ЖӘННАТТЫҢ КІЛТІ ӨЗ ҚОЛЫҢДА! Уағыз

Сахих Бухариде 7405-ші реттік нөмері, Имам Ахмадта 2 том 251, 354, 405. Имам Тирмизиде 3603 реттік нөмірі Абу Хурайрадан риуаят етілген хадиси құдсиде Алла Тағала айтады:

قال  رسول  الله  صلي  الله  عليه  وسلم    .*قال  تعالي  \ اْنا   عند  ظن  عبدي   بي   و اْنا  معه   حين   يذكرني   فان   ذكرني   في   نفسه   ذكرته   في   نفسي   و ان   ذكرني   في   ملاْ  ذكرته    في   ملاْ  خير  منه   و ان   اقترب   الي   شبرا    تقربت   اليه  ذراعا  وان  اقترب   الي  ذراعا    اقتربت   اليه باعا   و  ان  اْتاني   يمشي   اْتيته   هرولة .*

«Мен Мені ойлаған пендеменмін және егер пендем Мені есіне алса Мен онымен біргемін. Егер пендем тек Мен жайында ойласа, Мен де тек ол жайында ойлаймын. Егер пендем Маған бір елі жақындаса, Мен оған бір білек жақындаймын. Ал егер пендем Маған бір білек жақындар болса, онда Мен оған бір құлаш жақындаймын. Егер пендем Маған қарай жүрсе, Мен оған қарай жүгіремін».

Расында, Алла Тағала осы хадиси құдисиде жәннаттың кілті адам баласының қолында екенін ескерткісі келеді. Егер біз Алла Тағалаға бойұсынсақ онда Алланың пендесіне берері шексіз. Алла Тағала біздің әр қайсымызға жүріп өтер жолдың кілтін біздің қолымызға беріп қойғаны жайында да хабардар еткісі келеді. Әрине, ол жол бір адамды жәннатқа апарады, ал екінші біреуді тозаққа апарады. Өйткені, адам баласы өз ықтиярымен екі жолдың бірін таңдайды.

Сол үшін егер сіз уәдені орындар болсаңыз Алла Тағала да орындайды. Егер Алла Тағаланы  еске алар болсаң, Алла Тағала да сені еске алады. Ал егер Алланың дініне жәрдем етсең, онда Алла Тағала да сізге жәрдем етеді.

Алла Тағала Құран Кәрімде Бақара сүресінің 40-шы аятында:

قال  تعالي  ** و اْوفوا   بعهدي   اْوف    بعهدكم  .**

«Уәдемді орындаңдар, Мен де серттеріңді орындаймын».

Келесі Бақара сүресінің 152 аятында:

قال  تعالي  **  فاذكروني    اْذكركم  .**

«Енді мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын…»

Мұхаммед сүресінің 7-ші аятында:

قال   تعالي  ** ان  تنصروا   الله  ينصركم   و  يثبت  اْقدامكم .**

«Әй, мүміндер! Егер Аллаға (дініне) жәрдем етсеңдер, Ол сендерге жәрдем етіп, табандарыңды бекітеді».

Олай болса, Алла Тағала иманның тізгінін өзіміздің қолымызға ұстатқан. Егер сіз өзіңізге Алла Тағаланың бір білек жақындағанын қаласаңыз, онда сіз Алла Тағалаға бір елі жақындасаңыз болды. Алла Тағала сізге бір білек жақындайды. Егер сен Алла Тағаланың өзіңе бір құлаш жақындағанын қаласаң, онда оған бір білек жақындасаң болғаны, Алла Тағала сізге бір құлаш жақындайды. Егер сен Алла Тағаланың өзіңе жүгіріп жақындағанын қаласаң, онда Алла Тағалаға қарай жүрсең болғаны, Алла Тағала сізге қарай жүгіреді. Біздің ықыласымыз Аллаға деген қаншалықты болса, Алла Тағаланың бізге деген ықыласы да сонша болмақ.

Расында, Алла Тағала бізден күніне 5 мәрте алдына келіуімізді талап еткенімен, басқа уақытта яғни қалаған уақытымызда алдына баруымызға тыйым салды ма? Жоқ. Ғибадаттың есігін айқара ашып қойды.

Пендесі қай уақытта, қашан ғибадат еткісі келсе, есік ашық.

Сен күнделікті өміріңде егер бір үлкен бастықпен жолығар болсаң, одан кездесетін уақытты сұрайсың. Мүмкін әлгі бастық кездесуден бас тартады. Ал бас тартпаса, онда ол кездесетін уақыт пен орынды тағайындайды. Сіз оған ештеңе айта алмайсыз. Тек кездесуге рұқсат бергеніне қуанасыз. Менің ол уақытта уақытым жоқ, басқа уақытта кездесейік деп те айта алмайсыз.

