РАҒАЙЫП ТҮНІ

Алла Тағаланың ең ұлы жаратылысы адам. Алайда адам баласының қасиеттілігі оның істеген жақсылықтарымен көтеріледі. Адамзат Алла Тағаланың алдында құлшылығымен құнды. Ұлы Раббымыздың әрбір жаратқан жаратылыстары ерекше мәнге ие. Сол жаратылыстарының бірін:

Мейірімді Раббымыз Алла құран кәрімде:

﴿إِنَّ عِدَّةَ الشُّهُورِ عِندَ اللَّهِ اثْنَا عَشَرَ شَهْرًا فِي كِتَابِ اللَّهِ يَوْمَ خَلَقَ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضَ مِنْهَا أَرْبَعَةٌ حُرُمٌ ۚ ذَٰلِكَ الدِّينُ الْقَيِّمُ ۚ فَلَا تَظْلِمُوا فِيهِنَّ أَنفُسَكُمْ 

«Айлардың саны Алланың құзырында он екі. Алла көктер мен жерді жаратқан күні төрт харам айын да жаратты. Олай болса бұл айларда бір-бірлеріңе зұлымдық етпеңдер»[1]дейді.

Осындай қасиетті айлардың ішінде Алланың Өз құлдарына ерекше назарын аударатын айлар бар. Сол ерекше айлардың бірі – Ережеп айы. Бұл айдың ерекшелігі жайлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай дейді:

«Ережеп айы-Алланың айы, шағбан айы – Менің (с.ғ.с.) айым, ал Рамазан айы – үмбетімнің айы».[2]

Алланың алдында дәрежесі жоғары болған осы Ережеп айының ішінде «Рағайып» деп аталатын қасиетті түн бар. Бұл түнге «рағайып» есімін періштелер берген. «Рағайып» сөзі «рағиба» сөзінің көптік мағынасын береді. Рағиба сөзі бір жерде «құнды, бағалы» деген мағына берсе, енді бір жерлерде «арман, тілек, мақсатына жету үшін қандай да бір әрекеттер жасау» деген мағынаға да келеді.

Мүбәрак Ережеп, Шағбан, Рамазан айлары-мағфират, кешірім, берекет айлары. Осыншама қасиетті өз ішіне сыйдырған бұл түнде мұсылмандардың жандары жай тауып, жүректері тазарып, көңілдерге Алланың назары түсіп, иләһи есіктер ашылады. Осы түн-өткен өміріміздегі Раббымызбен қарым-қатынасымыздың қандай болғандығына бір мәрте болса да көз салып, ой елегінен өткізіп, бойымыздағы барлық жақсы-жаман қасиеттерімізді таразылап, өкініштерді артқа қалдырып, жаңа өмір бастайтын түн. Басқа айларға қарағанда дәл осы айларда адам баласы бұл жалған дүниеге келу мақсатын көбірек ойланады. Қасиетті рағайып, миғраж, бәраат, қадір түндері де осы мүбәрак үш айдың ішінде жасырылған. Ғажайып сырлар мен рухани құндылықтарға толы рағайып түні – рамазан айының табалдырығынан аттатып, иісін иіскететін түн. Бұл түнді ғалымдар «рамазанның хабаршысы» деп те атаған. Рағайыптың дәмін татқан мұсылман рамазанның сырына қанық бола алады. Рағайып түнін бойында ұстаған Ережеп айы рамазанға дайындайды екен. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Ережеп айы кірген-нен бастап:

اللَّهُمَّ بَارِكْ لَنَا فِي رَجَبٍ وَشَعْبَانَ وَبلغنا رَمَضَانَ

«Аллаһым Ережеп, шағбан айларын бізге мүбәрак ет және рамазан айына қауыштыр»[3]-деп үнемі дұға еткен екен.

Бұл түн хазіреті Әмина анамыз бен хазіреті Абдулланың неке қиған түні. Бұл түн Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) нұры Әмина анамыздың құрсағына түскен түн. Осылайша адамзаттың асыға күткен Пайғамбарлардың мөрі, екі дүниенің сардары жаратылы-сының алғашқы кезеңі. Осыншама жақсылықтың жаршысы атанған қасиетті түн – «рағайып» түні.

Ұлы Раббымыз Алла Тағала құран кәрімде:

﴿وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ ٥٦﴾

«Мен адамдар мен жындарды тек қана маған құлшылық етсін деп жараттым»[4]– дейді.

Бұл аят бізге ап-айқын өмір сүру мақсатымызды білдіріп тұр. Осы аятқа сай өмір сүруіміздің айқын көрінісі осы айларда анық көрінеді. Негізі осы айларда ғана емес басқа қалған айларда да дәл осы қасиетті айлардағыдай құлшылық етіп, иманмен өмір сүруге тырысуымыз керек.  Бұл үш ай қалған айларда қалай өмір сүру керек екендігіміздің тамаша үлгісін көрсетеді.

