Жер бетіндегі халықтың үштен бір бөлігі ішімдік тұтынатындар. Ол дегеніміз 6 миллиардтан астам халықтың 2 миллиарды спирттік ішімдік тұтынады деген сөз. Қазақстан тұрғындары да ішімдік құмарлы елдердің қатарында екен. Жалпы еліміздегі халықтың 35,5 пайызы ішімдік тұтынса, ал 300 мыңнан астам адам ішімдікке салынғандар, дейді мамандар. Еліміздегі халық тұтынатын ішімдіктің бір жылдық мөлшерін жан басына шаққанда 12 литр арақ, 31 литр сырадан келеді екен. Бұл статистикалық мәліметтен ұғатынымыз, дүкен сөрелерінде шөлмектердің орын алуы экономикалық заңдылық бойынша сұраныстан туындап отыр. Сұраныстың қажеттілігін өтеу өндірушілер мен саудагерлер үшін таптырмайтын табыс көзі. Қоғам үшін қаншалықты зиян екендігі баршаға аян. Алла тағала қасиетті Құранда айтады: «Әй мүміндер! Арақ, құмар, тікілген тастар (бұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар» /«Маида» сүресі, 90-аят/ дейді. Алла тағала Құран аяттары арқылы адам баласын тура жолдан тайдыратын жамандықтардың бірі – ішімдік екендігін ескертеді. Бұндай жерде шайтанның азғыруы болатынын айтып: «Одан құтылудың жолы сақтаныңдар, жоламандар, сонда ғана қүтыларсыңдар» – дейді. Шын мәнінде қаншама адамның өмірін құртқан, отбасы шырқын бұзған, жетімдер санын көбейткен, кісі өлімі, неше түрлі қылмыс атауына себепкер болған жиіркенішті арақтың адамзат үшін зияндылығы орасан. Қаншама қылмыс пен күнәға себепкер болатын арақтың зияндылығын ескерткен біздің ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисте «Арақ ішпеңдер! Себебі, арақ – бүкіл жаманшылықтың көзі» дейді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) өз үмметін харам нәрседен сақтануға шақырады.
Арақтың қазіргі күні қоғамды құртушы бірден-бір күш екендігін баршамыз көріп жүрміз. Барлық жамандық атаулының қозғаушы күші арақ екендігін де білеміз. Түрмеге түсетіндердің 80 пайызынан астамы осы арақтың күшімен (мастықпен) қылмыс жасайды екен. Бір адам маскүнемдіктің салдарынан кісі өлтірген болса, біз қылмыскер деп ол адамға жаза тағайындап түрмеге жабамыз. Ал шын мәнінде ол қылмысты жасаған жалғыз өзі ме? Ол арақты сатқан саудагер, ол арақты тасымалдаушы, ол арақты өндіруші кәсіпорын, т.б. арақтың тұтынушыға жетуіне дейін пайда табушылар қылмысқа ешқандай қатысы жоқ десек, қаншалықты әділетті болмақ? Тіпті шындығына келгенде, осы арақтың өзі ең үлкен қылмыскер. Біз ішіп алып кісі өлтірген жазықты адамды түрмеге қамадық, ал сол қылмысты істі жасауға себепкер болған ішімдікке ешқандай шара қолданбадық. Бұдан шығатын қорытынды, біз ең үлкен қылмыскерге лайықты жазасын әлі бермедік. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) былай дейді: «Алла тағала арақты, оны ішуші мен құйып берушіні, сатушы мен сатып алушыны, дайындаушы мен дайындатушыны, алып келуші мен алып келтірушіні және арақтан күн көрушіні лағынеттеді!». Ал құдіретті Алла тағала оның барлық жамандықтың бастаушысы екендігін алдын-ала білгендіктен, бір тамшысының өзі харам екендігін ескертеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Көп мөлшерде мас етуші нәрсенің азы да харам!» дейді.
