Адамзаттың абзалы
Жақында ауданымыздың мәдениет үйінде күллі адамзатқа рахмет ретінде жіберілген, расында дұрыс жолға бастап, барша мұсылман қауымының негізін қалаушы Мұхаммед (с.ғ.с) туған күні ауқымды түрде аталып өтті. Ислам дінінің моральді өнегелік және діни құқықтық ережелері мен принциптерінің бекуі тікелей соңғы пайғамбарымызбен(с.ғ.с) байланысты болуына орай жиналған жамағатқа пайғамбарымыздың өмірі мен тарихы жайында үлгі-өнеге аларлық қысқаша видеороликтер көрсетіліп, деректерге толы мысалдар айшықталды. «Адамзаттың абзалы» атты діни танымдық шара барысында ауыл имамдары мен жастары пайғамбарымызға салауат айтып, аудандық мәслихат хатшысы Қаленбек Қарашев жиналған көпшілікті әлемдік деңгейі биік мерекелі де берекелі күнмен құттықтап, ауданымыздағы жұмыс жасап тұрған 32 мешіт береке-бірлікпен ұйымшылдықты ту етіп, айрандай ұйыған тыныштығымыздың негізіне үлес қосып жатқандарын айтып, жиналған көпшіліктің дендеріне саулық, бастарына амандық, береке-бірлік тіледі. Әрі қарай Қаленбек Бақтығазыұлы дін саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттау, өңірдегі дінаралық келісімді нығайту және жастардың рухани дамуына ықпал етудегі ауыл имамдарының нәтижелі жұмыстары үшін аудан әкімі Серік Зинабекұлы Зайнулдиннің «Алғыс хатымен» Нұрзат қажы Қасымұлы, Медет Ырысбаев,Бейсен Қожамсейтов, Айбол Байғалиевтар марапатталды.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) мейірімінің ұшқынын бір сәтке көруге арман етіп келген жұртшылықтың қарасында шек болмады. 40 жасқа жеткенде пайғамбарлықтың міндеті жүктеліп, қараңғылықтың түңдігін серпіп ашар ұлы нұрды көшбастаушы еткен расулуллаҺ әлемді өзгертетін ұлы көште Әбу Бәкір (р.а) серік болып, алып сахарада даналығының арқасында көптеген жағдайлардың шешімін тапқанын. Осыған орай аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері «баламен қауышу», «арақтың азғыруы», «адасқандар» сынды қойылымдары мен «Тәубә» монологын қалың көпшілікке жеткізіп, имандылық иірімдеріне толы әндерін арнады.
Шара соңында аудандық мешіттің бас имамы Нұрзат қажы Қасымұлы мен Мақаншы ауылдық мешітінің имамы Ұлан Жұмақанов пайғамбарымыздың сара жолынан сыр шертіп, тыныштық пен бейбітшілік тілеп, «Даналық бұлағы» атты кітапты Қаленбек Бақтығазыұлына табыс етті. Сонымен қатар, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанат Андосова мен аудандық мәдениет үйінің басшысы Майра Кебісбаева, мәдениет үйінің ұжымына мәуліт мерекесіне қосқан үлесі үшін «Алғыс хатпен» марапаттап, жиналған жамағатқа алғысын білдірді.
Үржар аудандық мешітінің баспа сөз қызметі