ИМАМДАР ФОРУМЫНДА ЕКІ МАҢЫЗДЫ ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАНДЫ

Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ даласындағы дәстүрлі ислам құндылықтары» тақырыбында VI Республикалық имамдар форумы өтті.

Форум аясында қоғам үшін өзекті екі құжат қабылданды. Олар «Қазақ халқының дәстүрінде және Ислам дінінде отбасы құндылығы» тұғырнамасы; «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу (мәзірі мен тәртібі)» құжаты.

Аталған құжаттар отбасы институтының тәрбиелік маңызын айқындап, діни рәсімдердегі бірізділікті қалыптастыруды көздейді. Әсіресе, құдайы ас беру рәсімінде ысырап пен бәсекеге жол бермеу, дастарқан мәзірінің мазмұндық және мәндік жағына мән беру мәселелері кеңінен қамтылды.

Сондай-ақ, жиын соңында VI Республикалық имамдар форумының Үндеуі қабылданып, дін қызметкерлерінің рухани-ағартушылық қызметіне жол көрсететін маңызды тұжырымдар жария етілді.