Ішімдік отбасы мен қоғам үшін зияндылығынан басқа, ең алдымен жеке адамның өз денсаулығын құртушы. Ішімдік неше түрлі ауруды тудырады. Арақ ішкен адамның бауыры майланып, одан әрі циррозға (бауырдың қабынуы), тіпті бауыр рагына апарып соғатыны белгілі. Медицина саласының мамандарының мәліметінше, бауыр рагына ұшыраушылардың басым көпшілігі арақ ішушілер екен. АҚШ-та 1919-1933 жылдар аралығында алкоголь құрамы бар ішімдік өндіру мен қолдануды қатаң түрде шектеген. Осы жылдарда цирроздан (бауырдың қабынуы мен солуы) адамдардың өлу мөлшері азайғандығы байқалған. Батыс елдері ішімдіктен туындаған мәселелерді шешу үшін миллиардтаған қаражат жұмсауда. АҚШ-та 1989 жылдан бері қоғамдағы ішімдіктен туындаған індеттердің алдын-алу үшін арақ құтыларына ішімдік іштегі сәбиге залал беретіндігі себепті әйелдердің екі қабат кезде мүлдем арақ ішпеу керектігі жөнінде жазып қоятын болған. Сонымен бірге, алкоголь ішіп, көлік айдамауға болмайтынын және ішімдік әртүрлі ауруға жол ашатыны туралы ескертілген.
Қазіргі өркениетті елміз деп кеуде қағатын елдердің өзі толықтай арақтан бас тарта алмай отыр. Екінші қырынан қарайтын болсақ, арақ – өндірушілер үшін негізгі пайданың көзі болса, кейбіреулер үшін көңіл көтерудің бірден-бір ермегі. Ал ислам діні «Ішімдік – барлық жамандықтың көзі» деп, қоғамды ірітіп тұрған жараны дөп басып көрсетіп әлемге жар салуда. Қасиетті Құранда Жаратқан Иеміз: «Ей, мүміндер! Арақ, құмар ойнау, пұттарға табыну, оларға бал шалу және бал ашатын таяқшалар шайтанның амалынан болған арам іс. Ендеше, құтылуларың үшін олардың әрқайсысынан аулақ жүріңдер! Ішкілік, құмар арқылы шайтан араларыңа дұшпандық, кек салуды және сендерді Алланы еске алудан және намаз оқудан бөгеуді қалайды! Енді, тыйыласыңдар ма?» деп ескерту жасайды /«Маида» сүресі, 90-91-аяттар/. Бұл үкім Құрандағы арақ, құмар ойыны жайындағы соңғы үкім. Алла Елшісі (с.ғ.с.) осы аяттар түскендігін Мәдина тұрғындарына жеткізгенде, сол кезде қала тұрғындары жаппай үйлеріндегі арақ атауын көшеге төгіп, Алладан келген тыйымды тікелей қабылдап орындаған екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүйікті сахабаларының бірі Әнас ибн Мәлік (р.а.) осы оқиғаны былайша баяндайды: «Ішкілікке тыйым салынғаннан кейін біз үйлеріміздегі арақ-шарапты көшеге шығарып төктік. Төгілген ішкіліктің көптігі сонша, бірнеше күн бойы Мәдинада төгілген ішкілік судай ағып, исі мүңкіп тұрды», – дейді. Міне, бұдан түсінетініміз, мұсылмандар сол кезде Алланың бұйрығын тура қабылдап, амал қылғандығын байқаймыз. Осы бір аяттар мұсылмандарды күнделікті тұтынып жүрген ішімдік атауынан мүлдем бас тартуына себеп болды. Осы уақытқа дейін Мәдина, Мекке қалаларында ішімдік ішіліп те, сатылып та көрмеген екен. Ал біздің қалаларымызда ішімдік сатылмайтын дүкен кездестіру мүмкін емес. Дүкен сөрелерінде ішімдік пен нанымыз қатар тұра береді. Бірде мұсылман елінен келген бір азамат Қарағанды қаласының дүкендерінен нан таба алмапты дегенді естіген едім. Шын мәнінде біз үшін нан сататын дүкен саны жеткілікті болғанымен, тек халал өнім сатылатын дүкендерді көріп өскен ол азамат үшін арақ пен нан қатар тұратын дүкендерден нан сатып алуға жүректегі иманы аттап бастырмай, қиындық тудырған болар. Ал бізде ата-анасы дүкенге жұмсаған баласының бір қолында нан болса, екінші қолында әкесіне алған сырасы болуы үйреншікті жағдайға айналған. Нан мен ішімдікті күнде үйге тасып жүрсе, баланың санасынан жаман әдет қалайша алыс болмақ? Арақ дүкен сөрелерінде мен мұндалап тұрса, бұқаралық ақпарат құралдары оны жарыса жарнамалап жатса, әр адам ашықтан-ашық сыра ішіп, мас болып жүрсе, біз қоғамды ішімдіктен қалай тыя аламыз?