Ал, Алла Тағала болса өзінің пендесіне есігін айқара ашып қояды. Пендесі қалаған уақытта, қалаған жерде қандай жағдайда болсын Алла Тағаламен кездесе алады. Ондай болса  иманның тізгіні адамның қолында екен. Алла Тағала күнделікті 5 уақыт намаздың уақытын ғана белгіледі. Ал қалған уақыттары адам баласы Алла Тағалаға ғибадат етем десе қандай уақытта болсын Алланың есігі әрдайым ашық.

Алла Тағала пендесіне еріктілікті берді. Не нәрсенің кілті сол пенденің өз қолында. Егер сіз Алла Тағаланы жақсы көрген болсаңыз, онда Алла Тағала да сізді жақсы көреді. Мәида сүресінің 54-аятында:

قال  تعالي  **  يا  ايها  الذين  امنوا   من  يرتد  منكم   عن  دينه   فسوف

ياْتي   الله   بقوم   يحبهم  و  يحبونه …**

«Әй, мүміндер! Сендерден кім дінінен шықса, Алла Тағала жедел бір қауым әкеледі. Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді…»

Момындар Алла Тағаланы жақсы көрсе, онда Алла Тағала сол момындарды екі есе жақсы көреді. Осындай момындарды Алла Тағаланың жақсы көруінде шек жоқ. Алла Тағала осы жоғарыдағы аятта: «Алла Тағала жедел бір қауым әкеледі. Алла оларды жақсы көреді және олар да Алланы жақсы көреді…»

Осы аятта Алла Тағала Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмбетін мадақтап кетті. Олар Алланы жақсы көреді және Алла Тағала да оларды жақсы көреді деп.

Құран Кәрімге зер салсаңыз расында Алла Тағала өзінің жаратқан пенделерінің ішінен олардың осы дүниедегі істеген амалдарына байланысты бағзы бір адамдарды жақсы көреді. Олар жайында Құран Кәрімде Бақара сүресінің 195-ші аятында:

قال  تعالي **  و اْحسنوا  ان  الله  يحب   المحسنين .**

«Жақсылық істеңдер, расында Алла Тағала жақсылық істегендерді жақсы көреді».

Бақара сүресінің 222-аятында:

قال  تعالي  ** ان  الله  يحب   التوابين  و  يحب   المتطهرين .**

«Шексіз Алла Тағала тәубе етушілерді жақсы көреді, әрі таза болушыларды да жақсы көреді».

Ал-Ғимран сүресінің 76-шы аятында:

قال  تعالي  **فان  الله  يحب  المتقين .**

«Расында Алла Тағала тақуаларды жақсы көреді».

Ал-Ғимран сүресінің 146-шы аятында:

قال  تعالي ** و  الله   يحب  الصابرين .**

«Алла Тағала сабыр етушілерді жақсы көреді».

Ал-Ғимран сүресінің 159-шы аятында:

قال  تعالي **  ان  الله   يحب   المتوكلين .**

«Негізінен Алла Тағала тәуекелшілерді жақсы көреді».

Маида сүресінің 42-ші аятында:

قال  تعالي **  ان  الله  يحب  المقسطين .**

«Әлбетте Алла турашылдарды (әділет) жақсы көреді».

Осы жоғарыдағы аяттарға амал істеген адам, әрине Алланың сүйіспеншілігіне лайықты болады.

Алла Тағала Ағраф сүресінің 56-шы аятында:

قال  تعالي **  ان  رحمة  الله  قريب  من  المحسنين .**

«Расында ізгі амал істеушілерге Алланың рахметі жақын».

Расында, Алла Тағаланың рахметіне жақындау адамның өз қолында. Егер, сіз жақсы амал істесеңіз, онда Алла Тағаланың рахметіне бөленесіз. Осылай ізгі амалыңыз арқылы Алла Тағалаға жақындайсыз.

Сіз Алла Тағала үшін жақсы амал істеген болсаңыз, онда Алла Тағала оны екі есе етіп қайтарады. Алла Тағала Жүніс сүресінің 26-шы аятында:

قال  تعالي **  للذين  اْحسنوا  الحسني  و زيادة  و لا  يرهق  وجوههم  قتر  و

لا  ذلة  اْولئك  اْصحاب  الجنة  هم  فيها  خالدون .**

«Сондай жақсы іс істегендерге жақсылық, әрі артығы да бар. Олардың беттерінде бір дақ не қорлық әсері көрінбейді, солар жәннаттық. Олар онда мәңгі қалады».

Жоғарыдағы аяттағы «жақсылық» деген сөз ол жәннат – дегенді білдіреді. Яғни Алла Тағала айтады:«Сондай жақсы амал істегендерге жәннат бар» дейді. Ал«әрі артығы бар» деген сөздің мағынасы тәпсір ғалымдарының айтуынша ол қиямет күні жәннат иелері Алла Тағаланы көруі – дейді.

