімді болу, кешіріммен қарау мейірімділікке, татулыққа жол ашады. Ал кешірім сұрамау мен кешірмеу – адам өмірін түпсіз тұңғиыққа тірейтін жағымсыз қасиет. Сондықтан арадағы өкпе назды ұмыттыратын ең жақсы қасиет – татулық. Ислам – кешірімділік пен бауырмалдық діні. Ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті. Себебі кешірім адамдар арасындағы сүйіспеншілікті нығайтады. Адамдар арасындағы араздықты басып, бір-бірімен достастырады, бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады. Қоғамда тату болу бейбіт өмір сүруге жетелейді. Міне, Ислам дінінің басты талабы – осы. Бұл жайлы Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы:

Біреудің мінін кешірсең,

Құдай да сені кешеді.

Бірін де қылмай есірсең,

Төбеңді әлі-ақ теседі.

Көңілі жұмсақ адамның,

Күрмеуін тағдыр шешеді.

Пейілі жаман адамның,

Орыны дайын деседі, – деп жырлайды.

Әрине, татулық – ізгі қасиет. Асыл дінімізде өзгені кешіре білудің, адамдармен тату болудың өзіндік жолдары мен сарқылмас сауаптары бар. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

فَاعْفُ عَنْهُمْ وَاصْفَحْ إِنَّ اللَّهَ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ

«Оларды кеш, көңіліңе алма! Шүбәсіз, Алла ізгі жандарды жақсы көреді», – деген («Мәида» сүресі, 13-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) саналы өмірінде мейірімділік пен кешірімділікті, адамдармен тату болуды ту етіп, әр кез осы ұлы сипаттарды бірінші болып орындаған. Оның қарапайымдылығы жайлы көптеген мысал келтіруге болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің бойында мынадай үш қасиет болса, Алла Тағала оның есебін жеңіл етіп, мейірімімен жәннатқа кіргізеді», – дейді. Сахабалар: «Ол қандай қасиет?» – деп сұрағанда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең, жәннатқа кіресің», – деп жауап береді.

Қорыта айтқанда, татулық – адам бойынан табылатын ең ізгі қасиеттің бірі. Бабаларымыз «Ынтымақты үйдің бағы бар,

Ынтымақ кетті, бақ кетті» – деп өсиет қалдырған.

Құрметті жамағат!

Қоғам ішінде бүлік пен алауыздықтың алдын алу мен тоқтату – әрбір мұсылманның міндеті. Құран мен хадис біздерге осыны бұйырады. Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салуға қатаң түрде тыйым салады. Қасиетті Құранда бұл жайында былай деген:

وَالْفِتْنَةُ أَكْبَرُ مِنْ الْقَتْلِ

«Бүлік шығару – кісі өлтіруден де үлкен күнә» («Бақара» сүресі, 217-аят).

Ал қоғам тыныштығын бұзған жанды Алла сүймейтінін былайша ескертеді:

وَاللَّهُ لَا يُحِبُّ الْمُفْسِدِينَ

«Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Майда» сүресі, 64-аят).

Көңілімізде тәкәппарлық емес, мейірім мен махаббат, кешірім мен татулық орнаса, қоғамымыз мызғымастай берік болары хақ. Сонда ғана елімізде береке мен тыныштық тұрақтайды, Алланың берекеті болады!

Алла Тағала жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, елімізге тыныштық, жүрегімізге шынайы бауырмалдық пен сүйіспеншілік орнатып, өзара араздықтан сақтасын!