Қазіргі күні ұлт мүддесін қорғап жүрген кейбір ағаларымыздың өзі ішімдіктің жанкешті құлына айналған. Бабаларымыздан келе жатқан тамаша дәстүрлі әндерімізді ішіп алып, әуендетіп айтатын марқасқа әнші, серілеріміз де жетіп артылады. Қазақтың жоғын түгендеп беріп жүрген аты дардай ақын ағаларымыз, жүректен жарып шыққан өлендерінің тұсаукесерін осы бір жиіркенішті арақпен атап өтіп жатқандығына не дерсің? Бұл арақ кімді жақсылыққа жеткізіп еді? Ресей елінде миллиондаған ішімдікке салынғандар баспанасы мен отбасынан айрылып, көше қаңғырып қалғандығы көкірегінде түйсігі барларды ойландыруы тиіс. Сол үйсіз қаңғып қалғандардың ішінде кезінде ел алдында құрметке бөленген ғалымдар, профессор, академикке дейін кездескен.
Бірде сахабалар Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Біз бір нәрсенің жаман екендігін қайдан білеміз?” – деп сұрағанда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сендер бір істі бастаған болсаңдар, оның соңғы нәтижесін күтіңдер, егер соңғы нәтижесі жақсылыққа бастамаса, оған қайтып жоламаңдар», – деген екен. Яғни Алланың елшісі (с.ғ.с.) соңы жақсылыққа жеткізбеген нәрсеге жоламау керектігін ескертеді. Біз ішімдіктің соңы қайда апарғандығын оның нәтижесінен көріп, біліп жүрміз. Көшеде итпен бірге қоқыс аралап жүрген өзіміз секілді адам баласын осындай тірлікке жеткізген сол ішімдік емес пе еді?
Сібір гуманитарлық экологиялық институтының профессоры В.Г.Жданов арақтың зияндылығын ғылыми тұрғыда жеткілікті дәлелдеп-ақ берді. Ол алкогольді ішімдік орыс ұлтының тұқым қуалайтын ауруына айналды деген пікірін айтады.
Әрбір отау шағын мемлекет десек, сол мемлекеттің шаңырағын шайқалтатын басты қауіп – арақ. Осы арақтың кесірінен қаншама сәби ата-анасыз жетімханада өсуде. Біздің елде 600-ден астам балалар үйі қызмет етеді. Елімізде 46 мыңдай жетім бала бар болса, солардың 16 мыңының ата-анасы ішімдікке салынғандықтан, ата-аналық құқынан айрылған екен. Маскүнем ата-ана баласына қалай пана болмақ? Ал жетімханадағы күтушілер әр баланың анасының міндетін алмастыра ала ма? Бабаларымыз ешқашан жетімін жылатып, қариясын далада қаңғыртпаған еді. Осы күнде балалар үйі мен қарттар үйін толтырып жатқан қаракөз қандастарымыз жетіп артылады. Ішімдік осы мәселеге де өз үлесін қосуда. Бұл арақты бабаларымыз біздерге аманат еткен жоқ еді. Бабаларымыздан қалған мұрадай тойымызды онсыз өткізуді ар санайтын жағдайға жеттік. Жүрек жарды тілегімізді айту үшін ішімдік толы стакан ұстап түру міндетті деген болсақ, біз онда арақтың құлы емей, кім болғанымыз? Сол стаканның түбінен бақытты тауып, бақытты болып кеткен адамды көргендеріңіз бар ма? Алла тағала біздерге харамға жоламаңдар десе де, ал біздер тойымызды ішімдікпен өткізіп, жастардың бақытты болуын тілейміз. Егер тойларда айтылған тілектер қабыл болған болса, неге көп жастар ажырасып, бақытсыз күн кешіп жүр?