Алла Тағала жоғарыда келтірген аятта «әрі артығы да бар» деген, егер біз Алланың тыйған нәрселерінен тыйылып, жақсылық істесек, онда Алла Тағала бізді тек жазадан ғана сақтамайды тағы жәннатқа кіргізеді. Бұл Алла Тағаланың бізге деген артықша жақсылығы.

Осыған мысал Ниса сүресінің 31-ші аятында:

قال  تعالي **  ان  تجتنبوا  كبائر  ما  تنهون  عنه  نكفر  عنكم  سيئاتكم  و

ندخلكم  مدخلا  كريما .**

«Егер сендер тыйым салынған нәрселердің үлкенінен сақтансаңдар, сендердің жамандықтарыңды жасырып, өздеріңді құрметті орынға кіргіземіз».

Алла Тағаланың «құрметті орынға кіргіземіз»дегені  жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бізге былай түсіндіреді.

Имам Муслимде 181 бет, Имам Ахмет 4 том 332-33 бет, Имам Тирмизиде Суһайб бин Снан риуаят етілді, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)  айтады:

قال  رسول  الله  صلي الله عليه  وسلم  .* اذا دخل  اهل   الحنة  الحتة  يقول

الله  تبارك  و  تعالي \  تريدون  شيئا  اْزيدكم  ؟   فيقولون  \  اْ  لم  تبيض  وجوهنا؟

اْ لم  تدخلنا  الجنة  و  تنجنا  من النار  ؟  قال  \  فيكشف  الحجاب  فما  اْعطوا  شيئا

اْحب  اليهم  من  النظر  الي  ربهم  عز  و  جل .**

«Жәннат иесі жәннатқа кірген кезде Алла Тағала айтады: «Жәннаттан басқа тағы не қалайсыңдар?» Жәннат иелері айтады: «Я, Раббымыз! Жүзімізді жарық етіп, оттан құтқарып, бізді жәннатқа кіргіздің емеспе. Осыдан артық не бар?» дейді. Сонда перде ашылып, жәннаттықтар Алланың жүзін көргеннен артық не бар».

Бақара сүресінің 284-ші аятында Алла Тағала айтады:

قال  تعالي  .**فيغفر  لمن  يشاء  و  يعذب  من  يشاء  و الله  علي  كل  شئ  قدير .**

«Сонда кімді (Алла) қаласа жарылқайды да, кімді қаласа азаптайды. Сондай-ақ, Алла Тағаланың барлық нәрсеге күші жетеді».

Осы жоғарыдағы аят тұрғысында кейбір ғалымдар айтады: «Алла Тағаланың адамды жарылқауы, сол адамның өзіне тікелей байланысты. Егер сіз Алланың жарылқауын қаласаңыз онда жақсы амалдар істеуіңіз керек. Сонда Алла Тағала сіздің өткен жамандықтарыңызды жақсылыққа алмастырады. Егер сіз Алла Тағаланың азабын қаласаңыз онда жақсылық істеме. (Әрине ондайды ешкім қаламайды)».

Алла Тағала бізге өзіне иман келтіруді бұйырған мезеттен бастап бізге ықтиярымыздың тізгінін өз қолымызға бергені жайында хабардар етті.

Алла Тағаланың пендесіне деген жұмсақтығы кең. Егер дұға етсең ол саған жақын. Жәрдем сұрасаң жәрдем аласың, жақсы көрсең саған жақындай түседі. Оның жолында садақа берсең малыңды жүз еселейді және ахиретте жәннаттық етеді. Я, Раббым десең жауапсыз қалдырмайды. Сіз оған қарай жүрсең, ол Алла саған қарай жүгіреді.

Алла Тағалаға әр уақыт шүкір айтып, оны еске алу (зікір ету) ол бірінші жүректе болуы керек яғни шүкір мен зікір тілде емес жүректе болуы керек.

Алла Тағала Бақара сүресінің 152-ші аятында:

قال  تعالي  ** فاذكروني  اْذكركم  و  اشكروا  لي  و  لا  تكفرون .**

«Енді, Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын және Маған шүкірлік қылыңдар да қарсы болмаңдар».

Алла Тағаланы барлық уақытта еске алып жүруіміз қажет. Алла Тағаланың сізге берген нығметтері мен фазилеттерін ұмытпай еске алыңыз да оған шүкір қылыңыз. Сонда Алла Тағала бізге әр нәрсені еселеп береді.