Алланың адамзатқа берген 365 күнінің ішінде санаулы ғана қасиетті күндер мен түндер бар. Ғапылдықта болмай осы мүмкіндіктерді пайдаланып қалуымыз қажет. Себебі бұл қасиетті күндер мен түндер бізді екі дүниеде де бақытқа жеткізуі әбден мүмкін.

Ережеп айында жақсы амалдар үшін сансыз сауаптар берілетіні сияқты, жасалған күнәлар үшін де ауыр жаза берілуі мүмкін. Себебі бұл айдың құрметіне Алла разылығы үшін күнәлардан тыйылуымыз керек. Және бұл айда адамдардың қарғысына қалудан сақтануымыз қажет. Себебі бұл айда дұғалар тез қабыл болады. Бұған хазіреті Хусейннің (р.а.) мына оқиғасы дәлел. Хазіреті Хусейн (р.а.) әңгімесін былай бастайды:

-Қағбаны тәуап етіп жүргенімде, бар дауысымен айғайлап, қиналып, дұға етіп жатқан бір жігітті көрдім. Әкем бұл кісіні шақыруымды әмір етті. Ол жігіт әдемі әрі таза киінген жігіт еді. Бірақ оң жақ денесін қозғалта алмайтын мүгедек екен. Оған мен:

-Сен кімсің? – дедім. Ол:

-Атым Муназил. Мен ән салып, мәз болып ғапылдықта ойнап-күліп жүргенді жақсы көретінмін әрі атақты ұрылардың бірі болдым. Әрдайым нәпсімнің әмірімен ғана өмір сүрдім. Әкем тым болмаса осы басталған Ережеп айында күнәларымнан бас тартуымды сұрап, өтінді. Әкем салих кісі болатын. Соңғы ретінде әкем мені Алланың жазасынан қорық деп қатты ескертті. Мен ашуланып әкемді ұрдым. Әкем қағбаға келіп:

– Ей, Раббым мазлұмдардың дұғасын жерде қалдырмайсың. Ұлым жанымды қатты қинады. Ұлымды мүгедек ет! – деп дұға етті. Дұғасын айтып бітпей жатып-ақ оң жақ денем сал болып қалды. Біраз уақыттан кейін әкемнен кешірім сұрап жыладым. Әкемнің мейірімі оянып, мені кешірді де денемнің сауығып кетуі үшін Алладан қайтадан дұға тілейін деп қағбаға келе жатыр еді, түйеден құлап қайтыс болды. Ендігі халім міне, – деп жылады жас жігіт. Сол жерде хазіреті Хусейн (р.а.) әлгі жігітке дұға етті. Ережеп айында жасалған бұл дұғаның берекетімен жас жігіт жазылып кетті.

Қасиетті Құран Кәрімде дәл «рағайып» сөзі кездеспейді. Бірақ «рағиба» түбірінен шығатын сегіз сөз бар.

Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рағайып түні жайлы:

«Мына бес күнде жасалған дұғалар кері қайтарылмай қабыл болады. Олар: рағайып түні, шағбанның он бесінші түні, жұманың түнінде, ораза және құрбан айттың түндерінде» – деген.

Бұл қасиетті Ережеп айындағы рағайып түнінде күллі мұсылмандар күндіз ораза ұстап, мұқтаждарға қызмет етіп, түнде Раббысын зікір етіп, нәпіл намаздар оқиды. Нәпіл намаздардан осы түні әсіресе қажет намазын мол оқыған абзал. Себебі бұл түн «рағайып» сөзінің өзі айтып тұрғандай адамдардың қажеттері өтеліп, қалаулары берілетін түн. Тағы көп құран оқып, Алладан истиғфар тілеп, тәубемізге келуіміз шарт. Алланың берген шексіз нығметтеріне шүкір етіп, мейірімі мен рақымын еске алуымыз керек.

Осы қасиетті түнде орындалуы керек ғибадаттарды ретімен келтіретін болсақ:

1.  Алланы көп зікір ету.

(Алланың жаратқандарына қарап, 99 есімінің мағынасы жайлы ойланып, Алланы Өзіне тән сипаттарымен тануға тырысу.)

2.  Тәубәмізға келу.

(Алладан өткен-кеткен және алдағы үлкенді-кішілі күнәләріміз үшін кешірім сұрау.)

3.  Аллаға көп шүкір ету.

(Алланың берген барлық нығметтері үшін рАхмадімізді айтып, шүкіршілігімізді білдіру.)