Алла тағала имандылықты сүйетін болса, ішімдік ішкен адам өзін қаншалықты имандымын деп айта алады. Хазреті Осман (р.а.): «Арақтан аулақ тұрыңыз. Аллаға ант ішейін, арақ пен иман бір жерде тоғыспас. Бірі екіншісін құртады» – деген еді. Адам баласы өз нәпсісіне еріп, Алланы сүйгісі келетін жүрегіне қиянат жасауда. Қазақтың көрнекті ағартушы педагогы Ыбырай Алтынсарыұлы: «Иманды ер Құдайынан ұялады, ұялып Иесінен сый алады», – дейді. Алла тағала харам еткен арақты ішу – ұятымызды ішкенмен тең. Ұятты ішу – иманымызды құртып, Жаратушының сыйынан мақұрым қалу болар.
Арақ – адамды азғырушы шайтанның бір құралы. Арақ ішетін адам үш түрлі хайуанның образына енеді. Алдымен арақ ішер алдында өтірік күлу, жағымпаздану сияқты түлкі мінезділікке салынса, одан кейін бірнеше шөлмек босатқасын, есін еміс-еміс біліп, күші тасып, ырылдасып, төбелесіп, қасқыр мінезге ауысады, артынша есін білмей шошқа секілді кез келген лас жерге ұйықтай салып, өзін адам санатынан шығарады.
Ішімдік соншалықты талай қылмысқа себепкер болса да, оны жойып жіберуге ар-ұятымызды жұмылдыра алмай жүрген жайымыз бар. Егер аз да болса шараның бірінші қадамын жасалып, ішімдіктің этикеткасына: «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі арақ-шарап ішу отбасыңызға зиян келтіретінін, қылмыс жасауға, өліміңізге себепкер болуы мүмкін екендігін ескертеді» деген жазу жазылса, дұрыс болар еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер бетінде жылына 2,3 миллион адам ішімдік салдарынан көз жүмады екен.
Хадисте айтылғандай, ішімдік барлық жамандықтың бастамасы екендігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Алла тағала пайғамбарға бағынып, оның жолымен жүруді қасиетті Құранда әмір етеді: «Пайғамбардың үйреткенін алыңдар, тыйым салған нәрселерінен бойларыңды аулақ ұстаңдар» – дейді. («Хашр» сүресі, 7-аят/. Ал Алланың Елшісі (с.ғ.с) үмметіне: «Алла тағала менің үмметімнен ішкілік ішкен адамның қырық күн бойы намазын қабыл етпейді» – деп, пенденің Алламен байланысы үзілетінін айтады.
Пенде нәпсісі мен еркіне ие бола алмаса, шайтанның арбауына түскендігі. Яғни араққа жақындау – шайтанмен достасу болмақ. Адам баласы Жаратушының сыйға тартқан он екі мүшесіне зиян тигізбегені абзал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні әрбір құл ғұмырын қайда өткізгенінен, алған білімімен қандай амал жасағанынан, мал-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағанынан және дене мүшесін қайда құртқандығынан сұралып, есеп бермейінше, орнынан бір қадам алға жылжымақ емес», – дейді. Нәпсінің жетегіне ерген адам баласы күнәға белшесінен батуда. Ішімдік пендені жәннатқа емес, тозаққа апарушы жол екендігін жадымызда ұстайық.
Ернар КЕЙКІ,
Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың аға оқытушысы.