Имам Бухариде 64-81-ші хадис, Имам Ахмад 2 том 252, 359, 383-ші беттер, Имам Тирмизиде 3600-ші хадисті Абу Хурайрадан риуаят етілген.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтады:

قال  رسول  الله  صلي الله عليه  وسلم .* ان  لله  ملائكة  يطوفون  في  الطرق

يلتمسون  اْهل  الذكر  فاذا وجدوا   قوما  يذكرون  الله  تنادوا  \  هلموا  الي   حاجتكم فيحفونهم  باْجنحتهم  الي  السماء  الدنيا   قال \  فيساْلهم  ربهم  و  هو  اْعلم  منهم \  ما يقول  عبادي ؟  فيقولون \  يسبحونك  و  يكبرونك  و  يحمدونك  و  يمجدونك .  فيقول \ هل  راْوني؟  فيقولون \ لا  .  والله  ما  راْوك .   فيقول  سبحانه\  و كيف  لو راْوني  ؟ قالوا \ لو  راْوك  كانوا  اْشد لك  عبادة  و  اْشد لك   تمجيدا   و  اْكثر  لك  تسبيحا .  فيقول \  فما   يساْلوني ؟  قالوا\  يساْلونك  الجنة.  فيقول \ و هل  راْوها؟  قالوا \  لا والله  يا  رب ما  راْوها.   فيقول  سبحانه \  فكيف  لو  اْنهم  راْوها؟  يقولون\  لو  اْنهم  راْوها  كانوا  اشد عليها  حرصا  و اْشد  لها  طلبا  و  اْعظم  فيها  رغبة.   يقول  تعالي \  فمما  يتعوذون؟  يقولون \ من  النار.  فيقول \ و هل  راْوها؟  يقولون \  لا  و  الله  ما  راْوها.  فيقول \ فكيف لو  راْوها ؟ يقولون\ لو راْوها  كانوا  اْشد  منها  فرارا  و  اْشد  لها  مخافة.   يقول\ اْشهدكم اْني  قد  غفرت  لهم.   فيقول  ملك  من الملائكة \  فيهم  فلان  ليس  منهم  انما  جاء لحاجته.   فيقول   سبحانه \ هم  الجلساء  لا  يشقي  بهم  جليسهم  .*

«Алланың періштелері жерге түсіп, Алла Тағаланы еске алғандарды іздейді. Періштелер Алланы еске алған бір қауымды көрсе қуанып, олар үшін қанаттарын аспан мен жерге жаяды. Алла Тағала бәрін білуші, бірақ періштелерден сұрайды: «Менің құлым не айтты?» деп.

Періштелер айтады: «Олар сені пәктеді, ұлықтады және мадақтады» дейді.

Алла Тағала айтады: «Олар мені көрді ме?»

Періштелер: «Жоқ. Я, Раббымыз, олар Сізді көрмеді».

Алла Тағала айтады: «Мені көрмеген болса қалай Мені пәктеп мадақтайды?»

Періштелер: «Егер олар Сізді көрсе оданда көбірек мақтаулар мен мадақтау айтар еді».

Алла Тағала: «Олар Менен не сұрайды?»

Періштелер: «Сізден олар жәннатты сұрайды».

Алла Тағала: «Олар жәннатты көргенбе еді?»

Періштелер: «Жоқ, олар жәннатты көрмеген еді»

Алла Тағала: «Олар жәннатты көрмеген болса қалай сұрайды?»

Періштелер: «Егер олар жәннатты көрген болса, жәннатты бұдан да қаттырақ қызығып сұрар еді».

Алла Тағала: «Олар неден құтылуды сұрайды?»

Періштелер: «Олар оттан құтылуларын сұрайды».

Алла Тағала: «Олар отты көргенбе екен?»

Періштелер: «Жоқ, олар отты көрмеген еді».

Алла Тағала: «Егер олар отты көрмеген болса қалай оттан құтылуды сұрайды?»

Періштелер: «Егер олар отты көрген болса оттан бұдан да қаттырақ қашып, бұдан да қаттырақ қорқар еді».

Алла Тағала: «Сендерді куәгер етемін мен олардың күнәсін кешірдім». Сонда періштелердің ішінде бір періште айтады: «Олардың ішінде бәленшеке олармен бірге отырғанымен Сізді пәктемеді және Сізді мадақтамады ол өзінің жеке қажеті үшін ғана келді» – дейді.

Алла Тағала: «Олармен бірге отырғандар қияметте бақытсыз болмайды».

Міне, Алла Тағаланың пендесіне деген кеңшілігі. Алланы мадақтап, пәктеген топтың ішінде өзінің қара басының ісімен сол жерге келген адамды да Алла Тағала кешірім жасады.

Алла Тағала барлығымызға қиямет күні осындай кешірім жасауына нәсіп етсін!

ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша 
өкіл имамы Ержан  Малғажыұлы
Семей қаласы