4.  Бар болса қаза намаздарымызды өтеу, нәпіл намаздар оқу.

5.  Көп Құран оқу.

6.  Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаның (с.ғ.с.) салып кеткен сара жолына ой жүгіртіп, Оның (с.ғ.с.) сүннетімен қаншалықты өмір сүріп жатқанымызды ойлап, салауаттар айту.

7.  Алладан екі дүниемізге қажеттің барлығын тілеп, дұға ету.

Және осы түнгі ғибадаттармен қоса Ережеп айының басқа күндерінде де сауапты амалдарды орындап қалуға тырысуымыз керек. Туыстары-мызбен, достарымызбен жылы қарым-қатынаста болып, бір-бірімізді құттықтап, біреумен ренжіскен болсақ татуласып, ауру жандар мен қарт кісілерге қол ұшымызды созып, жетімдер мен жесірлерге қамқорлық жасап, кедейлер мен міскіндерге көмек көрсетіп, Рамазан айының жақындағанын сезінетіндей амалдар жасауымыз керек. Осынау мүбәрак айлардағы күндерімізді оразамен, қызметпен, ал түндерімізді құлшылық-пен өткізсек нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Ережеп бұл ұлы ай. Алла бұл айда мейірімін төгеді. Ережеп айында бір күн ораза ұстаған адам бір жыл ораза ұстағандай сауап алады, жеті күн ораза ұстаған адам үшін жәһаннамның есігі жабылады, сегіз күн ораза ұстаған адам үшін жәннат есіктері ашылады, ал он күн ораза ұстаған адамға Алла қалағанын беріп, армандарына жеткізеді, он бес күн ораза ұстаған адамның Алла өткен күнәларын кешіреді. Ережеп айында Алла Нұхты (а.с.) кемеге мінгізді және Нұх та сол түнді оразамен өткізді, өз қасындағыларға да ораза ұстауды әмір етті».[5]

Ибн Аббас (р.а.): «Расулуллаһтың (с.ғ.с.) оразаны көп ұстайтыны  соншалық, біз Расулуллаһты (с.ғ.с.) ешқашан ауыз ашпайды деп ойлайтынбыз»[6], -дейтін.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде:

«Қасиетті Ережеп айының басында бір күн, ортасында бір күн және соңында бір күн ораза ұстағанға Ережеп айының барлық күні ораза ұстағандай сауап беріледі»[7] -деген.

Cалиқалы бір әйел әр жылы Ережеп айының әр күні он екі мың рет «Ықылас» сүресін оқиды екен. Осы ғибадаты үшін арнап қойған арнайы көйлегі бар екен. Ол көйлегін тек осы он екі мың рет «ықыласты» оқитын кезде ғана киіп жүреді. Және әрдайым баласына:

-Балам мен о дүниелік болғанда мені осы көйлегіммен көм! -деп өсиет айтып кетіпті. Бір күні өлім сағаты келіп, салиқалы әйел жан тапсырады. Баласы анасының өсиетін біліп тұрса да, анасына жаны ашып киілген киіммен емес жаңа кебінмен көмгісі келеді. Сөйтіп анасын жаңа кебінмен көмеді. Кеш батып жас жігіт ұйықтағанда, түсінде анасын көреді.

Анасы баласына:

-Балам, сен неге менің өсиетімді орындамадың? Мені Ережеп айында он екі мың рет «Ықылас» сүресін оқығанда киетін көйлегім-мен көм деп едім ғой -дейді. Баласы таң ата оянып кетеді де көйлекті алып, анасының басына барады. Анасының қабірін қанша терең қазса да, анасын таба алмайды.  Көйлекті қабірдің ішіне қалдырып, үйіне қайтады. Жас жігіт сол түні тағы түс көреді. Түсінде бір дауыс:

-Сен анаңның қабірін қазып, өзі қалаған көйлегін кигізгің келді, бірақ анаңды таба алмадың ғой, иә–дейді. Жігіт:

-Иә, анамды таба алмадым, анам қайда? -деп сұрайды. Сонда әлгі дауыс:

-Ережеп айында Алла разылығы үшін он екі мың рет «ықылас» сүресін оқыған анаңды жер астында қалдырады деп ойладың ба? -деген екен.

Осы оқиғаға қарап-ақ Ережеп айының, оның ішіндегі рағайып түнінің қаншалықты қасиетті екенін түсінуге болатын тәрізді.

[1] «Тәубе» сүресі, 36-аят.

[2] Кешфуль Хафа 1/425

[3] Имам Ахмад риуаят еткен.

[4] «Зарият» сүресі, 56-аят.

[5] Табарани

[6] Мүсілім риуаят еткен.